Жуырда М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте аудандық деңгейде «Жасанды интеллект және оның математикалық негіздері» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды.
Бұл шара жасанды интеллекттің білім саласындағы қолданылу мүмкіндіктерін зерттеу және оны сабақ барысында тиімді пайдалануға бағытталған. Семинар аясында мектептің математика пәнінің мұғалімі Шірдебаева Айнұр Тілеумұратқызы 7 «а» сыныбында геометрия пәнінен «Үшбұрыштың биссектрисасы, медианасы, биіктігі және орта сызығы» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Әріптесім Айнұр сабақты жоспарлау кезінде оқу бағдарламасына сәйкес оқыту мақсаттарын анықтап, оларды сабақтың мақсаттарымен үйлестіре білді. Сабақ барысында ұйымдастыру кезеңінде оқушыларды «Фигуралар» атауымен 3 топқа біріктіріп, нұсқаулар берді. Сабақта «Біртұтас тәрбие» бағыты бойынша жас ұрпақтың бойына құндылықтарды дарытуға назар аударылды. Құндылық ретінде бірлік пен ынтымақ таңдалып, «Көпшіліктен бір тілек» әдісі қолданылды: бір оқушы бүкіл сыныпқа сабаққа байланысты жағымды тілек жолдады.
Сабақ барысында өткен тақырыпты еске түсіру үшін «Жылдам шеңбер» әдісі арқылы ауызша сұрақтар қойылды. Айнұр Тілеумұратқызы «Wordwall» платформасын пайдаланып, оқушылардың тапсырмаларды орындауға деген қызығушылығын арттырды. Оқушылар BilimClass платформасынан тапсырмаларды топпен де, жеке де орындап, белсенділік танытты. Сабақтың бағалау және рефлексия кезеңдері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сабақтың барлық кезеңдері сәтті өтті. Айнұр Тілеумұратқызының цифрлық технологияларды меңгерудегі шеберлігі және оқушылардың белсенділігін арттырудағы кәсіби біліктілігі семинарға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Семинардың қорытындысында Айнұр Тілеумұратқызы білім бөлімінің алғыс хатымен марапатталды.
Гүлжайна Ақбалақызы Сарымсақова,
«М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің орыс тілі пәнінің мұғалімі.