Білім мен тәрбие – ұлт болашағының негізі. Осы бағытта аудандық Білім бөліміне қарасты “Рахманқұл Бердібай атындағы жалпы білім беретін мектеп” КММ-де “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында өткен тамаша іс-шара оқушыларды әдебиет әлеміне терең бойлатты.
Жоба аясында ұйымдастырылған «Оқуға құштармыз» атты сайыс Roombooks орталығында өтті. Бұл рухани шараның басты мақсаты – жас буынды кітап оқуға баулу, олардың көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру және талғамды оқырман қалыптастыру. Сайысқа 7-9 сынып оқушылары қатысып, өздерінің білімділігі мен тапқырлығын жоғары деңгейде көрсетті.
Әдебиет байқауында Қ.Мұса «Менің атым Қожа», Н.Темірхан «Ертөстік», Т.Әбдік «Оң қол», А.Дәулетбай «Қажымұқан» және Ә.Сүгірбай «Құтты білік» атты шығармаларды шеберлікпен қорғап шықты. Әр қатысушы өзіне тиісті материалдарының терең мәнін, көркемдік ерекшелігін ашып, көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шыға білді.
Сайыстың қорытындысы бойынша оқушылардың білімпаздығы мен ізденімпаздығы лайықты бағаланды. Әдебиетке құштар жандардың еңбегі еленіп, олардың әрқайсысы өз таланты мен шығармашылық қабілетіне сай марапаттарға ие болды. Әсіресе, кітапты терең түсініп, жан-жақты талдаған оқушылар «Үздік оқырман» атанып, ерекше үлгі көрсетті. Белсенділігімен көзге түскендер «Белсенді оқырман», ал әдебиетке деген терең білімімен танылғандар «Білімді оқырман» атағына ие болды. Сонымен қатар, тапқырлық танытқан өрендер «Тапқыр оқырман», өнерін шеберлікпен ұштастырғандар «Өнерлі оқырман» номинацияларымен марапатталды.
Бұл марапаттар – жас оқырмандардың еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, олардың болашаққа деген сенімі мен құлшынысын арттыратын шабытты сәттердің бірі болды. Әдебиетке деген махаббат пен ізденіс жолында табысқа жеткен әрбір оқушының жүрегі рухани азыққа толығып, алдағы белестерді бағындыруға деген сеніммен қанаттанды.
Бұл шара жас ұрпақты көркем әдебиетті оқуға тәрбиелеп қана қоймай, олардың рухани әлемін байытып, ой-санасының өрісін кеңейтті. Осындай маңызды жобалар болашақта да жалғасын тауып, кітаптың құндылығын дәріптеу жалғастырыла бермек.
Гүлназ Жолдасбаева,
Мектеп кітапханашысы.
Жаңагүл Одаманова,
Тұлға тану үйірмесінің жетекшісі.