Otyrar Alqaby
ӘлемБілімҚоғамҚұттықтауМәдениетСаясатСпорт

Ұлыларды құрметтеу – ұлт болашағының кепілі

7 — Сәуір қажымұқан мұңайтпасовтың туған күні !

Ұлы Абай «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ» деген екен.
«Қазақ вальсінің КОРОЛІ» атанған Шәмші ағаны қазақ халқы қанша құр­меттесе де тірісінде үкімет тарапынан қол­дау көрмей, тіпті зейнетақы да алмай өмір­ден өтті. Өлген соң бәрі «дос» бола кетті.
Қазақ поэзиясының асқар шыңы, ең­бектері әлемнің 200-ден аса тілдеріне аударылып, 200 елдің оқулықтарына енген Мұхтар Шахановқа шет елдіктер беріп тұр­ған Нобель сыйлығын өзіміз бергізбей қой­дық. Арсыздар неше түрлі жала жауып, сүтке тиген күшіктей қылды. Өмірден өткен соң «бәріміз досы» болып шыға келетінімізге сөз жоқ.
Қазақ ғылымының атасы, әлем мойын­даған Ұлы Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің Отырардың тумасы екенін геолог Ақжан Машанов дәлелдеп, әлемге мойындатса да әлі күнге дейін «білім­ді арабтардан алды» деген сияқты жал­ған деректер ресми ақпараттардан өзгертілмейді.
Отан қорғаудың керемет үлгісін көрсе­тіп, әлемді мойындатқан, достары түгілі дұшпандары да ерлігін мойындаған Қайыр­хан бастаған Отырар қаһармандарын, моң­ғолдың Шыңғысханын қазақ қылмақ болып аласұрған арсыз топтың ыңғайына жығылып, аяққа таптап тастадық. Отырар қор­ғанысының 800 жылдығы ескерусіз қалды. «Бұған Н.Назарбаевтың қатысы бар» дейді білетіндер.
Ал әлемнің бес құрлығын аралаған, қазақтан шыққан тұңғыш жиһанкез, сол елдердің менмін деген бар алыптарының бас­тарын игізіп, жа­уы­рынын жерге тигізіп, қазақ халқының атын әлемге танытқан Қазақ спортының атасы, Қазақ даласының батыры, қазіргі қазақ жастарының сүйік­ті кумирі, қазақ спортшыларының жа­рыс­­­­­­қа түсер алдында сыйынатын пірі – Қажымұқан туралы жалған, масқара, қор­лау ақпараттар еліміз егемендік алған соң өрт­тей қаулады.
Қажымұқан палуанның мәңгілік меке­ніне айналған Темірланнан 40-ақ шақырым жердегі Шымкенттен шығатын «Зама­на» газетіне Қажы­мұқан палуанның медал­дарымен түскен әде­мі суретінің жанына «Киерге киім, ішерге асым жоқ» деп айқай­латып басқан масқара мақаланы да көрдік.
Ал Назарбаевтың қызы Дариға бас­қарған «Хабар АҚ» агенттігі шығарған «Тайны и судбы великих казахов. Каджи­мукан Мунайтпасов» атты фильм тіпті шектен шықты. Бұл фильмсымақта көзді бақырайтып қойып Қажымұқанды, онымен қоса бүткіл қазақ халқын ашық қорлайды. Фильм қазақтардың көнбістігіне, ғалым­дарының салғырт, сауатсыздығына, бас­­шы­лардың қорқақ, сатқындығына сүйе­­­ніп, дәлелсіз аузына келгенін құса бер­ген. Фильмнің авторы М.Бекбаева деген арсыз қатын Н.Назарбаевтың «дос­тығын» пай­­даланып, өзіне ештеңе де болмай­ты­нына, қазақтардың үнсіз төзе беретініне сенімді болса керек. Ағылшын комигінің «Боратына», Жири­новскидің қаншама қор­лауына үнсіз төзген қазақ, Назарбаев тірі тұрған­да өзіне ешкім сөз айтпайтынына сенімді болған сияқты.
Қажымұқан ата дүниеге келген ауылда туылып, кішкентайымыздан Қажымұқан туралы қаншама әңгімелерді естіп өскен біз Қажымұқанның бір­деңеден таршылық көргені туралы естімеген едік. Мынандай масқара фильмді көрген соң мен Қажымұқан атаның өмірін қайта зерттедім.
