Өзбекәлі ағамыздың есімі кезінде тарих сахнасында
кенже қалса да қазіргі таңда Өзекеңнің тұлғалық қасиеті «ұлттық брендке айналды» десем артық айтқандық болмас. Ағамыз жайында әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде айтылып та, жазылып та жатыр. Оған ұйтқы болған — Санжар Керімбай бауырымыз. Ол «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітабында «Өзбекәлі феноменін» тарқата жазады. «Мәдени майдан» шеруі бүкіл елді аралап, елдің рухын көкке көтеріп тастады. Кітапты оқыған қалың ел «Шіркін-ай, осындай да Адам болады екен-ау», деп таңдай қағысты. Өзбекәлі Жәнібек ағамыз жайында болашақта да айтыла бермек, ағамыздың нағыз өмірі енді басталғандай.
Өзекеңнің саналы ғұмыры ұлт мәртебесін ұлықтаумен; салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ана тілін, ділін, мәдениетін қайта жаңғыртумен; шынайы тарихымызды айқындаумен; тарих бетінде көмескі тартқан ұлы тұлғаларымызды ардақтап, ақтаумен өтті. Сондықтан да «Өзбекәлі феномені» мәңгілік сипатқа ие. Оның белгісіз беттері әлі де айтыла да, жазыла бермек. Өзекеңнің Торғай өңіріне сіңірген еңегі ұшан теңіз! Оны торғайлықтар жыр етіп айтып та жатыр. Ағамызбен бірге қызметтес болған, «Құрмет» орденінің иегері, ауылдың көнекөз қариясы Карбозов Кәкімжан ақсақал «Өзекеңе қандай атақ берсе де жарасар еді…», деген болатын. Сәті түсіп, сол Кәкімжан ағамызбен сұхбаттасудың реті келген еді. Сол әңгімені қағазға түсіріп, көпшілікке ұсынуды жөн көрдім. Әңгіме былай өрбіді:
Кәкімжан аға: «Біздің еліміз, қазақ елі жақсы азаматтарға бай. К
ешегі өмірден өтіп кеткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтардың өз заманында қазақ еліне жасаған еңбектері, олардың істеген жұмыстары тарих бетінде сайрап жатыр. Осы тұлғалардың соңынан еріп, тарихи деңгейге көтерілген азаматтар көп. Осындай қазақ азаматтары кәсіптің қай саласында болмасын халықпен бірге жүріп, өз бетінше оқып-ізденіп, жоғары білімді игеріп, орасан зор байлыққа кенелді. Ол дүние немесе бақыт, байлық емес, жаратылыстың, табиғаттың берген рухани байлығы. Біреу малмен, дүниемен немесе ақшамен бай болады, бірақ, рухани байлықтың орны бөлек. Рухани байлық адам өмірінің барлық қыр-сырын қамтиды.
Осы рухани байлықты өзіне кеңінен сіңірген, қазақтан шыққан, еліміздің барлық өңіріне танымал кемел азамат – Өзбекәлі Жәнібеков. Өзекең біздің Торғай облысына «отраслевой» секретарь болып келгенде Торғайдың көзі ашық азаматтары қатты қуанды. Ол кезде облыстың бірінші хатшысы Сахан Құсайнов деген азамат болатын. Облыстық жиындарда, Пленумдарда облыс басшысының өзі «Өзбекәлі, мына мәселені қалай шешу керек? Сен астанада көп қызмет жасадың ғой…», деген сөздерін өз құлағымызбен естіп едік. Сонда Өзекең бірінші секретардың сөзін шапшаңдықпен емес, аса байсалдылықпен қабылдайтын еді.
Торғайда музей ашу, оған халықтан жәдігерлер жинау жөніндегі әңгімелерін естіген едім. «Ауданда отырған идеолог секретарлардың қолынан ол келмейді, оны өзің қолға алып, жәдігер жинауды өзің қолға алсаң дұрыс болар еді. Осы мәселені шешуді облыстық партия комитеті атынан өзіңе тапсырамын», деген бірінші хатшының сөздері есімде.
Сол тапсырманы орындау барысында, Өзекең біздің Жангелді ауданына келіп, елді аралап, ақсақалы бар әр үйге кіріп, сәлемдесіп, тарихи әңгімелерд
і қозғағанын көзіммен көрген едім. Әңгімелесе отырып, үйде тұрған көне заманнан сыр шертетін тарихи жәдігерлерге көз салғанын байқадым. Соның бірі, біздің еліміздің ақсақалы, тарихшы
Ниязов Сұлтан деген қария болатын. Сол үйде ескі тарихтың көзіндей болған, сән-салтанатқа арналған, күміспен көмкерілген қазақы ертоқым барлық құрал-жабдығымен болатын. Ол қарияның отыратын бөлмесінің төрінде ілулі тұратын. Өзекең осы жәдігер жайында естіген болуы керек..
