Otyrar Alqaby
КәсіпҚоғам

БАЛА БОЛАШАҒЫНА ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН КӘСІПКЕР

Адам баласының өмір жолы әртүрлі. Біреу үлкен қалада бизнесін дамытса, енді бірі ауылда өз ісін бастап, туған жерінің гүлденуіне үлес қосады. Осын­дай жүрегі кең, балажанды жан­ның бірі-көп балалы отбасында өсіп-өнген кәсіпкер, іскер азамтша Роза Шал­байқызы Қасымбекова. Ол 1971 жылы — 21 қаңтарда Кентау қаласында дүниге келген.1988 жылы мектеп бітірген соң дәрі­гер болсам деген алдына мақсат қой­ып, медициналық колледжге оқу­ға түседі. Одан әрі жоғары білім алу үшін Шымкет қаласындағы Дос­­­тық университеттінде оқуын жалғас­тырады. Аталмыш оқу ордасын бітірген шақта еліміз Тәуелсіздік алып, тарихта «90 — жылғы тоқырау» деп аталып кеткен кезеңге тап келеді. Дәл осы сәтте еліміздегі көптеген кәсіп­орындар мен зауыттар жұмысын тоқ­татып, көпшіліктің жұмыссыз қал­ып, жұмыс істейді дегендердің өзі 4-5 айлап жалақы алмайтын кезеңді бастарынан өткеріп жатқан еді. Заманның өзгергенін, қоғамның мүлде басқа арнаға бет бұрғанын бағамдаған Роза Шалбайқызы сол кезеңдегі еті тірі замандастары секілді кәсіпкерлікке бел буды. Басында шағын кәсіптен баста­ған ол бірте-бірте тәжірибе жинап, бизнес­тің қыр-сырын меңгере бастады. Алға­шында ауыл тұрғындарына қажет­ті өнімдер сатумен айналысты. Кәсіп­керліктегі табандылығы мен адалдығы оның ісін өрге домалатты. Бизнес саласындағы 27 жыдық ізденіс пен еңбекқорлық Роза Шалбайқызын көп­теген табыстарға жетеледі. Бірақ оның жүрегінде әрдайым балабақша ашу арманы жатты. Ол өз еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында та­лай қиындықты еңсеріп, бүгінде ауыл балаларына арналған «Тенгиз» деп аталатын 150 орындық заманауи бөбек­жай балабақшасын ашып отыр.
Қарапайым ауыл отбасында дүниеге келген бүгінгі кейіпкеріміз көпбала­лы отбасында өскендіктен, кішкентай кезінен жауапкершілік пен еңбектің қадірін біліп өсті. Анасының бала тәрбиесіндегі мейірімділігі мен қамқор­­лығы оған ерекше әсер етті. «Анам әрдайым балалардың болашағы жар­қын болуы үшін білім мен тәрбие маңыз­­­ды екенін айтатын. Сол сөздер менің жүрегімде мәңгі сақталып қал­­ды», – дейді кәсіпкер.
Ауылдағы аналармен сөйлескен сайын, олардың балабақша тапшылығы мәселесін жиі қозғайтынын байқады. Ана жүрегімен бұл мәселені терең түсінген ол, ауыл балаларына қолайлы жағ­дай жасау үшін балабақша ашуға бел буды.
Мемлекеттік қолдау бағдар­лама­ларын зерттеп, жергілікті билікпен бірлесіп жұмыс жасады. Көп ұзамай, балабақша салу үшін қажетті қаржы көздерін тауып, құрылыс жұмыстарын бастады. «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас екен.
Бүгінде 150 орындық екі қабатты балабақша ауыл балалары үшін үлкен қуаныш сыйлап отыр. Мұнда заманауи ойын алаңдары, дамы­тушы бағдарламалар, ыңғайлы жатын бөл­мелер қарастырылған. Балабақ­шаның ашылуы тек ата-аналар үшін ғана емес, ауыл экономикасы үшін де маңыз­ды болды. Себебі бірнеше адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Балабақша – тек тәрбиелеу мекемесі ғана емес, балаларға арналған екінші үй іспетті. Мұнда әр бала өз үйіндегідей жайлы сезінеді. Балабақшаның ішкі кеңістігі балалардың қауіпсіздігі мен дамуын ескере отырып жасақталған. Педаго­гикалық ұжым да ерекше қамқор­лықпен іріктелген, себебі ата-ана үшін әр баланың алаңсыз, бақытты бала­лық шақ кешуі маңызды.
