Otyrar Alqaby
Білім

Білім сапасын көтерудің негізі — озат тәжірибе алмасу

Білім беру саласы үнемі даму мен жаңашылдықты талап етеді. Заманауи қоғамның сұраныстарына сай білікті, шығармашыл әрі жан-жақты ұстаз – сапалы білімнің негізі. Ұстаздың кәсіби өсуі тек жеке дамудың көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар оқушылардың білім сапасына, мектептің беделіне және жалпы білім беру жүйесінің жетістігіне әсер ететін маңызды фактор.
Қазіргі таңда біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, шеберлік сыныптары, тәжірибе алмасу платформалары мұғалімдердің кәсіби деңгейін жетілдірудің негізгі құралдарына айналды. Бұл процесте білім беру саласындағы инновациялар мен озық педагогикалық тәжірибелерді меңгеру ерекше рөл атқарады. Осы мақалада ұстаздардың кәсіби өсуінің маңызы, оның оқыту үдерісіне әсері және тиімді дамыту жолдары талқыланады.
М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 21 қараша 2024 жылғы әдістемелік көмек күні аясында «Мектептен мектепке» жобасы бойынша біздің мектептің бірнеше пән мұғалімдері қатысты. Осы шараға мектептен М.Ахмет, М.Тастемір, К.Нұрбекова, Р.Раманқұлова, Ә.Сериева, Г.Исаева, А.Кенжеева, А.Рысбай, Ж.Төлегенова, М.Мыл­тықбай, Ж.Канаева, І.Әжі­бекова, Н.Қырықбаева, Б.Мақаш сынды ұстаздар өз тәжірибелерін ортаға салды.
Мұхтар Шаханов атындағы мектепте тәжірибе алмасу барысында біздің мектептің ұстаз­дары жаңа интеллект жүйесіне негізделген сабақтар өткізді. Бұл әдістемелік күн оқыту процесіне заманауи технологияларды енгі­зу, оқушылардың шығармашылық қабі­лет­терін дамыту және сыни ойлау дағ­дыларын қалыптастыруға бағытталған ерекше шара болды.
Мұғалімдер жаңа интеллект жүйесін қолдана отырып, оқыту әдістерін жетілдіруді және оқушылардың қызығушылығын арттыруды мақсат етті. Әр сабақта білім беру үдерісі ин­терактивті құралдармен, ин­новациялық тәсілдермен то­лықтырылып, оқушылардың бел­сенді қатысуына негізделді. Бұл сабақтарда оқушылар теорияны тек меңгеріп қана қоймай, оны тәжірибе арқылы қолдану мүмкіндігіне ие болды.
Олардың арасында бастауыш сынып мұғалімі Р.Раманқұлова 4 «в» сыныбында «Үш сандарға көбейту алгоритмі» тақырыбында сабақты цифрлық визуализация арқылы өткізіп, оқушыларға есептерді шешуді жеңілдететін жаңа тәсілдерді ұсынды. Сабақ барысында оқушылар жаңа әдіс-тәсілдер арқылы үш санды көбейту процесін түсініп, есеп шығаруда өздерінің дағдыларын шыңдады. Мұғалім сабақты қызықты етіп ұйымдастырып, балалардың белсенді қатысуын қамтамасыз етті, оларға теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Ал Ә.Сериева 3 «в» сыныбында «Түбір мен қосымшаның жазылуы» сабағында оқушылардың сауаттылығын арттыру үшін интерактивті жаттығулар мен топ­тық жұмыстар ұйымдастырды. Ол оқушыларды сөздер мен олар­дың құрамындағы түбір мен қо­сымшаның дұрыс жазылуы бойынша теориялық біліммен таныстырып, жаттығулар мен ойындар арқылы оқушылардың дұрыс жазу дағдыларын жетілдірді. Бұл тәжірибе алмасу барысында мұғалімдер бір-бірінің әдіс-тәсілдеріне қызығушылық танытып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Әр ұстаз өз сабағында тиімді әдістерді қолдана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырды.
Бұл тәжірибе алмасудағы бас­ты мақсат-баланы бағалау әдісін жетілдіру болды. Оқушыларды бағалауда жаңа жүйе енгізіліп, әрбір баланың білім деңгейін жинаған баллдары бойынша ба­ға­ланып отырды. Мысалы, егер оқушы 10 баллға жетсе, ол «5» деген бағамен бағаланып, егер 7-8 балл жинаса, «4» деген баға қойылды. Бұл бағалау жүйесі оқушының білім деңгейін нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Оқушылардың жетістіктерін ба­ғалаудың тиім­ді құралы ретінде дескрипторлар кестесі құрылды. Бұл кесте оқушының жұмысы­ның әртүрлі аспектілерін, оның ішінде тапсырмаларды орындау дәлді­гін, ережелерді қолдану, шешім­дерді түсіндіру қабілетін және топ­тық жұмыстағы белсенділігін ба­ғалауға мүмкіндік береді.
Бағалау жүйесі төрт деңгейге бөлінген: жоғары, орташа, төмен және қанағаттанарлық. Әр деңгей нақты критерийлермен бел­гі­ленеді, бұл бағалауды объек­тивті әрі әділ ететін басты элемент болып табылады. Мұғалімдеріміз бұл бағалау жүйесін қолдана отырып, осы әдістің тиімді жақтарын өз әріптестерімен бө­лісті. Олар оқушыларға нақты әрі әділ баға беруге қол жеткізіп, сабақ­тарда тиімді кері байланыс берудің маңызды екенін тағы да анықтады.
Бұл әдістер оқушыларды қы­зықтырып қана қоймай, олардың пәнге деген ынтасын оятты. Сонымен қатар, мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, әріп­­тестерімен бірлесе жұмыс істеудің ма­­ңыздылығын атап өтті. Тәжірибе алма­су барысында ұстаздар жаңа тәсіл­дер­ді меңгеріп қана қоймай, оларды өз са­бақтарына бейімдеу жолдарын үйрен­ді.
Осындай жаңашылдыққа ба­ғытталған шаралар ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттырып, білім беру сапасын жақсартуға ықпал етті. Мұғалімдеріміздің жаңа интеллект жүйесін тиімді қолдана алуы олардың заман талабына сай екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл тәжірибе алмасу әрбір ұстаздың дамуына үлес қосып, білім беру саласындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Гүлмира Уалиханқызы Баймахан,
Жамбыл атындағы мектеп-лицейі директорының бастауыш сыныптар жөнінде орынбасары.

Пікір жазу