Биылғы 29 науырызда жерлесіміз қаламгер, Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның қоғам қайраткері, Түркістан облысы мен Отырар ауданының Құрметті азаматы Көпен Әмірбек 75 жасқа толады екен. Ауданық газеттің алдағы саны сол сатира сардарына арналатын болыпты деген сөз ауылдан ауылға желдей есіп тарап жатты. Менің есіме өткен 2021 жылдың көктемі түсті. Сол күні Шәуілдірдегі Есенбей досымыздың үйіне Көпеннің келгенін естіп сыныптастар бас қосқан болатынбыз. Әңгіме барысында Көпен көксарайлық өнер жанашыры меценат Оразхан Жанысбековтің Мұрынқарақ тауында жатқан ұлт мақтанышы Алатау батыр мен Қарақ әулиенің басына құлыптас қойып, халықаралық ғылыми-танымдық конференция өткізгені жайлы ризалық пейілмен айтып отырды…
Өткенде шақыру қағазын алғам-деді Көпен. Тарихи тұлғалар Қарақ хан (Қарақ әулие) мен Алатау батырдың бастарына белгі тас орнатуға арналған жиынға шақырыпты. Іс шараның негізгі мақсаты-сан ғасырлық тарихымызда өз орнын қалыптастыра білген біртуар көсем тұлғаларды тарих сахынасына шығару. Конференцияны Оңтүстік Қазақстан облысының және Түркістан, Отырар аудандарының Құрметті азаматы, Халықаралық «Нағанай» қорының төрағасы Қанжігіт Сыздықұлы ашып, баяндамалар басталды. …Әсерленіп қайттым. Ғылыми конфернецияда сөйлеген ғұлама-ғалымдардың іліміне құлақ түріп, құштарлықпен тыңдадым. Жай жапсары беймәлім жаңа деректерді жадыма сақтап, жаттап алғандай болдым. Шымкент шаһарында тұратын ақын досым Ханбибі Есенқарақызына телефон шалып, алған әсерлерімді бөлістім. Заңгер-ғалым, Ұлттық заң академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ақылбек Исабеков «Оғыз тайпаларының саяси бірлестігін құрудағы Қарақ ханның Рухани кемелдігі мен ел басқарудағы тарихи тұғыры» тақырыбында баяндама жасағанын айттым. Одан кейін Жеңіс Жомарт РҺД доктор, тарих ғылымдарының кандидаты, «Күлтегін» ғылыми-зерттеу институттының директоры «Алатау батыр туралы шығыс тілдерінде жазылған деректерді зерттеудің маңыздылығы мен мүмкіндіктері» жайлы сөз етті. Доцент Бағдәулет Сыздықов «Мұрынқарақ — археологиялық — тарихи ескерткіші» тақырыбына терең тоқталды. Жапониядан келген тарихшы ғалым, РҺД доктор Ниномия Такашидің «Қазақ халқының ортағасырлық Батырлар институты мен Жапония самурайлары: ерекшеліктері мен ұқсастықтары» жайлы баяндамасы елді елең еткізді.Жапон ғалымы қазақ тілінде сөйлеп,қайран қалдырды. Түркиялық тарихшы ғалым Нуреттин Чакыр да «Оғыз мемлекетінің хронологиялық мәселелері»деген тақырыптағы баяндамасын мүмкіндігінше қазақ тіліне орайластыра жасап, ол да қошеметке бөленді. Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен Мұрынқараққа жапсарлас жатқан шардаралық ақын, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса баба рухын әспеттеп, жырдан шашу шашты. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған екі Қазыбек бар. Бірі-Қаз дауысты Қазыбек би, екіншісі осы Қазыбек Иса…. Батыр бабамыздың азан шақырып қойған аты-Әзғарап. Әкесінің аты Сабайдара. Атасының аты-Бесайдар. Ескендір, Хақназар деген екі ұл және екі қызы болған деседі. Хақназар Орбұлақ шайқасына қатысқан.Бейбарыс сұлтан Орбұлақ шайқасына 20 мың әскер жіберсе, Алатау батыр 40 мың сарбазын бастап келіп, басшылық жасағаны туралы дерек бар. Жалпы Алатау батырдың 1615, 1620, 1627 жылдары жоңғарларға қарсы жойқын ерлігі тарихи оқиға ретінде таңбаланып қалған. Әсіресе Жайық өзенінің Хазар теңізіне құяр сағасындағы қалмақтар мен қияан- кескі соғысы аңызға айналған. Екі жүз жылдан кейін Бөкей ордасында туып,жетпіс үш жасында қазіргі Ресейдің Астархан жерінде топырақ бұйырған атақты Құрманғазының бір күйі «Алатау» деп аталады.Кімге арналған? Құрманғазының барлық күйін зерттеп,анықтама жазған академик Ахмет Жұбанов «Алатау» күйінің шығу тарихына тоқтамаған. Тіпті болжамда жоқ.