Балабақшада инновациялық білім беру тәсілдері қолданылады. Балалар ойын арқылы оқып, шығармашылық қабілет­терін дамытады. Сонымен қатар, денсаулыққа пайдалы тамақтану, физи­­ка­лық белсенділік, психологиялық қол­дау да басты назарда.
Кәсіпкер әйел жетістігінің басты құпиясы – еңбекқорлық пен мейірім­ділік. Ол әрбір істі жүрекпен атқа­рып, қоғамға пайдасын тигізуді мақ­сат етеді. «Бизнестің ең үлкен жетіс­тігі – адамдарға пайда әкелу. Менің мақ­сатым – ауылдың гүлденуі мен бала­лардың бақытты болуы», – дейді Роза Қасымбекова ағынан жарылып. Ақиқатында балабақша тек ғимарат емес, ол — болашаққа салынған инвес­тиция. Осы жолда жасаған қадамы балалардың бақытты балалық шағы­на ғана емес, тұтас ұрпақтың бола­ша­ғы­на жарық сыйлайды. От­басы – адам өміріндегі ең маңызды құнды­лықтардың бірі. Өмірдің түрлі сынақ­тарында қол ұстасып, бірге алға ұмтыл­ған жандар ғана нағыз бақытқа жетеді. Осындай жарасымды жұптың бірі – кәсіпкер Роза мен оның асыл жары Мұхтар Сүлейменов. Роза мен Мұхтар 1997 жылы шаңырақ көтерді. Олар бір-біріне тірек болып, ортақ мақсаттарына бірге жетуді басты қағида ретінде ұстанды. Бүгінде бұл отбасы Мұхамеджан, Бекжан, Балжан және Тенгиз есімді үш ұл, бір қыз тәрбие­леп отыр. Мұхамеджан құқық қорғау органдарында еңбек етсе, Бек­жан кәсіпкер, Балжан дәрігер болса кенжесі Тенгиз 10 сыныпта оқиды. Бала­ларының бойына адалдық пен еңбек­­қорлықты сіңіріп, оларды өмірге сенімді, қайсар азамат етіп өсіруде.
Розаның өмірлік жары Мұхтар – мал шаруашылығымен айналысатын тәжірибелі кәсіпкер. Ол ауыл экономикасын дамытуға өз үлесін қосып, халықты сапалы өніммен қамта­масыз етуде. Мұхтардың қолдауы мен қамқорлығы Розаның кәсіпкерлік жолындағы сенімді серігіне айналды. Роза бала тәрбиесіне жастайынан ерек­ше көңіл бөліп, ауылдағы бүлдір­шіндер үшін сапалы білім мен тәрбие ордасын ашуды армандады. Бұл арманын жүзеге асырып, бой көтерген балабақшаға кенже ұлы Тенгиздің атын берді. Қазір бұл мекеме ауыл бала­ларының дамуына мүмкіндік беретін маңызды білім ордасына айналды.
Сүлейменовтер отбасы тек кәсібилігімен емес, өзара сыйластық пен мейірімділіктің жарқын үлгісімен де ерекшеленеді. Олар үшін басты байлық – отбасы, ал жетістік – маңдай термен келетін еңбек нәтижесі.
Роза мен Мұхтардың өмір жолы – кәсіп пен отбасынын үйлесімді алып жүруге болатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Бұл жанұяның өмір жолдары көпшілікке жігер беріп, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға талпыныс жасайтын жандарға шабыт сыйлайтыны анық.Роза Шалбайқызы бизнес бастаймын деген әйелдерге еш­қашан қорықпауға кеңес береді. «Қандай жағдай болмасын, өз мақса­тың­нан таймау керек. Егер шын жүрек­тен бір істі қаласаң, соған жету­дің жолын табасың», – дейді кәсіпкер.Бүгін­де ол тек кәсіпкер ғана емес, қам­қор ана, ауылдағы әйелдерге үлгі болар тұлға. Ауданымыздағы іскер әйелдердің көшбасшысы оның еңбегі мен бала тәрбиесіне деген сүйіспеншілігі ауыл­дың болашағына үлкен үлес қосып отыр­ғаны сөзсіз. Роза секілді іскер, қолы ашық, туған жеріне деген сүйіспеншілігі жоғары азаматшалар ортамызда көбейген сайын ауылымыздың ажары арта беретіні ақиқат.

Кәдірхан Маханбет.

Пікір жазу