7 — Сәуір қажымұқан мұңайтпасовтың туған күні !
Ұлы Абай «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ» деген екен.
«Қазақ вальсінің КОРОЛІ» атанған Шәмші ағаны қазақ халқы қанша құрметтесе де тірісінде үкімет тарапынан қолдау көрмей, тіпті зейнетақы да алмай өмірден өтті. Өлген соң бәрі «дос» бола кетті.
Қазақ поэзиясының асқар шыңы, еңбектері әлемнің 200-ден аса тілдеріне аударылып, 200 елдің оқулықтарына енген Мұхтар Шахановқа шет елдіктер беріп тұрған Нобель сыйлығын өзіміз бергізбей қойдық. Арсыздар неше түрлі жала жауып, сүтке тиген күшіктей қылды. Өмірден өткен соң «бәріміз досы» болып шыға келетінімізге сөз жоқ.
Қазақ ғылымының атасы, әлем мойындаған Ұлы Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің Отырардың тумасы екенін геолог Ақжан Машанов дәлелдеп, әлемге мойындатса да әлі күнге дейін «білімді арабтардан алды» деген сияқты жалған деректер ресми ақпараттардан өзгертілмейді.
Отан қорғаудың керемет үлгісін көрсетіп, әлемді мойындатқан, достары түгілі дұшпандары да ерлігін мойындаған Қайырхан бастаған Отырар қаһармандарын, моңғолдың Шыңғысханын қазақ қылмақ болып аласұрған арсыз топтың ыңғайына жығылып, аяққа таптап тастадық. Отырар қорғанысының 800 жылдығы ескерусіз қалды. «Бұған Н.Назарбаевтың қатысы бар» дейді білетіндер.
Ал әлемнің бес құрлығын аралаған, қазақтан шыққан тұңғыш жиһанкез, сол елдердің менмін деген бар алыптарының бастарын игізіп, жауырынын жерге тигізіп, қазақ халқының атын әлемге танытқан Қазақ спортының атасы, Қазақ даласының батыры, қазіргі қазақ жастарының сүйікті кумирі, қазақ спортшыларының жарысқа түсер алдында сыйынатын пірі – Қажымұқан туралы жалған, масқара, қорлау ақпараттар еліміз егемендік алған соң өрттей қаулады.
Қажымұқан палуанның мәңгілік мекеніне айналған Темірланнан 40-ақ шақырым жердегі Шымкенттен шығатын «Замана» газетіне Қажымұқан палуанның медалдарымен түскен әдемі суретінің жанына «Киерге киім, ішерге асым жоқ» деп айқайлатып басқан масқара мақаланы да көрдік.
Ал Назарбаевтың қызы Дариға басқарған «Хабар АҚ» агенттігі шығарған «Тайны и судбы великих казахов. Каджимукан Мунайтпасов» атты фильм тіпті шектен шықты. Бұл фильмсымақта көзді бақырайтып қойып Қажымұқанды, онымен қоса бүткіл қазақ халқын ашық қорлайды. Фильм қазақтардың көнбістігіне, ғалымдарының салғырт, сауатсыздығына, басшылардың қорқақ, сатқындығына сүйеніп, дәлелсіз аузына келгенін құса берген. Фильмнің авторы М.Бекбаева деген арсыз қатын Н.Назарбаевтың «достығын» пайдаланып, өзіне ештеңе де болмайтынына, қазақтардың үнсіз төзе беретініне сенімді болса керек. Ағылшын комигінің «Боратына», Жириновскидің қаншама қорлауына үнсіз төзген қазақ, Назарбаев тірі тұрғанда өзіне ешкім сөз айтпайтынына сенімді болған сияқты.
Қажымұқан ата дүниеге келген ауылда туылып, кішкентайымыздан Қажымұқан туралы қаншама әңгімелерді естіп өскен біз Қажымұқанның бірдеңеден таршылық көргені туралы естімеген едік. Мынандай масқара фильмді көрген соң мен Қажымұқан атаның өмірін қайта зерттедім.
