Жер шарының әрбір бұрышы табиғаттың қайталанбас туындысы болып табылады. Адамзат ғасырлар бойы табиғи ресурстарды пайдаланып, өркениетін дамытты. Бірақ бұл прогресс табиғи тепе-теңдікке айтарлықтай кері әсерін тигізіп, экологиялық мәселелердің күрделенуіне әкелді. География ғылымы табиғат құбылыстарының орналасуы мен олардың өзара байланысын зерттей отырып, экология саласында туындайтын мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынады.
Экология тірі организмдердің қоршаған ортамен байланысын зерттесе, география табиғат пен адамның өзара әрекетін кеңістіктік тұрғыда қарастырады. Осы екі ғылымның тоғысқан жерінде экологиялық проблемаларды шешудің тиімді жолдары қалыптасады. Орманның азаюы, мұхиттардың ластануы, климаттың өзгеруі сияқты мәселелер тек экологиялық қана емес, географиялық тұрғыдан да терең зерттеуді қажет етеді. Географтардың жұмысы осы өзгерістерді картаға түсіріп, олардың кеңістіктегі ықпалын анықтауға және қоршаған ортаны сақтау шараларын негіздеуге бағытталады.
Қазақстан экология саласындағы проблемалардан тыс қалған жоқ. Семей полигоны, Арал теңізінің тартылуы, Каспий аймағының ластануы, ауа мен судың сапасының нашарлауы сияқты мәселелер еліміз үшін өзекті болып отыр. Бұл проблемалар тек біздің мемлекетке ғана емес, жаһандық экожүйеге де әсерін тигізеді. Географтар мен экологтар бұл құбылыстардың себептерін саралап, олардың салдарын азайтуға арналған кешенді шешімдер ұсынады. Мысалы, Арал теңізінің тартылуын тоқтату үшін су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтады. Сондай-ақ Каспий теңізінің биоәртүрлілігін сақтау, өнеркәсіптік қалдықтардың көлемін азайту және баламалы энергия көздерін дамыту – Қазақстанның географиялық-экологиялық басымдықтарының бірі.
География тек экологиялық мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешуге мүмкіндік беретін құралдарды да ұсынады. Климаттық карталар арқылы аймақтық өзгерістерді болжау, табиғи апаттардың ықтимал аудандарын анықтау, баламалы энергия көздерін орналастыру үшін қолайлы жерлерді табу сияқты зерттеулер – осының айқын дәлелі. Қазіргі замандағы ғылыми технологиялар географияны экологияны сақтаудың негізгі кілтіне айналдырып отыр.
Табиғатты сақтау – бұл тек ғалымдардың ғана емес, әрбір адамның міндеті. География мен экология саласындағы зерттеулерден туындаған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қоғам болып әрекет ету қажет. Табиғат – бұл адамзаттың ортақ байлығы, оны қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы біздің басты жауапкершілігіміз. Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік – әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі.
Рахматулла Салиев,
Шеңгелді шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі география пәнінің мұғалімі.