Жас таланттың жарқын жеңісі оның шығармашылық еңбегі десек те болады.
Мектебіміздің 11- сынып оқушысы Сейлқұл Заңғар – мәнерлеп оқу байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған, өзінің өнерімен көпшілікті тәнті еткен жас дарын.
Байқаудағы жарқын жеңістері оның әдебиетке, өнерге деген махаббатын және тіл байлығын терең меңгергенін көрсетеді.
Оның мәнерлеп оқуға деген қызығушылығы бастауыш сыныптарда басталып, түрлі мектепішілік және аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Оның сүйікті ақындары – Ілияс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, М.Шаханов. Әрбір өлең мен шығарманы оқығанда, ол тек мәтінді түсініп қана қоймай, әр сөздің астарындағы терең мағынаны сезіне біледі.
Желтоқсан айының басында “Ақсұңқар” өнер-шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен көркемсөз ,ақындық өнер аталымдары бойынша Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Жансүгіров, М. Шаханов атындағы халықаралық байқау болып өтті. Осы байқауға қатысқан Заңғар М.Шахановтың «Жалын» атты өлеңін оқып, өзінің шеберлігін толықтай көрсетті. Жас өнерпаздың өлең жолдарын сезімге толы жеткізуі, дауыс ырғағы мен эмоцияны шебер қолдануы қазылар алқасының назарын аударып, байқауда жүлделі 1-орынға ие болды.
Байқаудан кейін Сейлқұл Заңғар өз әсерімен бөлісіп:
«Мен үшін бұл жеңіс – үлкен мәртебе. Байқау тек жарыс емес, мен үшін өзімді дамыту мен әдебиетке деген сүйіспеншілігімді білдіру мүмкіндігі болды. Қазақтың әрбір өлеңі – терең тарих пен өмірдің мәнін ашатын қазына. Мен оны өзгелермен бөліскеніме қуаныштымын, Бұл тек менің емес, мені қолдаған ұстаздарым мен жақындарымның да жетістігі. » – деді ол.
Сейлқұл Заңғардың жеңісі – ел ертеңінің өнер мен әдебиетке сүйіспеншілікпен қарайтынын айқындайтын жарқын дәлел. Оның таланты мен еңбекқорлығы әлі де талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Клара Төреқұлқызы Саттарқұл,
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.