Білім беру саласы қазіргі заманның өзгерістеріне ілесіп, сандық технологияларды енгізу арқылы жаңа деңгейге көтерілу үстінде. Түркістан облысы, Отырар ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің Түлкібас ауданында өткізген «Білім берудегі цифрландыру арқылы білім сапасын арттырудың негізгі аспектілері» тақырыбындағы әдістемелік күні осы бағыттағы өзекті мәселелер мен шешімдерді талқылауға арналды. Бұл іс-шара цифрлық білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға және білім сапасын жақсартуға бағытталған бірегей тәжірибе алаңы болды.
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінен қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика, химия, география пән мұғалімдері барып өз тәжірибесімен бөлісті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шебері Әлшері Айнұр Әкімханқызы «Сабақты оңтайландыру үшін (Chat gpt, Gemini, Нейросеть, D-id, Gamma нейросеть) жасанды интеллектті қолдану» атты шебер сынып өткізді, білім сапасын арттыру мақсатында жасанды интеллектіні сабақ барысында тиімді пайдалануды үйретіп, нейросетті дұрыс қолданудың тиімділігімен таныстырды, өз тәжірибесінде қалай қолдану болатынын көрсетті.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Норманова Әсемгүл Тұрсынқызы «Составление краткосрочного плана» коучинг-сабағында сабақ жоспарын құрастыруда жаңа әдіс тәсілдерді тиімді пайдалану қажеттілігін түсіндірді.
Педагог-зерттеуші география пәнінің мұғалімі Жанбатырова Айида Шарифулина «География сабағында тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жолдары» тақырыбында шебер сыныбында, география сабағында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жолдарында жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдана отырып пәнге деген қызығушылығын арттыру және алған білімдерін өмірде қолдана алуына бағыттады.
Педагог-зерттеуші химия пәнінің мұғалімдері Жүсіпова Шаризат Мұстафақызы мен Сәрсенбаева Айгүл Сырлыбекқызы «Химия пәндерінен ЖИ және цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану арқылы білім сапасын арттыру» коучинг сессиясында білім сапасын арттыру мақсатында жасанды интеллект платформаларымен таныстырып, сабақ барысында қалай тиімді пайдалану қажет екенін өз тәжірибесінде қолдануымен бөлісті. Педагог-зерттеуші, математика пәнінің мұғалімі Сламбек Бауыржан Қалдыбайұлы «Білім сапасын дамытуда мұғалімдердің сабақ барысында ПИЗА және ББЖМ тапсырмаларын тиімді пайдалану» коучинг сабағында білім сапасын дамытуда ПИЗА және ББЖМ тапсырмаларын тиімді пайдалану жолымен бөлісті. Педагог-зерттеуші, математика пәнінің мұғалімі Нарымбетов Дархан Серікұлы ақпараттық семинар сабағында математика сабағын тиімді ұйымдастыру үшін қолданылатын онлайн платформалар және ойындарға тоқталып, математика пәні мұғалімдерінің сабақ жоспарлаудағы уақытын үнемді пайдалану үшін онлайн платформалардың тиімділігін түсіндірді.
Әдістемелік күн барысында цифрлық технологияларды білім беру саласына енгізу арқылы сапаны жақсарту бағытында нақты ұсыныстар мен идеялар талқыланды. Бұл іс-шара білім беру саласының барлық қатысушылары үшін пайдалы болды. Отырар ауданының білім бөлімі мен Түлкібас ауданы педагогтарының бірлескен әрекеті цифрлық білім беру саласының одан әрі дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Норманова Әсемгүл Тұрсынқызы,
М.Әуезов атындағы жалпы білім беру мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.