.
Мен ол кезде «Еңбек» совхозының ферма меңгерушісі едім, Өзекең маған: «Кәкімжан, сен мені Ниязов Сұлтан ақсақалдың үйіне алып бар. Мен, біріншіден — ол кісіге барып, сәлем беруім керек, екіншіден – ол үйде көнеден сыр шертетін бір көрікті зат бар деп естідім, соны көруім керек», — деді.
Өзекең айтқанда бізде сөз бола ма?! «Жарайды» — деп машинасына мініп, әлгі үйге бардық. Өзекең келіп ағамызға сәлем берді. Үйінде Іңкәр деген ерке жеңгеміз бар болатын. Бізді жақсы қарсы алып, қонағасын берді. Өзекеңнің ұстамдылығын сол кезде көрдім. Өзінің келген шаруасын бірден айтпай, құдды бір алтын тақтың бетін ашқандай болып, шыдамдылық танытты. Сол кезде мен шыдай алмай, Сұлтекеңе Өзекеңді таныстырып, Торғай облысының жаңадан құрылғанын айтып, ол кісінің музей ашу мақсатында тарихи жәдігерлер жинап жүргенін айтып салдым.
Сонда Сұлтекең: «Ия, қарағым, дұрыс екен. Балам шаруасын өзі айтсын», деп Өзекеңе қарады. Сол кезде Өзекең бұрыннан таныс кісідей, қоян-қолтық арала
сып жүрген адамдай сөз бастады:
— Сұлтеке, қазақ келген кезде «Не бұйымтайың бар?», — деп сұрайды екен. Бұйымтайдан бұрын мен сізге сәлем беруге келдім, сәлемдесіп амандығыңызды білуге келдім. Сіздің үйде еркелетіп ұстайтын, «ақ шабақтай ақ жеңгем» бар екен. Сол жеңгемді көруге келдім. Сіз оны қалай еркелетеді екенсіз?, — соны сұрағалы келдім. Біз де жанұя ұстап отырмыз ғой. Сіздің өміріңізден тәжірибе алып, үйдегі келініңізді сіз сияқты еркелете аламыз ба?, деп көргелі келдім, дегенде үйдің іші қыран-топалаң күлкіге толды.
Ас ішіліп болған соң мен: «Сұлтеке, біз сіздің ең қымбат затыңызды сұрайын деп отырмыз. Қазір сексенге келіп қалдыңыз. Сол сексенге келген бақытты өміріңізді арм
андап, қызықтап, білім іздеген ғалымдай болып, обком хатшысы өзі арнайы іздеп келді. Егер мен дұрыс жеткізе алмасам, әңгімені Өзекең өзі жалғастырар дедім.
Сонда Сұлтекең жымиып, иә, айта бер дегендей Өзекеңе қарады. Сонда Өзекең аса байыппен, салмақпен әңгімесін бастады: «Аға, менің әкемнен кіші боларсыз, сондықтан «аға» дейін. Торғай облысын ұйымдастыру пленумына мен өзім қатысып едім. Сонда Қонаев жолдас «Арқалық алдағы екі-үш жылда адам танымастай өзгереді», деген еді. Республика бірінші хатшысы сол Арқалыққа біз сияқты жігіттерді жіберіп, «Сендер осы Арқалықтың әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, білім саласын көтеріңдер!» деп тапсырма беріп еді. Сол тапсырма аясында жанымызды салып, аянбай қызмет жасап жатырмыз».
Әңгіме төркінін түсінген қария: «Шырағым, Өзбекәлі, барлық айтқаныңды ұқтым. Мен де елге сендер сияқты қызмет жасағанмын. Амангелді ауданының прокуроры болып қызмет істедім. Сөйтіп жүріп мына жеңгеңді «алдап-сулап алғам ғой». Осы жеңгеңді өте жақсы көргеннен соң өзіне тарихи ескерткіш болсын деп, бір ұстаға арнайы тапсырыс беріп, барлық сайманымен күмістен ер-тоқым істетіп едім. Іңкәр кеткенде артында қалатын дүние еді. Бірақ, сенен кім артық, кім әулие, Өзбекәлі қарағым?! Сондықтан сенің келген шаруаңды білдік, бердік ер-тоқымды», деді.
