Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби музейі» МКҚК-ның филиалы Шәмші Қалдаяқов мұражайының жетекшісі Серік Олжатаевтың ұйымдастыруымен Шәмші ауылының Сәдениет үйінде «Арыс жағасында» атты ән байқауы өткізілді. Шара қазақ вальсінің королі, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын келешек ұрпаққа насихаттау және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Ауданның 25 мектебінен 7-10 сынып оқушылары арасынан 25 жас өнерпаз қатысып, Шәмші әндерін жанды дауыста орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Қазылар алқасы ретінде аудан мен облыстың мәдениет және руханият саласында танылған тұлғалар төрелік етіп, қатысушылардың өнеріне әділ бағасын берді. Байқаудың бас жүлдесін Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектепте мен жетекшілік ететін 7 «а» сынып оқушысы Қасиет Мұхитдин «Сен сұлу» әнімен жеңіп алса, жүлделі бірінші орынды Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 9-сынып оқушысы Жайыл Ботакөз иеленді. Екінші орынды да Абай атындағы мектептің 7 «а» сынып оқушысы, менің шәкіртім Оразбай Абай «Бақыт құшағында» әнімен қанжығасына байлады. Байқау қорытындысы бойынша үш үшінші орын мен үш арнайы номинация беріліп, жеңімпаздар аудандық деңгейдегі дипломдар мен алғыс хаттар, сондай-ақ демеушілер ұсынған қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Әсіресе байқау жеңімпаздарының марапаттарына қаржылай қолдау көрсеткен Шәмші ауылының 1978 жылғы түлектері, ауылдан шыққан академик Ә.Омбаев және 1981 жылғы азаматтарға зор алғыс айтылды.
Оқушыларымның жеңімпаз атанып, жүлделі орыннан көрінуі мектебіміздің музыкалық жетекшісі Нұрлан Махамбетов ағайдың біліктілігі мен еселі еңбегінің арқасы деп ойлаймын.
Шәмші Қалдаяқовтың туған елінен бастау алған бұл байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ұлттық өнерді дәріптеудің үздік үлгісі боларына сенім мол.
Райхан Бейсенбайқызы Шонтық,
Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.