Қажымұқанды аш болды дегенді алғаш жазған ҚР Орталық мемлекеттік архивін басқарған Марат Хасанаев деген адам екен. Оның сондағы сүйенген деректері осы өзі басқарған архивтен табылған Қажы­мұқанның атынан жазылған екі хаттың орысша аудармасы ғана екен. Ол тіпті осы хаттардың түпнұсқаларын көрмеген де. 1945 жылы А.Қазақбаевқа жазылған хат­тың орысша аудармасын соңында ұлты орыс Борков деген орыс хатшы белінен бір-ақ сызғанын көріп, «бітті, Қажымұқан аш қалды» деген сарында мақала жазып, қуана-қуана жариялап жіберіпті. Осы мақала жүрегін рушылдық, жүзшілдік жау­лап алған ұятсыздарға жақсы бастама болыпты.
Мен осы М.Хасанаев басқарған архивте айлап отырып Қажымұқанның атынан жазыл­­­­ған төрт хаттың түпнұсқасын таптым. Бір хат араб әрпімен қазақ тілінде, екін­шісі латын әрпімен қазақ тілінде, екі хат кириллицамен қазақ тілінде жазылыпты. Қолтаңбалары әртүрлі. Кей жерлерінде, кон­верттерінде кириллицамен орысша жазыл­ған сөз­дер де бар. Бұл хаттарды әркімнің жазғанын білдіреді. Қажымұқан атамыз сауатсыз болған. Кей хаттарда Қажы­мұқан айтуы мүмкін емес сөздер де бар. Бұл осы хаттардың мазмұнын Қажымұқанның өзі білмегендігін көрсетеді.
Мен дәл осы архивтен үкімет Қажы­мұқанға 1946 жылдың шілде айынан бас­тап өзіне 500 сом, қазан айынан бастап бала­­­ларына 200 сом, барлығы 700 сом дер­­бес зейнетақы тағайындағанына толық құжат­тар таптым. Бұл сол кез үшін өте үлкен қаржы. Қажымұқанның өзі қайтыс бол­­ғанға дейін, балалары оқу орнын бітір­ген­­ге дейін жоғары зейнетақы алған екен.
Мен жазған 1) Дербес зейнетақы та­ғай­ын­­­далған Қажымұқан қалай аштыққа ұшы­райды? https://e-history.kz/kz/news/show/846/
2) ҚажыМұқанның хаттары https://e-history.kz/kz/library/read/25170/ атты мақа­лаларым интернетте әлі тұр. Бірақ, бұған қарап селт еткен ешкім болмады.
Бұл деректер 2021 жылы үкіметтің ше­шімімен Қажымұқанның 150 жылдығын тойлау кезінде бұрынғы Оңтүстік Қазақ­стан облысы(қазіргі Түр­кістан облы­сы мен Шым­кент қаласының) зиялы қауым өкіл­­­де­рі, қажымұқантанушы ғалымдар, палуанның ұрпақтары, Қажымұқанды көрген арда­герлер, баспасөз және телевидение өкіл­дері бас қосқан жиында талқыланды. «Қажы­мұқанның аш болғаны шындық қой» деген үлкен, елге танымал қария да шықты. Нақты, бұлтартпас дәлелдерді келтірген соң, шындық мойындалып, барлығы ортақ тоқтамға келген. Нәтижесінде сол жылы үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша «Күш атасы — Қажымұқан» атты кітап шы­ғарылған және «Айғақ ТВ» түсірген «Әлем мойындаған Күш атасы. Қажымұқан Мұңайтпасұлы» https://www.youtube.com/watch?v=wEpMaeJO2s атты документальді фильмі мен «Қазығұрт» киностудиясы түсірген «Алып күш иесі – Қажымұқан!» атты деректі фильмдер шығарылған.
Облыс көлемінде шындық оңай мойын­дал­ғанымен, республика көлемінде шын­дықты мойындату кезінде көп қиындыққа тап болдық.
