М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 10-сынып оқушыларына арналған тағылымды саяхат ұйымдастырылды. Сынып жетекшілері Ж.Киізбай, А.Тоқсанбаева, К.Текебаева, Г.Раманқұлова, Н.Әбдуахит және өлкетану үйірмесінің жетекшісі Е.Үкібаеваның бастамасымен жүзеге асқан бұл сапар оқушылардың туған жердің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-білуге бағытталды.
Саяхат барысында оқушылар Фараб кітапханасы, «Ұлы Дала тарихы» музейі және Отырартөбе секілді тарихи-мәдени нысандарды аралады. Оқушылар алдымен Фараб кітапханасына барды. Заманауи сәулетімен ерекшеленетін бұл мәдени орталықта оқушылар жаңа үлгідегі шығармашылық залын, кәдесыйлар дүкенін, жайлы кофехананы, коворкинг студиясын, мультимедиа және робототехника залдарын тамашалап, жаңа технологиялар мен кітап әлемінің тоғысқан орнымен танысты. Қызықты экскурсия барысында балалар 3D модельдеу, каллиграфия және қыш өнері сияқты шығармашылық салаларға арналған шеберханалардың жұмысын көрді.
Оқушылардың келесі аялдамасы – «Ұлы Дала тарихы» музейі болды. Мұражайдың бай экспозициялары оларды халқымыздың ұлы тұлғаларымен және тарихи оқиғаларымен жақынырақ таныстырды. Ал саяхаттың соңғы нүктесі Отырартөбе болды. Бір кездері гүлденген ортағасырлық Отырар қаласы туралы мол мәлімет алған оқушылар тарихи жәдігерлер мен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Қаланың құрылыс ерекшеліктері, мәдени қабаттары мен үш қақпасы жайлы тың деректер саяхатшыларды ерекше әсерге бөледі.
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, бұл саяхат оқушыларға туған жердің тарихи мұраларымен танысуға, олардың құндылығын терең сезінуге мүмкіндік берді. Тарихи-мәдени орындарды өз көздерімен көріп, олар туралы мол мағлұмат алған оқушылар елін, жерін қастерлеудің маңызын ұғынып, ерекше әсермен оралды. Сондықтан да ұстаздар білім берумен қатар, жас ұрпақтың бойына туған жерге құрметпен қарау, елін, жерін қастерлеу сияқты қасиеттерді сіңіруді басты міндет деп санайды. Мұндай танымдық саяхаттар оқушылардың рухани дамуына ықпал етіп, ұлттық құндылықтарды бағалауға үйретеді.
Айгүл Тоқсанбаева,
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің
орыс тілі пәнінің мұғалімі.