Жетісу жеріндегі Алатауға арнаған күйі ме? Олай дейін десек арқалы күйшінің бұл жаққа табан тірегені туралы дерек те кездеспейді. Тарихшылардың айтуынша Алатау батыр 1627 жылы Құрманғазының ауылындағы жоңғарлармен соғысында отыз жеті жасында шейіт болады. «Алатау» күйі аңызға айналған Алатау батырға арналған деседі. Бұл болжам қисынды… Сол конференцияда «Алқакөл» сұламаның тарихын бірінші рет естіп, таң қалдым. Қазіргі Солтүстік Қазақстанның Гүл-төбе Маманай өңірінде 1663 жылы дүниеге келіп жүз жасаған Қожаберген жыраудың арғы тегі-Орта Жүз Ашамайлы Керейдің Көшебе руының Таузар әулеті. 1723 жылы нәубетке ұшыраған Керейлер солтүстіктен оңтүстікке «ақтабан шұбырынды» боп келіп, Мұрынқарақ маңындағы Алқакөлге қоныстанады…. Алқакөл атауы ертедегі орыс саяхатшыларының картасында бар екен. Осы көлге келген керейлер аттарын қаңтарып,түйелерін шөктіріп тыныстапты. Ертесіне масқара! Ат-түйелері де, аш-жалаңаш адамдары да Алқакөлдің жағасында сұлаған күйі орындарынан тұрмай қырылып қалыпты. Себебі не? Көлдің суы ма? Әлде шөбі ме? Жұмбақ. «Алқакөл сұлама» сөзінің мән -мағынасы осылай екен. Орыстар арақ ішіп, мас боп, сұлап жатқандарды «алькагол» демей ме? Тіл мамандары орыстардың осы «алькагол» сөзін қазақтардың «Алқакөл сұламасынан» алған-ау деп те шамалайды. …Сол күні жиын да бітті. Етекке түсіп, елге қарай бет түзедік-дейді ол. Алыстаған сайын Мұрынқарақ тауы мұнартып қарайды. Мұнартып емес, мұң артып қарайтын сыңайлы.Әуелгіде солай сезіндім. «Шар болаттай шарт сынған, бабалардай мәрт туған баяғы қазақ бар ма?» деп тұрғандай. Баяғы қазақтар бар екен. Кім? Ол — Оразхан Кенжеғұлұлы Жанысбеков. Он жылдан бері осыншама іс шараның отын жағып, қазанын қайнатып бәйек боп жүрген азамат.Қазақ халқының қаймағы бұзылмаған қалпын сақтау үшін қара терін төгіп жүрген жігіт. Жекешелендіру жылдарында бір кәсіпкер Мұрынқарақ тауының 500 гектар жерін өз иелігіне айналдырып алса керек. «Айналайын –ау,бағзы заманнан бері бабаларымыздың дамылдап жатқан жері тарихи-археологиялық мәдени ескерткіш санатында емес пе? Қасиетті жерді қайтарыңыз!» десе, ол кәсіпкеріңіз көзін жұмып көне қоймапты.Енді қайтпек? Заңға жүгініп,соттың шешімі арқылы Мұрынқарақтың еншісіндегі 18 гектар тиесілі жерді қайтарып алды «Енді қалған 482 га жерді заң жүзінде өзімізге өткізіп, «Алатау батыр» қоғамдық қорының иелігіне береміз» дейді… ..Жолай сайын далаға қызыға қарап келеміз — дейді ол ойлы жүзін бізге бұрып.. Мұрынқарақ қырын қарап жатқан жоқ. Бағзы замандағы бабалардың әдет-ғұрып,салт-дәстүрін жалғастырып, ұлтты ұйытып отырған елдің еңселі ынтымағы мен ыстық ықыласына ырза болғандай «Мен мұндалайды»…. Біздер Көпен келген сайын оның әсерлі әңгімесінен рухани түлеп қалатынбыз. Бұл жолы да солай болды….Көпке дейін халқымыздың ардақты батыры Алатау бабамыздың қаһрман бейнесі көз алдымыздан кетпей тұрды… Енді міне Көпенсіз күндер, айлар жылжып, жылдар өтіп жатыр. Сол бір қайталанбас сәттеріміз сағынышқа айналарын, асыл достан айырлатынымызды ол кезде білген жоқпыз…
Осындай ой толқынысымен сыртқа шықтым. Айнала тып- тыныш. Тамылжып тұр. Манағы жел де басылған. Атақты ақын-жазушылардың туған күні бар да, өлген күні жоқ. Олардың ұмытылған күні-өлген күні дейміз. Расында да солай. Көзі тірісінде көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленіп, артына саф алтындай саралы дүние, ақық тастай асыл мұра қалдырған қаламгерлеріміз, өнерді өрге сүйреген өркешті тұлғаларымыз ел есінде. Ұлты үшін өмір сүргендерді ұлты ұмыта ма? Жоқ, Көпен елі бар да, қазақ барда ұмытылмайды деп табиғатта тербеліп тұрғандай көрінді.. Иә, Алатау батыр, Көпен, Оразхан …осынау Отырар оғландарының арасында көзге көріне бермейтін бір рухани байланыстың барын сезінгендей боласыз..
Файзулла Рахматулаұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Отырар ауданының Құрметті азаматы.