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықоваға жазған екі хатымызды Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Д.Абаев ғалымдардың талқылауына салмай тоқтатып тастады. Сылтауы «Фильмді ғалымдар қолдайды» депті. Тек осы министр жұмыстан кетіп, орнына Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып Дар­хан Қыдырәлі келген кезде үшінші рет хат жаздық. Осы министрлік мамандары талқы­лау өткізгенде талқылауға фильмнің авторы М.Бекбаева да, «Хабар» агент­тігі» АҚ ының бір де бір маманы да, Д.Абаев «қол­дайды» деген ғалымдарының бір де бірі қатыспады. Бәрі де фильмнің жалған екенін, өздерінің оңбай жеңілетінін біліп, бастарын ала қашты. Талқылауға тек Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мамандары ғана қатысты. Біз оларға фильмнің жалған, зиянды екенін дәлелдеп, фильм жойылуға тиіс екенін мойындаттық. Бірақ, бұл ми­нист­рлік мамандары ештеңе шеше алмады. Біз енді президент Қ.Тоқаевтың өзі­не хат жазып, фильм жойылып, кінәлілер жаза­лануын сұрадық.
Осыдан кейін барып, ҚР Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі мамандары екінші рет онлайн байланысқа шығып, «Хабар» Агент­тігі»АҚ Басқарма Төраға­сының орынбасары Д.Ж.Жиенқұлов пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кешірім сұрап, фильм ресми ақ­парат көздерінен толық өшірілді.
Біз енді Ғылым және Жоғары Білім министрі Нұрбек Саясатқа хат жазып: «Қазақ халқының мақтанышы Қажымұқан пал­уанның осылай қор­лануына, қазақ хал­қының осындай қорлауға ұшырауына осы министрлік ғалымдары, Ш.Уәли­ханов атындағы республикамыздың бас тари­хи институтының директоры Зиябек Қабыл­­­динов кінәлі екенін, Д.Абаев З.Қабыл­­диновтың осы мас­қара фильмге бас сарап­шы болғанын айтқанын еске салып, жауап беруін» талап еттік.
Министрліктің ішіндегі сапырылыстың қандай болғанын, осы министрлік маман­дары бізге жауап беруді бірінен біріне лақ­тырып, 17 рет резолюция шығарғанын айт­сақ та жеткілікті шығар. Ақыры Ш.Уә­ли­ханов институтының директоры З. Қа­был­­диновтың жауабын негізге алып жауап берді. Онда: «…Институттың ақпаратына сәй­кес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен қызметі туралы фильмді дайындауға Институт басшылығы да, ғалымдары да сарап­шы ретінде тартылмады.
Фильм түсіру мәселелері Министрліктің құзыретіне жатпайтындығын атап өтеміз. Сон­дықтан Қажымұқан Мұңайтпасұлы тура­лы түсі­ріл­ген фильмге Министрлік қатыс­пағандығын баян­даймыз.
Институт мамандарының пікірлерін қосым­шаға сәйкес жолдаймыз.
Вице-министр К. Ақатов» деп жазыпты.
Ал З.Қабылдиновтың жауабы:
«…Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен қызметі туралы фильмді дайындауға инс­титут бас­шылығы да, ғалымдары да сарап­шы ретінде қатыс­қан жоқ. Сондықтан да фильмде көрсетілген мәселелерге институт жауап бермейді.
Директор З.Е.Қабылдинов» дейді
Сонда біздің алғашқы екі хатымызға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев пен Мә­де­­ниет және спорт вице-министрі А.Райым­­құловалардың жауаптарында «…ғалымдар З.Қа­был­динов, М.Керейбай, Ж.Имашевтар сарапшы ретінде тартылды» дегендері өтірік пе?
Екі министр өтірікші ме, әлде еліміздің бас тарихи институты Ш.Уәлиханов инсти­тутын бас­қарып отырған, ҚР Ғылым акаде­мия­сының кор­респондент мүшесі Зиябек Қабылдинов өтірікші ме, түсіне алмадық.
Біздің нақты білетініміз, З.Қабылдин­овтың өзі осы М.Бекбаеваның масқара филь­мінде 7 жерде сөй­леп тұрғанын қайда қоямыз.
Мен енді қолда бар барлық деректерді жи­настырып, Қажымұқан палуанның өмірі тура­лы «Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Аңыз бен ақиқат» атты еңбек жаздым.