Қажымұқанды аш болды дегенді алғаш жазған ҚР Орталық мемлекеттік архивін басқарған Марат Хасанаев деген адам екен. Оның сондағы сүйенген деректері осы өзі басқарған архивтен табылған Қажымұқанның атынан жазылған екі хаттың орысша аудармасы ғана екен. Ол тіпті осы хаттардың түпнұсқаларын көрмеген де. 1945 жылы А.Қазақбаевқа жазылған хаттың орысша аудармасын соңында ұлты орыс Борков деген орыс хатшы белінен бір-ақ сызғанын көріп, «бітті, Қажымұқан аш қалды» деген сарында мақала жазып, қуана-қуана жариялап жіберіпті. Осы мақала жүрегін рушылдық, жүзшілдік жаулап алған ұятсыздарға жақсы бастама болыпты.
Мен осы М.Хасанаев басқарған архивте айлап отырып Қажымұқанның атынан жазылған төрт хаттың түпнұсқасын таптым. Бір хат араб әрпімен қазақ тілінде, екіншісі латын әрпімен қазақ тілінде, екі хат кириллицамен қазақ тілінде жазылыпты. Қолтаңбалары әртүрлі. Кей жерлерінде, конверттерінде кириллицамен орысша жазылған сөздер де бар. Бұл хаттарды әркімнің жазғанын білдіреді. Қажымұқан атамыз сауатсыз болған. Кей хаттарда Қажымұқан айтуы мүмкін емес сөздер де бар. Бұл осы хаттардың мазмұнын Қажымұқанның өзі білмегендігін көрсетеді.
Мен дәл осы архивтен үкімет Қажымұқанға 1946 жылдың шілде айынан бастап өзіне 500 сом, қазан айынан бастап балаларына 200 сом, барлығы 700 сом дербес зейнетақы тағайындағанына толық құжаттар таптым. Бұл сол кез үшін өте үлкен қаржы. Қажымұқанның өзі қайтыс болғанға дейін, балалары оқу орнын бітіргенге дейін жоғары зейнетақы алған екен.
Мен жазған 1) Дербес зейнетақы тағайындалған Қажымұқан қалай аштыққа ұшырайды? https://e-history.kz/kz/news/show/846/
2) ҚажыМұқанның хаттары https://e-history.kz/kz/library/read/25170/ атты мақалаларым интернетте әлі тұр. Бірақ, бұған қарап селт еткен ешкім болмады.
Бұл деректер 2021 жылы үкіметтің шешімімен Қажымұқанның 150 жылдығын тойлау кезінде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы(қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының) зиялы қауым өкілдері, қажымұқантанушы ғалымдар, палуанның ұрпақтары, Қажымұқанды көрген ардагерлер, баспасөз және телевидение өкілдері бас қосқан жиында талқыланды. «Қажымұқанның аш болғаны шындық қой» деген үлкен, елге танымал қария да шықты. Нақты, бұлтартпас дәлелдерді келтірген соң, шындық мойындалып, барлығы ортақ тоқтамға келген. Нәтижесінде сол жылы үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша «Күш атасы — Қажымұқан» атты кітап шығарылған және «Айғақ ТВ» түсірген «Әлем мойындаған Күш атасы. Қажымұқан Мұңайтпасұлы» https://www.youtube.com/watch?v=wEpMaeJO2s атты документальді фильмі мен «Қазығұрт» киностудиясы түсірген «Алып күш иесі – Қажымұқан!» атты деректі фильмдер шығарылған.
Облыс көлемінде шындық оңай мойындалғанымен, республика көлемінде шындықты мойындату кезінде көп қиындыққа тап болдық.
