Otyrar Alqaby
КәсіпҚоғамМәдениет

АУЫЛДА ТҰРЫП-АҚ МЫҚТЫ КӘСІПКЕР АТАНУҒА БОЛАДЫ

Қазақстанда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған маңызды мемлекеттік жобалардың бірі болып табылады. 2010 жылы іске қосылған бұл бағдарлама уақыт өте келе жетілдіріліп, кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Оның басты мақсаты — кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, қаржылық қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында мыңдаған кәсіпкерлер өз істерін бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік алды. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, өңірлердің дамуына ықпал етті. Мысалы, Айгерім Жабатаева «SAPSAN» зияткерлік дамыту мектебін ашу арқылы жастардың интеллектуалдық дамуымен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алды. Айгерім 5 миллион теңге көлемінде грант қаражатын алып, жобасын жүзеге асырды, ал «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы оның жобасын сүйемелдеп, бизнес дамуына бағыт берген. Алдағы уақытта Айгерім Жабатаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өзінің кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да «Бизнестің жол картасы» мен Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен көптеген кәсіпкерлер жетістікке жетуде. Жұмабек Саддамхусейн Аграрлық несие корпорациясынан 5 миллион теңге көлемінде несие алып, 11 бас аналық жылқы сатып алу арқылы мал шаруашылығын дамытуда алғашқы қадамын жасады. Кәсіпкердің бұл шешімі ауыл шаруашылығының экономикасына үлкен үлес қосып, жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта Жұмабек Саддамхусейн көктемгі дала жұмыстарына несие алып, егін шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Бұл оның мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да дамытуға деген ниетін білдіреді. Мұндай қосымша қадамдар оның агробизнес саласындағы жетістіктерін арттырып, ауыл шаруашылығының әртүрлі секторларында жаңа мүмкіндіктер ашады.
Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қолдаулар кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік болып табылады. «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламалар кәсіпкерлікті дамытуға және инновацияларды енгізуге жағдай жасайды. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнес өкілдері өз жобаларын іске асырып, экономикалық өсуге ықпал ете алады. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің жұмыс орындарын ашуы, өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыруы экономиканың тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді.
Қорыта келе, «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлік бастамаларды қолдай отырып, еліміздің экономикасына үлкен үлес қосады. Ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларда кәсіпкерлік белсенділіктің артуы Қазақстанның экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

К.МАХАНБЕТ.


Пікір жазу