Otyrar Alqaby
Мәдениет

Бауыржан Момышұлы – ұлттық рухтың сақтаушысы

Қазақ халқының тарихында рухани көш­басшы, батыр тұлғалардың орны ерекше. Солар­дың бірі 114 жыл бұрын (1910–1982) 24 желтоқсанда туылған – Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлы.
Ол өзінің ерлігімен ғана емес, ұлттық патриотизмді дәріптеуімен, қазақ руханиятын нығайтуға қосқан үлесімен танылды. Мәскеу шайқасының қаһарманы болған Б.Момышұлы халқымыздың батырлық дәстүрлерін жаң­ғыр­тып, келер ұрпаққа ұлттық рухтың биік үлгісін көрсете білді.
Бауыржан Момышұлының өмір жолы елдің басына ауыр күн туған кезеңде басталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Мәскеуді қорғау шайқасында жаужүрек қолбасшы ретін­де танылды. Кеңес әскерінің қатарында жүріп, тактикалық шеберлігі мен қайсар мінезі арқы­лы үздік қолбасшыға айналды. Оның әскери ерліктері – батырлық пен патриотизмнің жар­қын көрінісі.
Бауыржан Момышұлы соғыс майданында тәртіп пен батылдықты ұстанды. Ол өзінің сарбаздарына тек қана жеңіс үшін күресуді үйретіп, рухын нығайтуға үлкен мән берді. Оның: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзі әлі күнге дейін халық жадында.
Бауыржан Момышұлы тек батыр ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухтың сақтаушысы болды. Ол қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тілін және мәдениетін ерекше құрметтеді. Оның «Ұшқан ұя» атты автобиографиялық еңбегі қазақы тәрбиенің қаншалықты маңызды екенін паш етеді. Бұл шығармада батырдың балалық шағы, ата-анасының өнегелі тәрбиесі мен қазақ халқының құндылықтары кеңінен баяндалған.
Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының ру­хани ұстазы, ұлттық мақтанышы. Оның өмір жолы мен еңбегі – жастарға өнеге, патриотизм­нің нағыз үлгісі. Батырдың есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып, келе­шек ұрпақтың санасында мәңгі сақталады.

М.ӘУЕЗҰЛЫ,
Отырар ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник.

Пікір жазу