Қазіргі таңда білім беру жүйесі заман талабын ескере отырып дамып келеді, ол оқушының қазіргі қоғамға бейімделуін, өз эмоциясын көрсете білуін, шығармашылық ойлауын дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған. Оның өзін өзі көрсету және өз ойын жеткізе білу қабілеті маңызды, өйткені шығармашылық жағынан өзін-өзі көрсету арқылы адам өзінің жеке басының жаңа қырларын ашады және болашақ өсу перспективаларын анықтайды. Жеке тұлғаның қалыптасып дамуы үздіксіз сипатта болатыны бізге мәлім. Оның жүзеге асуы тек сабақ жүйесінде ғана емес, сабақтан тыс жүргізілетін әртүрлі тәрбиелік әрекеттермен ұштасады. Үйірме сабақтарында балалар өздерінің қабілеттерін көрсетеді, өздерінің орнын табады, өздерінің әрекетін еркін таңдауды жүзеге асырады, өздерінің қызығушылықтары мен кажеттіліктерін қанағаттандырады, өзін өзі таниды, нәтижесінде тұлғаның өзіндік даму процесі жүзеге асады. Сыныптан тыс жұмыс балалардың таным әрекеттерін белсендіруге, саналы қажеттілігін қалыптастыруға, ақыл-ойын, еркіндігін, сондай-ақ адамдармен қарым қатынас жасау қабілетін дамытуға жағдай тудырады.
Мұғалім оқыту процесінде тұлғаны қалыптастыру маңызды болса, онда ол баланы еңбек және шаруашылық әрекетке басымдылық беретін үйірме жұмыстарына қамтиды. Оқушыға спорттық-сауықтыру әрекеті арқылы ықпал ету спорттық үйірмелерге тарту арқылы жүзеге асады. Сыныптан тыс әртарапты әрекет баланың сабақта мүмкін болмайтын жан жақты дара қабілетін ашуға ықпал етеді.
Танымдық белсенділік — жас ұрпақтың оқуға, өнерді тани білуге деген ынта-ықыласының көрінісі. Баланың өнерді үйренуіне негізгі түрткінің бірі – қызығуды туғызу үшін оқушыларға берілетін білімнің мақсаты мен қажетін түсіндіріп, оларға нақты өнердің сатыларын үйрету керек. Үйренуге, оқуға білуге деген қызығушылық – танымдық белсенділіктін қозғаушысы. Әрбір ұрпақты жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін білім мен білігіне сай оқу бағдарламасын тандай отырып, олардың жеке шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту керек. Оқушыларды дәстүрлі халықтық көркемөнерге тартуда үйірме жұмысы маңызды рөл атқарады. Осы үйірме жұмыстарында оқушылардың шығармашылық белсенділіктері мен дербестіктерін дамытуға жағдай жасалып, оқушылардың бейімділігі мен қабілеттерінің қалыптасуының кепілі бола алады.Үйірме жетекшісінің негізгі мақсаты – өз бетінше дами алатын жеке тұлғаның белсенділігін қалыптастыру, оқушыларға өз бетінше танымдық іс- әрекет әдістерімен дағдыларын меңгерту, ақыл-ой қабілетін жетілдіру.
Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сай еліміздің іргетасын нығайтып, келешігін жалғастыратын көкірегі ояу, саналы, арманшыл жастар екені даусыз. Шығармашылық қабілеті дамыған, өнер тілін түсінген, өмірде бір мақсатқа қол жеткізіп үйренген оқушы кез келген істе осы қабілеттерін қолданатын болады. Мұғалімдерден қоғамның талап етіп отырған азаматтары осындай қабілетті, жан-жақты, ұлтының тарихын білетін, озық ойлы болуы қажет деп ойлаймын. Әр баланың ізденіс еңбегі жетістікке жеткізеді. Сондықтан да үйірме жұмыстарында олардың қызығушылығы мен ізденісі – бірінші орында.
ӨСКЕНБАЙ Нұрбол,
А.Дәрібаев атындағы жалпы
білім беретін мектебі
қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі.