Құрметті оқырмандар! Адам папиллома вирусы (АПВ) – қоғам денсаулығына елеулі қауіп төндіретін мәселе. Бұл сұхбатта біз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық саланың басшысы, білікті маман Ерлан Амангелдіұлымен бірге АПВ-ның ағзаға әсері, оның берілу жолдары және алдын алу шаралары туралы жан-жақты талқылаймыз. Әсіресе, жатыр мойны обырының алдын алуда маңызды рөл атқаратын вакцинацияның тиімділігі мен қауіпсіздігі жайлы мәлімет береміз. Сұхбат еліміздегі қыз балаларды қорғауға бағытталған екпе жұмыстарының маңыздылығын түсіндіріп, әрбір азаматты денсаулық мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Оқып, ой түйіп, жақындарыңызбен бөлісіңіз.
Тілші: Ерлан Амангелдіұлы, қазіргі қоғамда түрлі инфекциялық аурулар туралы жиі айтылып жүр. Соның ішінде адам папиллома вирусы (АПВ) өзекті мәселеге айналды. Бұл вирус жайында қарапайым оқырманға түсінікті етіп айтып берсеңіз. АПВ дегеніміз не және оның адам ағзасына қалай әсер ететінін білгіміз келеді.
Е.А.Рысқұлов: Адам папиллома вирусы (АПВ)-теріні және дененің әртүрлі шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. Ағзаға вирустың 16, 18, 31, 33 типті штамының ұзақ уақыт әсер етуінен жатыр мойны дисплазиясына және одан да ауыр ауруға – жатыр мойны обырына әкелуі мүмкін. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады.
Тілші: АПВ-ның таралу жолдарына тоқталып өтсеңіз. Бұл вирус адамдарға қалай беріледі және оның алдын алу үшін қандай сақтық шараларын қолдану қажет?
Е.А.Рысқұлов: Адам папиллома вирусы адамдарға келесі жолдармен беріледі:
Тұрмыстық жанасу жолымен, яғни терідегі жарақат, зақымданулар арқылы аурумен жанасқан жағдайда, жыныстық жолымен, бұл жағдайда вирустың онкогенді типтері жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады. Тікелей, вирус анадан сәбиге оның босану жолдары арқылы, бұл жағдайда сүйелдер көбінесе нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.
Тағы бір жұғу жолы өзі өзіне жұқтыру, яғни қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне ауысу.
Тілші: Бұл вирустың ағзаға тигізер қауіпі қандай? Адам папилома вирусы қандай ауруларды тудырады, оның қауіпті салдары туралы айтып өтсеңіз.
Е.А.Рысқұлов: Вирустың кейбірі адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. Ағзаға вирустың 16, 18, 31, 33 типті штамының ұзақ уақыт әсер етуінен жатыр мойны дисплазиясына және одан да ауыр ауруға – жатыр мойны обырына әкелуі мүмкін. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. Вирус жиі жатыр мойнын зақымдайтындықтан біздің қыздарымыз бен болашақ аналарымыздың денсаулығына қауіп төндіруі әбден мүмкін.
Тілші: Адам Папиллома Вирусы (АПВ) қаупінен қорғанудың ең тиімді тәсілі қандай? Елімізде АПВ-ға қарсы екпе салудың маңызы неде және бұл екпе әйелдердің репродуктивті денсаулығына қалай әсер етеді?
Е.А.Рысқұлов: АПВ-дан сақтанудың ең тиімді жолы – профилактикалық вакцинация. Бұл жатыр мойны обырының алдын алуға мүмкіндік береді. Елімізде АПВ-ға қарсы екпе салудың маңызы өте зор, себебі қазіргі таңда АПВ-дан ем жоқ. Вакцина жатыр мойны обырының және басқа да онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар жатыр мойны обырының дамуының басты себебі – АПВ жұқтыруы екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ал вакцинаның әйелдердің репродуктивті қызметіне кері әсері жоқ, бедеулікке алып келмейді. Бұл көптеген жылдар бойы жүргізілген халықаралық клиникалық зерттеулермен дәлелденген.
Тілші: АПВ вакцинасын кімдерге жүргіземіз?
Е.А.Рысқұлов: Дүниежүзілік Денсаулық Ұйымының онкологтардың ұсыныстарына сәйкес 9-14 жас таңдалған. Себебі осы жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, себебі тұрақты иммунитет қалыптасады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сай, ДДҰ ұстанымын және елімізде халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың ұлттық технологиялық консультациялық тобының ұсынысымен 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жоспарланып, 4 валентті (4 типінен қорғайтын) Гардасил вакцинасымен егілуі жұмыстары жүрізілуде.
Тілші: АПВ-ға қарсы вакцинацияның тиімділігі мен жүргізу тәртібі қандай? Вакцинациядан кейінгі жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері бар ма?
Е.А.Рысқұлов: АПВ-ға қарсы вакцинация жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді әдісі болып табылады. Бұл вакцина қауіпсіз. Вакцина салынған жердің қызаруы немесе ісінуі, сондай-ақ жеңіл бас ауруы сияқты жанама әсерлер болуы мүмкін, бірақ басқа елеулі теріс реакциялар тудырмайды.
Біздің елімізде вакцинация білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде ұйымдастырылып жүргізілмек. Бұдан бөлек ата-аналарының қалауы бойынша қыздарға вакцинация жергілікті емханада жүргізіледі. Вакцинаға қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарауынан кейін ата-анасының немесе қамқоршысының ақпараттандырылған келісім алғаннан кейін салынады. Вакцина дельта тәрізді иық бұлшық ет ішіне енгізіледі. 6 ай аралықпен 2 рет қайталанып жүргізіледі.
Тілші: Ерлан Амангелдіұлы, алтын уақытыңызды бөліп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы саласында жұмыс жасап, адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жөнінде жемісті әңгімеңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Е.А.Рысқұлов: Редакция ұжымына және құрметті оқырмандарға алғысымды білдіремін. Ауырмай, аман-сау болыңыздар. Өз денсаулығыңызға және жақындарыңыздың денсаулығына немқұрайлы қарамаңыздар, денсаулықтарыңызды күтіңіздер!
Сұхбаттасқан:О.Мұратов.