Сол кезде Өзекең қалтасынан бір бума ақшаны алып, ақсақалдың алдына қойды. Сұлтан ағамыздың шешіміне қарсы келмеген Іңкәр жеңгеміз Өзекеңнің алдына өзі ер-тоқымды көтеріп алып келді.
«Өзбекәлі шырағым, бұл күміспен көмкерілген ер-тоқым барлық сайманымен жақсы істелген, үзеңгісі жезден, тартпалары сары қайыстан. Әр тартпасы 4 сары доғадан тұрады. Мұндай ер-тоқымды екінің бірі жасай алмайды. Қазақта бір сөз бар «Атаң өлсе де атамайтын дүние» деген. Мынау сондай зат. Бірақ, сіздің менің шаңырағыма келіп, сәлем беріп, төріме шығып, адал асымды ішкен соң беріп отырмын. Мына жеңгеңді алмайтын шығарс
ың, басқасынан қолыңды қақпаймын, қарағым. Мұны сен ел үшін, халық үшін істеп отырсың. Оны жақсы түсініп отырмын, шырағым. Мына оңтүстіктің ауасы да, адамы да жылы болады екен, өзің сияқты. Ел үшін жасап жатқан еңбегің жана берсін» — деп Сұлтекең батасын берді.
Өзекең бұл таптырмас жәдігерді көргенде қатты риза болды. Астан соң қымыз ішілді. Қымыз үстінде Өзекең: «Аға, көп рахмет. Мені әсерлі сөзіңізбен көкке көтеріп тастадыңыз. Барған соң облыстық партия комитетіне есеп беремін. Кімге бардым? Не көрдім? Не жинадым? Кіммен қандай әңгіме жасадым? Бәрін баяндаймын», -деді.
Бұл сөзі Сұлтан ағамызға ұнады. Сол кезде жеңгеміз ер-тоқымды ақ матаға орап, жіппен байлап, алдымызға қойды. Бұл жәдігерді талайлар сұраған ғой кезінде. Бермеген… Өзекеңнің адамды тартатын қасиеті, сөйлеген сөз мәнері, оның маңыздылығы бәрімізге керемет әсер қалдырды.
Сонымен барған жерімізден олжалы қайттық. Өзекең сонан соң біздің үйге ат басын бұрып, қонды. Кешке дастархан басында қатты масаттанып, әңгіме айтып, көңілді отырды. Таңертең әйелім екеумізге: «Мұнда келгенде айдалаға тап болғандай, көңілім құлазыған. Бастапқыда «Адамдары қалай өзі? Сөзге түсінбейтін халық па?» дегендей жаман ойда болғанымыз рас. Жоқ, олай емес екен. Мен бәрін көрдім, жақсы түсіндім, түйсігіме түйдім. Сендер шын көңілдеріңмен, қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасап жатырсыздар. Үлкен рахмет! Біз өзіміздің ұлттық дәстүрімізді дамыта беруіміз керек», деді де қош айтысып, көлігіне мініп, жүріп кетті.
Мен Өзекеңмен бірге болған сәтті, ол кісінің саналы да, сапалы, тәрбиелік маңызы зор, көнеден сыр шертетін тарихи әңгімелерін еске алып, көпке дейін көңілім марқайып жүрді. Одан кейін де жақсы сыйластық.
Ол кісінің қабылдауында бірнеше рет болдым. С
онда бір кісілердің қағаздарын көріп, итеріп қоя салатынын байқадым. Бірақ, оларды жауапсыз қалдырмайтынын сезетінмін. «Кез келген қағазды өзінің қолы тиіп, уақыты келгенде қайта қарап, міндетті түрде шешімін шығарып беретін еді. Алдына келген қағазды ешқашан ұмыт қалдырмайтын», — дейтін көмекшісі.
«Міне, мен көрген Өзекеңнің қысқа уақыттағы ғұмыры да, жасаған қызметі де, естіген әңгімем мен көрген білгенім осылай болды. Біз Өзекеңнің қызметіне де, халыққа берген қасиетіне де қанбай қалдық. Уақыт өте аз болды, біздің облыстан ол кісіні алып кетті. Біздің көкірегімізде Өзекеңнің істеген ісі, жасаған еңбегі, қалдырған ізі, адам қанша өмір сүрсе сонша оның есінде қалуға тиісті. Осылайша Өзекеңнің ізі тарихта қалды», — деп Кәкімжан аға әңгімесін аяқтаған еді.
Бақытжан Биімбет,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор.