Otyrar Alqaby
БілімМәдениет

«Қайран менің жүрегім…» Тұманбай Молдағалиевтың шығармашылық әлеміне саяхат

Қазақ поэзиясының жұлдызына ай­налған, жүрекке жылы тиер сыршыл өлеңдерімен халықтың сүйіктісіне ай­налған ақын Тұманбай Молдағалиев – ұлттық әдебиетіміздің мақтанышы. Оның поэзиясы – шынайылық пен се­зім­нің үйлесімділігі, туған жерге деген махаббаттың, адамгершілік пен шынайы өмір сүрудің айқын көрінісі.

Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген. Өмірден ерте өткен анасының жы­лы алақанын сезінбей өскен бала жүрегінде елге, өмірге деген ерекше ықылас пен махаббат пайда болды. Осы сезімдер оның болашақтағы поэзиясының негізіне айналды. Тұманбайдың өлеңдері нәзіктікке толы. Ол адамның жүрегіне әсер ететін көркемдік құралдарды шебер пайдаланып, қарапайым сөздермен үлкен ойларды жеткізетін шеберлігімен ерекшеленді. Оның шығармашылығы тек поэзиямен шектелмей, бірнеше ән мәтіндерінің авторы ретінде де танымал. Ақынның өлең­деріне жазылған әндер халық арасында әлі күнге дейін кең таралып, орында­лып жүр.
Осы орайда жақында Жамбыл атын­дағы мектеп-лицейінде өткен «Қайран менің жүрегім» атты әдеби-сазды кеш Тұманбай Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығына арналған ерекше та­нымдық шара болды.
Кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұралары жан-жақ­ты таныстырылды. Орталық кітапхана­ның кітапханашылары Мадина Шәріп­бекова, Разия Мақтабекова, Дариға Шерехан өз баяндамаларында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлұмат берді. Сондай-ақ, Тұманбай ақын­ның әндері «Отырар» дуэтінің орындауында шырқалып, көрермендер­дің ерекше ықыласына бөленді.
Оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның шығармашылық мұрасының өміршеңдігін көрсетті. Сонымен қатар ақынның өмірінен сыр шертетін бейнежазба көрсетіліп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Шараның соңында қа­тысушылар хормен «Қайран менің жү­регім» әнін орындап, кештің шырайын аша түсті.
Осындай әдеби-сазды кештер жас­тардың бойында эстетикалық тал­ғамды дамытуға, туған әдебиетімізді сүюге, көркем сөзді қадірлеуге баулиды. Бұл кеш Тұманбай Молдағалиевтің рухына деген құрметтің белгісі ғана емес, оның шығармашылығын жаңа буынға наси­хаттаудың тамаша үлгісі болды.

Гүлнұр Құдайбергенова,
Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Пікір жазу