Қай кезеңде болса да кез келген тірі жан иесінің генетикалық жағынан азғындауы ұрпағына өлшеусіз қасірет әкелетіні уақыт сынынан өтіп дәлелденген тарихи шындық. Адам болса да, аң болса да бәрібір. Мұның алдын алмаса «көш жүре түзеледі» деген қазақи бейғамдықтың соңы күмәнді тірлік…
Кеңес өкіметінің дәуірі жүріп тұрған кездері ұлтаралық неке саясаты қатты белең алып, халқымыздың өзіндік генофондына аяусыз залалын тигізгені өтірік емес. Өзін өсірген халықтың тілінен, ділінен, дінінен, тінінен біржолата айырылған мың-сан бейбақ «дүбәра метис» атанып, әрі-сәрі күй кешті. Тіпті, өзінің қай ұлтқа жататынына да күмәнмен қарап, дал болғандары қаншама. Жаппай орыстану, үстем ұлттың тіліне, мәдениетіне бас-көз жоқ көшу, дұрысырағы, көтензорлықпен көшіру – халқымыздың күллі рухани келбетін 180 градусқа өзгертіп жіберуге шақ қалды.
Бұл оқиға Украинаның алыс бір деревнясында болған екен. Мұндай сирек кездесетін құбылысты күнделікті ақпарат құралдары сан-саққа жүгіртіп жазды. Қазір де жазып жатыр. Сондағы бір зообақтағы «Багира» атты ана жолбарыс күшіктегенімен сүті шықпай қиналыпты. (Негізі жолбарыстың ұрғашысын — таутан, күшігін — алан деп атайды). Не істерлерін білмей бастары қатқан зообақ қызметкерлері ақыры көздерін аша қоймаған күшіктерді жаңа туған мегежінге (шошқаның ұрғашысы) теліпті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесіңнің» кері осы жерден басталса керек. Сонымен «шошқа шешесінің» сүтіне әбден мелдектеп тойған «шерінің шерлі перзенттері» айналасы бір айдың ішінде-ақ домалаңдап жұтынып шыға келді дейді. Өскені жақсы-ау, бірақ, мұның орны толмас күйігі кейіннен білінді. Сонымен бір ай өткен соң енді қатарға қосылып кетеді, ікетілді ғой деп әлгі үш күшікті аналарына табыстайды.
Біреуге қызық, келесіге шыжықтың көкесі осы жерде бас көтереді.
Сөздің қысқасы, тумысынан текті, үстіне қылшық жуытпайтын таза, сыпа, тәкаппар ана жолбарыс «шошқа сасыған» күшіктерін көргенде еміренбек түгілі алты қарыс азуын қарш-құрш шайнап ызалана аласұрыпты. Күндей күркіреген шері «іштен шыққан шұбар жыландарының» доңыз сықпытты пошымына қаны қарайып, темір торды тесіп өтердей жанұшырады. Ал, әлгі ешнәрседен хабарсыз бейбақ күшіктер болса аналарының мұншама долданғандарына бір сәт те мән бермей «ішкенге мәз, жегенге тоқ» мегежін құсап беймарал… Құдая тоба, құдды доңыз құсап тыпың-тыпың жортақтап безіп жүр дейді. От шашқан алмас жанардан, ешкімнен қайтпас жүректен, қаһарлы қарастан жұрнақ та жоқ. Құлағы шошқадай жығыла салпиған міскіндеріне қаны қарайған ана жолбарыс ақыры істерін істеп тыныпты. Кінәсі жоқ десек те, асыл тегі, дегдар қасиеті жоғалған «іштен шыққан шұбар жыландарының» қолын қол, бұтын бұт қылып пәршек-пәршегін шығарып бір-ақ тоқтапты.
Аң екеш аң түгілі түп негізін, ұлтын жоғалтқан арлы азаматтардың қандай күй кешетінін мына бір мысалмен дәйектемекпін.
Қазақтан шыққан тұңғыш диссидент, арқалы ақын апамыз Парижде Нора Омарова бір кездері:
Азиятство как ток, в крови,
Русопятство как, свет любви.
Разделенные пополам,
Я, не здесь,
И, увы не там, — деген зарлы өлеңін жазып еді. Е қазақ емес, е орыс емес боп айдалада қалған апамыздың жанайқайы еді, бұл шыңғырыс… Өз ұлтына тән барлық рухани құндылықтардан жұрдай болып, «екі кеменің басын ұстаған жан» осылай өкінбегенде қалай өкінеді?
Адам баласы көбіне-көп өзіне тән астамшылықпен «бізден басқада ақыл-ес, сезім жоқ» деп жатады, өкінішке қарай.
Көзінен де, көкейінен де қанды жас аққан қайран ана жолбарыс апталап нәр татпай ыңырана ызаланып жатып, құсадан көз жұмыпты.
Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ.