Otyrar Alqaby
Қоғам

ИКРАМ АТА МЕШІТІ

Ел мен жерді қорғау ең алдымен сол ел мен жердің тарихын білуден басталады.Ұлт тарихынан білімді болудың басты мақсаты-өткеннен тағлым алу.Осыған орай еліміздің тарихи-мәдени мұрасы ескерткіштерді білу-тарих алдындағы міндетіміз.

Қасиетті қазақ даласы байырғы Отырар елінің мекенінде мәдени мұрамыз да баршылық.Сондай мұраларымызды айтар болсақ өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер. Отырар өңірі-мәдени ескеркіштерге бай,қазіргі таңда көне  мұраларымыз   200 -ден асып отыр. Ескерткіштер қалажұрттар, елді мекендер мен обалы қорымдар,арық-каналдар және архитектуралық болып бөлінеді.Аталған ескерткіштер Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қорығына енген.Мәдени мұраның сан алуандығы мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі белгісі.Ауданның мәдени  мұрасының тағы бір қатпары тарих ескерткіштері.Мақаланың жазылуына негізгі арқау болған Отырар өңірінде орналасқан архитектуралық ескерткіш Икрам ишан  мешіті жайлы болмақ.Икрам ата өміріне байланысты бірнеше деректер жазылған.Тарихи деректер мен ел аузындағы деректерге тоқталып өтер болсақ..

Бүкіл ғұмырында имандылық пен рухани тазалықты ту етіп өткен адам немесе ақын Икрам ишан Қасымұлы жайында бүгінгі ұрпақ не біледі? Икрам ишанның әкесі Қасым да,шешесі Несібелі бибі де ата-тегіне  тартып, заманының көзі ашық адамдары болған.Икрам ишанға да ата-анасының осы қасиеті дарыған.Икрам ишан Балтакөлде иман болған Сейіт қожа,өзі шайыр,өзі ғалым адам.Жазба деректерде Қасым ишан 1898 жылы,баласы Икрам ишан 1941 жылы қайтыс болған.

Отырар ауданына Балтакөлге қарасты Ақкөл ауылының тұрғыны,еңбек ардагері кезінде атасы Тобағабыл Икрам ишанның пірадары болған Азаматұлы Рәмәт қарияның Икрам ата мешітінің кірпішін қаласқан әкесі Азаматтың өз аузынан естіген дерегіне қарағанда мешіттің бұрынғы орны Сырдарияның жағасына таман,көпірден жоғары,дарияның сол жағында бір шақырымдай жерде болған.Тасқын судан мешіт құлайтын болған соң Икрам ишан елді ұйымдастырып,1924-1926 жылдары қазіргі орнына қайта салдыртқан.Мешіттің қабырғасы көтерілгенде Икрам ишан «қызыл белсенділердің»қатаң қудалауына ұшырайды да,құрылысты аяқтауды ұлы Әлиасқарға тапсырып,өзі Ташкент жағына кетеді.Көп ұзамай қайтыс болып,Төлебидің қасына жерленген.Икрам ишан кетерінде елімен қимай қоштасып , «мешіттің күмбезін көре алмадым- ау » деген екен.

Дінтанушы ғұлама Абдулла Жолдас айтқан бір деректе Ташкент-Самарқанд автокөлік жолының бір бұрылысында «қазақ ишанның моласы» деген қорым бары және жергілікті өзбектердің арасында мынадай аңыз бары айтылады. Өзбектер Икрам ишанды «қазақ ишан» (Козок эшон) дейді екен. Ол жерленген ескі мазаратты «Қазақ» ишанның моласы деп атаған.Ташкент – Самарқанд автокөлік жолының құрылысы жүргізілгенде ескі мазараттың бір шеті жол астында қалу қаупі төнеді.Сонда сол маңдағы елдің қариялары жол құрылысы бастығына мұнда қасиетті Икрам ата деген қазақ ишаны жерленгендіктен ескі қорымды бұзуға болмайтынын, жолды алыстау салуын өтінді.Оған жол құрылыс бастығы көнбегенімен, жол құрылыс техникасы сынып, бұзылып, ақыры жолды мазараттан бұрыстау салуға тура келеді.Бұл  туралы  кей деректерді  жоғарыда  аталған «Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары» деген кітапта да (2007) айтылады.Икрам ишанның ұлы Әлиасқардың  академик, ғалым Рахманқұл Бердібайға азан шақырап ат қойғаны туралы бір дерек «Ұлы Пайғамбар және ұрпақтар» деген кітапта (2007) айтылады.Икрам ата мешітінің жанында Ақкөл медресенің Қазан төңкерісінен кейін жабылып, кеңестік оқу жүйесі бойынша «Ақкөл» бастауыш мектебі болып  ашылған. Кейін «Тоғай» бастауыш мектеп, «Ақкөл» бастауыш болып аталған.Икрам ата мешітінің орналасу жері, құрылысы мен өмірі жайлы деректер 2007 жылғы баспадан жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескеркіштерінің жинағы» деп аталатын кітапта  айтылды

          ИКРАМ АТА МЕШІТІ, 20 ғ. басы (архит.). Балтакөл ауылының шығыс шетіне таяу орналасқан. Икрам ата мешіті 20 ғ.басында қам кесектен тұрғызылған ескі мешіт орнына алынған. Сыр бойына мәшһүр Икрам ишан балаларды оқытатын үй мен жаңа мешіт орнына салынған.Сыр бойына мәшһүр Икрам ишан балаларды оқытатын үй мен жаңа мешіт салу ақсатында жергілікті халықтан,д әлірек айтсақ, көтен, божбан, жетімдер, қаңлы руларынан қаражат жинайды. Мешіт ғимараты 1926 жылы төртбұрышты 27х13х6,5 см күйдірген кірпіштен, күмбезі шаршы кірпіштен өрілді. Мешіттің кіре беріс есігі солтүстік-шығыс қабырғада орналасқан.Кейін кесененің осы беткейіне екі шағын төбесі күмбезбен көмкерілген бөлмелер қосылған. Бұл бөлмелердің мешіттің ішкі бөлмесімен жалғаспаған өз алдына жеке-дара есіктері бар. Сәулетті ғимарат дәстүрлі бір бөлмелі мешіт үлгісіне жатады.Мешіттің ауаны 10х10м, бөлмесі күмбезбен көмкерілген.Мешіт қабырғалары желкендер арқылы күмбезге ұласады.Мешіттің ішкі оңтүстік-оңтүстік батыс қабырғасы ортасында Мекке бағытын көрсететін михраб ойығы жасалған.Қалған қабырғаларда үсті иілген ойықтар бар.Қабырға беттерінде құран жазулары сақталған. Мешіт ғимараты қасында медресе қалдықтары бар.

«1910 ж.Балтакөлдің халқы Ақтас (Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы) атты жерден Қасым Ишанды көшіріп әкеледі.Сауат ашу мен дінді жүргізу үшін дарияның жағасынан мешіт тұрғызады.1914 ж.қайтыс болып Қасым Ишанның  баласы Икрам Ишанның жігіт кезінде ыза судан мешіт құлайды».1926 жылы Икрам Ишанның ұйымдастыруымен қоңыраттың көтен, божбан, жетімдер руларынан, қаңлы руынан жиналған ақшаға мешіт тұрғызылған.Ғимарат Икрам ата құрметіне аталған.

Тарихи-мәдени ескерткіштер — ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің басты құндылығы болып табылады.Біздің алдымызда тұрған басты міндет Ұлы дала халқының ұлттық құндылығын сақтау және болашақ ұрпаққа насихаттап аманат ету болып табылады

Таубек Азат Тұрлыбекқызы,

 «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК, «Тарих және мәдениет ескерткіштерді қорғау» бөлімінің аға ғылыми қызметкері,Мәдениет саласының үздігі.

Пікір жазу