Авторлардың басты мақсаты туғанына 2023 жылы 7 сәуірде 140 жыл, дүниеден өтке­ніне 2023 жы­лы 12 тамызда 75 жыл толған:
1)Қазақтан шыққан тұңғыш спортшы;
2)Қазақ даласының батыры;
3)Қазақ спортының атасы;
4)Күрестің үш түрінен әлем чемпионы ата­ғына қол жеткізген қазақ жастарының кумирі:
5) қазақ спортшыларының жарыс ал­дын­да сиынатын пірі — Қажымұқан Мұң­айтпасұлы Ернақ немересінің өмірбаянына қатысты шешілмей келе жатқан даулы мәселелерді шешіп, нүкте қою.
Еңбекте Қажымұқан өмірінің маңыз­ды кезең­дері бөлім-бөлімдерге бөлі­ніп, куәлердің нақты деректерімен дәлел­денген.
Әсіресе, соңғы кездері дауға айналған Қажы­мұқан өмірінің соңғы, қарттық кезеңі жан-жақты терең талданып, ғылыми дерек­­термен дәлелденген.
Қажымұқанның туған жылы туралы қате деректің пайда болуына себепкер болған да, өмірінің соңында «қазақтар қарамай қойды», «аш болды, жалаңаш болды», «мал қорада өкпесіне суық тиіп өлді» деген сияқты масқара деректердің пайда болуына себепкер болған да Қажымұқанға көмектесуді мақсат тұтқан жанашыр азаматтардың жазған екі хаты мен тұрақты зейнетақы тағайындау мәселесі болғаны еңбекте мұхият талдап көрсе­тілген.
«Қажымұқанға қартайғанда қазақтар қарамай қойды» деген айыптаудың жалған екенін Латыш елінің атақты палуаны Юхан Тиганенің естелігін, Темірландағы емхананың бас дәрігері болған Ахмет Бектаевтың естелігін, Қажымұқанның өз аузынан айтылған ризалығын келтірген Мұха­метжан РҮСТЕМОВтің әңгімесін, Ордабасы ауданы әкімінің тапсырмасымен көзкөргендерден зерт­теу жүргізген коммиссия деректерін келтіру арқылы әдемі көрсеткен.
«Аш болды» дегенге қатысты:
1) Сол хаттың өзінде айтылатын «10-15 отба­сына көмектесіп жүрген» Қажымұқан қалай аш болады;
2) Екі жыл өнер көрсетіп, ақша жиып, 1944 жы­лы отан қорғау қорына 100 мың сом ақша салып, ұшақ жасатқан;
3) 1945 жылы ұлан асыр той жасаған;
4) 1946 жылы Республикалық зейнетақы тағайындау комиссиясы Палуанның өзіне 500 сом, балаларына 200 сом, барлығы 700 сом дербес зейнетақы тағайындаған,
5) 1947 жылдың желтоқсан айында Арыстағы банкіге бір қап ақша ауыстырған Қажымұқан аш болуы мүмкін емес.
Темірланнан Қажымұқанға 1946 жылы үкі­мет салып берген бес бөлмелі, шиферлі үйде Қажымұқан екі жыл тұрғандығы, Қажымұқан қай­тыс болғаннан кейін де сол үйде ұрпақтары 58 жыл тұр­ғандығы суреттермен нақты көрсетілген.
Қажымұқанның қан қысымынан қайтыс бол­ғанын куәгерлердің деректерін жүйелей көрсетіп, сол кезде Темірландағы емхананың бас дәрігері болған Ахмет Бектаевтың дерегімен нақ­тылап жеткізген.
Еңбектегі ең бір маңызды дерек бұған дейін Қажымұқанға зейнетақы тағайындалмай қалды деген деректің қате екенін, Қажымұқанға Рес­публиканың А.Қазақбаев, Н.Оңдасынов сияқты бас­шылары жолын тауып, Қажымұқан тұратын Ақтөбе колзозынан жоғарыға қарай арыз жаз­дырып, дербес зейнетақы тағайындатқанын құжат­тармен нақты дәлелдеп берген.
Қазақ халқының атын әлемге танытқан Ұлы Палуан — Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазіргі Рес­публика жастарының сүйікті кумирі, қазақ спорт­шыларының жарыс алдында сиынатын пірі, көзі тірісінде тек қазақ халқының ғана емес, татар, өзбек, қырғыз, түрік халықтарының сүйікті палуаны болғаны, «мұсылманның бас балуаны» атанғаны нақ­ты деректермен қызықты баяндалған.
