Рақымжан Қошқарбаев – ерлігімен ел жадында мәңгілікке қалған Халық Қаһарманы. Оның батырлық жолын насихаттау және жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында А.Дәрібаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында аудандық алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні жетекшілерінің семинары өтті.
Семинарға аудандық Білім бөлімінің бас маманы Б.Бекмұрат, әдістемелік кабинет әдіскері Б.Пәзілбек, аудандық Қорғаныс істер бөлімі бастығының орынбасары, майор С.Бекмұратов және «Мұрагер» қоғамдық ұйымының мүшелері қатысты. Іс-шара барысында алғашқы әскери дайындық жетекшісі Ж.Көкішов ашық сабақ өткізсе, тарих пәнінің мұғалімі Қ.Әділхан «Ерлігі ұрпаққа үлгі Рақымжан» тақырыбында тәрбиелік сағат ұйымдастырды. Сонымен қатар, оқушылардың қатысуымен мектеп фойесінде «Жасанды интеллект: Ғылымдағы көкжиектер» көрмесі өтіп, олардың тәжірибелік жұмыстары көрсетілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Этноауыл» көрмесі қатысушыларды қазақ халқының салт-дәстүріне қайтадан үңілуге жетеледі. Семинар соңында «Батырға тағзым» атты тарихи-танымдық кеш өткізіліп, Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолы мен ерлігіне құрмет көрсетілді.
Рақымжан Қошқарбаев – Ұлы Отан соғысы кезінде ерлігімен ерекшеленген қазақ батыры. 1924 жылы Ақмола облысының Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген ол жастайынан қиындыққа төзіп өсті. 17 жасында әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы Бішкек қаласындағы Фрунзе әскери училищесін тәмамдаған соң майдан даласына аттанды. 1945 жылдың 30 сәуірінде лейтенант Қошқарбаев Берлин қаласында Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тікті. Бұл ерлік – қазақ халқының батырлық рухының айқын дәлелі.
Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев әртүрлі жауапты қызметтерде еңбек етті. 1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қоныс аударушылар жөніндегі басқармасында инспектор қызметін атқарды. Кейін «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. Оның өмірі мен ерлігін зерттеген жазушы Кәкімжан Қазыбаев пен журналист Жанболат Ауыпбаевтың еңбектері нәтижесінде Рақымжан Қошқарбаевқа әділеттілік орнап, оның ерлігі «Халық Қаһарманы» атағымен бағаланды.
Бұл күн – қазақ халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Халқымыздың «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл сөзі Рақымжан Қошқарбаевтай батырдың есімін мәңгілік етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында өз Отанын қорғаған 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Рақымжан Қошқарбаев – батырлықтың символы, елін шексіз сүйген ержүрек тұлға. Оның ерлігі мен өмір жолы болашақ ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Осындай іс-шаралар арқылы батырдың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп, халқымыздың қаһармандық рухы жандана түседі.
Әділхан Қазыбек Әділханұлы,
А.Дәрібаев атындағы жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі.