Otyrar Alqaby
Білім

География және экология: Табиғатты сақтау – ортақ міндет

Жер шарының әрбір бұрышы таби­ғаттың қайталанбас туындысы бо­лып табылады. Адамзат ғасырлар бойы табиғи ресурстарды пайдаланып, өрке­ниетін дамытты. Бірақ бұл прогресс табиғи тепе-теңдікке айтарлықтай кері әсерін тигізіп, экологиялық мәселе­лердің күрделенуіне әкелді. География ғылымы табиғат құбылыстарының орна­ласуы мен олардың өзара байланысын зерттей отырып, экология саласында туындайтын мәселелерді шешудің нақ­ты жолдарын ұсынады.
Экология тірі организмдердің қор­шаған ортамен байланысын зерттесе, география табиғат пен адамның өзара әрекетін кеңістіктік тұрғыда қарас­тырады. Осы екі ғылымның тоғысқан жерінде экологиялық проблемаларды шешудің тиімді жолдары қалыпта­сады. Орманның азаюы, мұхиттардың ластануы, климаттың өзгеруі сияқты мәселелер тек экологиялық қана емес, географиялық тұрғыдан да терең зерт­теуді қажет етеді. Географтардың жұ­мысы осы өзгерістерді картаға түсі­ріп, олардың кеңістіктегі ықпалын анықтауға және қоршаған ортаны сақтау шараларын негіздеуге бағытталады.
Қазақстан экология саласындағы проблемалардан тыс қалған жоқ. Семей полигоны, Арал теңізінің тартылуы, Каспий аймағының ластануы, ауа мен судың сапасының нашарлауы сияқты мәселелер еліміз үшін өзекті болып отыр. Бұл проблемалар тек біздің мемлекетке ғана емес, жаһандық экожүйеге де әсерін тигізеді. Географтар мен экологтар бұл құбылыстардың себептерін саралап, олардың салдарын азайтуға арналған кешенді шешімдер ұсынады. Мысалы, Арал теңізінің тартылуын тоқтату үшін су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтады. Сондай-ақ Каспий теңізінің биоәртүрлілігін сақтау, өнер­кәсіптік қалдықтардың көлемін азайту және баламалы энергия көздерін дамыту – Қазақстанның географиялық-экологиялық басымдықтарының бірі.
География тек экологиялық мәселе­лерді анықтап қана қоймай, оларды шешуге мүмкіндік беретін құралдарды да ұсынады. Климаттық карталар арқылы аймақтық өзгерістерді болжау, табиғи апаттардың ықтимал аудандарын анықтау, баламалы энергия көздерін орналастыру үшін қолайлы жерлерді табу сияқты зерттеулер – осының айқын дәлелі. Қазіргі замандағы ғылыми технологиялар географияны экологияны сақтаудың негізгі кілтіне айналдырып отыр.
Табиғатты сақтау – бұл тек ғалым­дардың ғана емес, әрбір адамның міндеті. География мен экология сала­сындағы зерттеулерден туындаған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қоғам болып әрекет ету қажет. Табиғат – бұл адамзаттың ортақ байлығы, оны қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы біздің бас­ты жауапкершілігіміз. Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік – әлемдегі бей­бітшілік пен тұрақтылықтың негізі.

Рахматулла Салиев,
Шеңгелді шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі география пәнінің мұғалімі.

Пікір жазу