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықоваға жазған екі хатымызды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев ғалымдардың талқылауына салмай тоқтатып тастады. Сылтауы «Фильмді ғалымдар қолдайды» депті. Тек осы министр жұмыстан кетіп, орнына Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып Дархан Қыдырәлі келген кезде үшінші рет хат жаздық. Осы министрлік мамандары талқылау өткізгенде талқылауға фильмнің авторы М.Бекбаева да, «Хабар» агенттігі» АҚ ының бір де бір маманы да, Д.Абаев «қолдайды» деген ғалымдарының бір де бірі қатыспады. Бәрі де фильмнің жалған екенін, өздерінің оңбай жеңілетінін біліп, бастарын ала қашты. Талқылауға тек Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мамандары ғана қатысты. Біз оларға фильмнің жалған, зиянды екенін дәлелдеп, фильм жойылуға тиіс екенін мойындаттық. Бірақ, бұл министрлік мамандары ештеңе шеше алмады. Біз енді президент Қ.Тоқаевтың өзіне хат жазып, фильм жойылып, кінәлілер жазалануын сұрадық.
Осыдан кейін барып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мамандары екінші рет онлайн байланысқа шығып, «Хабар» Агенттігі»АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Д.Ж.Жиенқұлов пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кешірім сұрап, фильм ресми ақпарат көздерінен толық өшірілді.
Біз енді Ғылым және Жоғары Білім министрі Нұрбек Саясатқа хат жазып: «Қазақ халқының мақтанышы Қажымұқан палуанның осылай қорлануына, қазақ халқының осындай қорлауға ұшырауына осы министрлік ғалымдары, Ш.Уәлиханов атындағы республикамыздың бас тарихи институтының директоры Зиябек Қабылдинов кінәлі екенін, Д.Абаев З.Қабылдиновтың осы масқара фильмге бас сарапшы болғанын айтқанын еске салып, жауап беруін» талап еттік.
Министрліктің ішіндегі сапырылыстың қандай болғанын, осы министрлік мамандары бізге жауап беруді бірінен біріне лақтырып, 17 рет резолюция шығарғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Ақыры Ш.Уәлиханов институтының директоры З. Қабылдиновтың жауабын негізге алып жауап берді. Онда: «…Институттың ақпаратына сәйкес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен қызметі туралы фильмді дайындауға Институт басшылығы да, ғалымдары да сарапшы ретінде тартылмады.
Фильм түсіру мәселелері Министрліктің құзыретіне жатпайтындығын атап өтеміз. Сондықтан Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы түсірілген фильмге Министрлік қатыспағандығын баяндаймыз.
Институт мамандарының пікірлерін қосымшаға сәйкес жолдаймыз.
Вице-министр К. Ақатов» деп жазыпты.
Ал З.Қабылдиновтың жауабы:
«…Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен қызметі туралы фильмді дайындауға институт басшылығы да, ғалымдары да сарапшы ретінде қатысқан жоқ. Сондықтан да фильмде көрсетілген мәселелерге институт жауап бермейді.
Директор З.Е.Қабылдинов» дейді
Сонда біздің алғашқы екі хатымызға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев пен Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұловалардың жауаптарында «…ғалымдар З.Қабылдинов, М.Керейбай, Ж.Имашевтар сарапшы ретінде тартылды» дегендері өтірік пе?
Екі министр өтірікші ме, әлде еліміздің бас тарихи институты Ш.Уәлиханов институтын басқарып отырған, ҚР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Зиябек Қабылдинов өтірікші ме, түсіне алмадық.
Біздің нақты білетініміз, З.Қабылдиновтың өзі осы М.Бекбаеваның масқара фильмінде 7 жерде сөйлеп тұрғанын қайда қоямыз.
Мен енді қолда бар барлық деректерді жинастырып, Қажымұқан палуанның өмірі туралы «Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Аңыз бен ақиқат» атты еңбек жаздым.
Авторлардың басты мақсаты туғанына 2023 жылы 7 сәуірде 140 жыл, дүниеден өткеніне 2023 жылы 12 тамызда 75 жыл толған:
1)Қазақтан шыққан тұңғыш спортшы;
2)Қазақ даласының батыры;
3)Қазақ спортының атасы;
4)Күрестің үш түрінен әлем чемпионы атағына қол жеткізген қазақ жастарының кумирі:
5) қазақ спортшыларының жарыс алдында сиынатын пірі — Қажымұқан Мұңайтпасұлы Ернақ немересінің өмірбаянына қатысты шешілмей келе жатқан даулы мәселелерді шешіп, нүкте қою.
