Ел Президентінің бастамасы- мен бастау алған, қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында баланы оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту үшін Білім және ғылым министрлігі «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасын қолға алған болатын. Жүзеге асып келе жатқанына биыл төртінші жыл. Білім мен мәдениеттің биік белесіне көтерілу үшін бұл жоба аясында Түркістан облысы білім басқармасы «Білім беруді дамыту орталығы» КММ қызықты да тартысты дода «KitapХАН» жобасын ұйымдастырып, биыл Республика көлемінде етек жайғалы отыр.
Осы жоба аясында Отырар өңірінің мектептері белсенділік танытып алда келеді. Атап айтар болсақ, С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебінің озық ойлы оқырмандары өз нәтижесін көрсетті. Мектеп директорының бейіндік істер жөніндегі орынбасары Тасқынбаева Феруза апталық ойыннан I орын атанып, ширек финалда ІІ орын жеңімпазы атанса, мектеп психологы Раманқұлова Гүлбану ата-ана санатында қатысып, апталық ойынның да, айлық ойынның да жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Ең жас оқырман ретінде қатысқан мектебіміздің 4-сынып оқушысы Нүкі Сезім, сынып жетекшісі — Абилдаева Күлайша апталық, айлық ойынның І орын жеңімпазы атанып, жылдық кезеңге жолдама алды. Қазіргі уақытта оқырмандарымыз кітаптың ханы атануға дайындық үстінде. Жеңімпаз атанған кітапсүйерлерге арнайы сертификат пен дипломдар табысталды. «Мазмұндама» және «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан жарық көрген түрлі қызықты көркем әдебиеттер мен мотивациялық кітаптар және әлем әдебиеттері сыйға берілді.
Осы уақытқа дейін Түркістан облысы аумағындағы барлық мектеп оқушылары, басшылық құрам, ата — ана, педагогтер бақ сынайтын өте тиімді кітап оқу сайысында әр айналымда түрлі кітаптар оқылып, таныстырылып, жарнама жасалынып келеді. Осы арқылы оқушылар мен мұғалімдердің кітапқа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып отыр. Яғни, баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы – мектеп қабырғасында қалыптасуы керек. Осы мәселені алға тартатын болсақ, менің ойымша «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектеп жасындағы балалардың кітапқа деген құмарлығын арттырумен қатар, танымдық-мәдени дамуына жол ашады. Көркем тілде сөйлеуге, ортада мәдениетті болуға жетелейді, баланың сөздік қоры дамиды. Білім мен рухани құндылықтарды меңгере отырып, қоғамда табысты және бәсекеге қабілетті болуына тікелей әсер етеді. Халқымыз қай ғасырда болмасын ел даналары мен замана тұлғаларының ұлағатты тәрбиесі мен өнегелі сөздерін кітапқа жазып қалдырған. Рухани қазына деп бағалауымыз да сондықтан. Демек, жастардың рухани дүниеге деген көзқарасы біздің оларға беріп отырған тәлім-тәрбиемізге тікелей байланысты. Жаһандану мен ғаламданудың обыр ағымы және оның қауіпті ықпалы күшейіп тұрғанда, рухани байытып сусындататын, көнеріп тозуды білмейтін алтын қазына олардың өмірлік серігіне айналуы тиіс. Ал, кітапты құлшыныспен көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашан да ояу, зейіні зерек, жүрісі сергек келеді.
Осы орайда мектеп директоры Әділхан Әріпбеков озық ойлы оқырмандарымызға сәттілік тілей отырып, республика көлемінде өтетін жобада жеңіс тұғырынан көрінетініне сенім білдірді.
Жадыра Серікқызы Оразалиева,
С.Әшіров атындағы
жалпы білім беретін мектебінің кітапхана меңгерушісі.