Осы еңбек еліміздің болашағы жастарды Ота­нын, елін сүюге, еліміздің адал патриоты болуға жетелейтін маңызы зор еңбек деп санаймыз.
Министр Нұрбек Саясатқа екінші рет хат жазып, осы еңбегімді министрлік ғалымдарының талқылауына салса дәлелдеп беруге дайын еке­німді, дәлелденген соң кітап қылып шығарып, Қазақстанның барлық институттарына таратуын сұрадым.
Жауап:
Құрметті Бекжан Кәленұлы!
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Сіздің өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі кеңейтілді.
Аталған академиялық дербестік аясында жоғары оқу орындары бюджеттен тыс қаржыландыру көз­дері есебінен білім беру процесін, зерттеулерді, тәрбиелік және әлеуметтік-мәдени қызметті қам­тамасыз ету үшін баспа және полиграфиялық қызметтермен айналыса алады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сіздің Қажымұқан Мұңайтпасұлының өміріне қатысты жаңа деректерді қамтитын еңбегіңізді басып шығару жөнінде ұсыныспен жоғары оқу орындарына тікелей жүгінуге болатынын хабарлайды.
Төрағаның міндетін атқарушы Б. Нарбекова
Ақыр соңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен жоғары оқу орындарынан осы ең­бекті кітап қылып шығаруға рұқсат алынды.
Соңында осы еңбек бұрынғы Оңтүстік Қазақ­стан(қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы) мем­лекеттік педагогикалық университетінің ғылыми кеңесінде қаралып, баспаға ұсынылған еді.
Жауап:
Бұл еңбектің Қажымұқан туралы бұрынғы еңбектерден ерекшелігі Ғылым және Жоғары білім министрлігі ғалымдарының тексеруінен өтіп, ғылыми кеңестің шешімімен жарық көрді.
Еңбекте: 1) Қажымұқанның туған жері Отырар ауданы, Шілік ауылдық кеңесіне қараған Қаратөбе ауылы екені нақты дәлелденген.
2) Қажымұқанның туған жылы бұрын жазылып жүргендей 1871 жыл емес, 1883 жыл екені дәлел­денген.
3) Қажымұқан өмірінде ештеңеден таршылық көр­мей, халқының құрметіне бөленіп өмірден өт­кені жан-жақты баяндалған.
4) Қажымұқанның толық өмірбаны жазылған.
Қазақ халқының тарихында әлемді мойындат­қан, жастарымызға мақтанышпен жыр қылып айтуға болатын Ұлы тұлғалар аз емес:
Отан қорғаудың керемет үлгісін көрсеткен Тұмар патшайым, Шырақ батыр, Шу батыр, Қайыр­хан бастаған Отырарлықтар;
Әбу Насыр әл-Фараби бастаған Отырарлық ғалымдар;
Дін саласында Бабтардың бабы Арыстанбаб;
Музыка саласында Әбу Насыр әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов бастаған Отырар, қаңлы музы­канттары;
Поэзияда еңбектері 200-ден аса тілге аударыл­ған М.Шаханов және т.б.;
Спорт, туризм саласында қазақтан тұңғыш болып әлемнің бес құрлығын аралап, басы барды идіріп, иығын жерге тигізіп, қазақ халқының атын әлемге танытқан қазақ спортының атасы Қажы­мұқан палуандарды жырлайтын қаншама том-том дастандар жазуға болар еді.
Әттең, … егемендік алғанымызға 34 жыл өтсе де Ұлттық идеология саласының кері кетіп тұрғаны.
Халқымыздың «Болатын елдің жігіттері бірін бірі Батырым дейді», «Батаменен Ер көгерер», «Отан үшін отқа түс, жанбайсың» сияқты даналық өсиеттері қаншама.
Адамның бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет — өз Отанына, өз халқына, өз халқының абыройын асырған Ұлы Тұлғаларға деген махаббат.
Ұлыларды құрметтеу – ұлт болашағының кепілі!

Бекжан Кәленұлы Бейсенбай,
Отырар ауданының құрметті
азаматы, Отырартанушы.

Пікір жазу