Еңбекте Қажымұқан өмірінің маңызды кезеңдері бөлім-бөлімдерге бөлініп, куәлердің нақты деректерімен дәлелденген.
Әсіресе, соңғы кездері дауға айналған Қажымұқан өмірінің соңғы, қарттық кезеңі жан-жақты терең талданып, ғылыми деректермен дәлелденген.
Қажымұқанның туған жылы туралы қате деректің пайда болуына себепкер болған да, өмірінің соңында «қазақтар қарамай қойды», «аш болды, жалаңаш болды», «мал қорада өкпесіне суық тиіп өлді» деген сияқты масқара деректердің пайда болуына себепкер болған да Қажымұқанға көмектесуді мақсат тұтқан жанашыр азаматтардың жазған екі хаты мен тұрақты зейнетақы тағайындау мәселесі болғаны еңбекте мұхият талдап көрсетілген.
«Қажымұқанға қартайғанда қазақтар қарамай қойды» деген айыптаудың жалған екенін Латыш елінің атақты палуаны Юхан Тиганенің естелігін, Темірландағы емхананың бас дәрігері болған Ахмет Бектаевтың естелігін, Қажымұқанның өз аузынан айтылған ризалығын келтірген Мұхаметжан РҮСТЕМОВтің әңгімесін, Ордабасы ауданы әкімінің тапсырмасымен көзкөргендерден зерттеу жүргізген коммиссия деректерін келтіру арқылы әдемі көрсеткен.
«Аш болды» дегенге қатысты:
1) Сол хаттың өзінде айтылатын «10-15 отбасына көмектесіп жүрген» Қажымұқан қалай аш болады;
2) Екі жыл өнер көрсетіп, ақша жиып, 1944 жылы отан қорғау қорына 100 мың сом ақша салып, ұшақ жасатқан;
3) 1945 жылы ұлан асыр той жасаған;
4) 1946 жылы Республикалық зейнетақы тағайындау комиссиясы Палуанның өзіне 500 сом, балаларына 200 сом, барлығы 700 сом дербес зейнетақы тағайындаған,
5) 1947 жылдың желтоқсан айында Арыстағы банкіге бір қап ақша ауыстырған Қажымұқан аш болуы мүмкін емес.
Темірланнан Қажымұқанға 1946 жылы үкімет салып берген бес бөлмелі, шиферлі үйде Қажымұқан екі жыл тұрғандығы, Қажымұқан қайтыс болғаннан кейін де сол үйде ұрпақтары 58 жыл тұрғандығы суреттермен нақты көрсетілген.
Қажымұқанның қан қысымынан қайтыс болғанын куәгерлердің деректерін жүйелей көрсетіп, сол кезде Темірландағы емхананың бас дәрігері болған Ахмет Бектаевтың дерегімен нақтылап жеткізген.
Еңбектегі ең бір маңызды дерек бұған дейін Қажымұқанға зейнетақы тағайындалмай қалды деген деректің қате екенін, Қажымұқанға Республиканың А.Қазақбаев, Н.Оңдасынов сияқты басшылары жолын тауып, Қажымұқан тұратын Ақтөбе колзозынан жоғарыға қарай арыз жаздырып, дербес зейнетақы тағайындатқанын құжаттармен нақты дәлелдеп берген.
Қазақ халқының атын әлемге танытқан Ұлы Палуан — Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазіргі Республика жастарының сүйікті кумирі, қазақ спортшыларының жарыс алдында сиынатын пірі, көзі тірісінде тек қазақ халқының ғана емес, татар, өзбек, қырғыз, түрік халықтарының сүйікті палуаны болғаны, «мұсылманның бас балуаны» атанғаны нақты деректермен қызықты баяндалған.
Осы еңбек еліміздің болашағы жастарды Отанын, елін сүюге, еліміздің адал патриоты болуға жетелейтін маңызы зор еңбек деп санаймыз.
Министр Нұрбек Саясатқа екінші рет хат жазып, осы еңбегімді министрлік ғалымдарының талқылауына салса дәлелдеп беруге дайын екенімді, дәлелденген соң кітап қылып шығарып, Қазақстанның барлық институттарына таратуын сұрадым.
Жауап:
Құрметті Бекжан Кәленұлы!
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Сіздің өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі кеңейтілді.
Аталған академиялық дербестік аясында жоғары оқу орындары бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен білім беру процесін, зерттеулерді, тәрбиелік және әлеуметтік-мәдени қызметті қамтамасыз ету үшін баспа және полиграфиялық қызметтермен айналыса алады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сіздің Қажымұқан Мұңайтпасұлының өміріне қатысты жаңа деректерді қамтитын еңбегіңізді басып шығару жөнінде ұсыныспен жоғары оқу орындарына тікелей жүгінуге болатынын хабарлайды.
Төрағаның міндетін атқарушы Б. Нарбекова
Ақыр соңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен жоғары оқу орындарынан осы еңбекті кітап қылып шығаруға рұқсат алынды.
Соңында осы еңбек бұрынғы Оңтүстік Қазақстан(қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы) мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми кеңесінде қаралып, баспаға ұсынылған еді.
Жауап:
Бұл еңбектің Қажымұқан туралы бұрынғы еңбектерден ерекшелігі Ғылым және Жоғары білім министрлігі ғалымдарының тексеруінен өтіп, ғылыми кеңестің шешімімен жарық көрді.
Еңбекте: 1) Қажымұқанның туған жері Отырар ауданы, Шілік ауылдық кеңесіне қараған Қаратөбе ауылы екені нақты дәлелденген.
2) Қажымұқанның туған жылы бұрын жазылып жүргендей 1871 жыл емес, 1883 жыл екені дәлелденген.
3) Қажымұқан өмірінде ештеңеден таршылық көрмей, халқының құрметіне бөленіп өмірден өткені жан-жақты баяндалған.
4) Қажымұқанның толық өмірбаны жазылған.
Қазақ халқының тарихында әлемді мойындатқан, жастарымызға мақтанышпен жыр қылып айтуға болатын Ұлы тұлғалар аз емес:
Отан қорғаудың керемет үлгісін көрсеткен Тұмар патшайым, Шырақ батыр, Шу батыр, Қайырхан бастаған Отырарлықтар;
Әбу Насыр әл-Фараби бастаған Отырарлық ғалымдар;
Дін саласында Бабтардың бабы Арыстанбаб;
Музыка саласында Әбу Насыр әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов бастаған Отырар, қаңлы музыканттары;
Поэзияда еңбектері 200-ден аса тілге аударылған М.Шаханов және т.б.;
Спорт, туризм саласында қазақтан тұңғыш болып әлемнің бес құрлығын аралап, басы барды идіріп, иығын жерге тигізіп, қазақ халқының атын әлемге танытқан қазақ спортының атасы Қажымұқан палуандарды жырлайтын қаншама том-том дастандар жазуға болар еді.
Әттең, … егемендік алғанымызға 34 жыл өтсе де Ұлттық идеология саласының кері кетіп тұрғаны.
Халқымыздың «Болатын елдің жігіттері бірін бірі Батырым дейді», «Батаменен Ер көгерер», «Отан үшін отқа түс, жанбайсың» сияқты даналық өсиеттері қаншама.
Адамның бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет — өз Отанына, өз халқына, өз халқының абыройын асырған Ұлы Тұлғаларға деген махаббат.
Ұлыларды құрметтеу – ұлт болашағының кепілі!
Бекжан Кәленұлы Бейсенбай,
Отырар ауданының құрметті
азаматы, Отырартанушы.