Осы аптаның сәрсенбі күні Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің мәжіліс залында «Әке-асқар тау, биік шың!» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімінің орынбасары Құлмаханов Айдос Құлмаханұлы, Шәуілдір ауыл әкімі Қыдыр Ғалым Сағындықұлы, ардагер ұстаз Көлбаев Жалғасбай, аудан прокуроры Ақылбек Сұлтанғалиұлы, Ш.Қалдаяқов мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Киізбаев Серғазы және Жамбыл мектеп-лицейінің инспекторы Қапалбайұлы Бақытжан және ата-аналар қауымы қатысты.
Сыр-сұхбат форматында өткен шараның басты мақсаты жас жеткіншектерге әкенің отбасындағы рөлін, қадір-қасиетін дәріптеу, балалардың ата-анасына деген сүйіспеншілігін арттыру, құрмет көрсетуге тәрбиелеу. Іс-шараның шымылдығын «Менің әкем ең жақсы адам» әнімен мектеп оқушыларынан құралған топ ашты. Әуезді әннен кейін сөзге тізгін алған аталарымыз қалың көпшілікке отбасы және ондағы тәрбие жөнінде ақыл кеңестерін айтып, өз ойларын ортаға салды.
Мұнан соң ашық микрофонда әр бала – отбасының, әр азамат – мемлекеттің көрінісі екенін баса айтып, бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да жауапкершілігі бірдей екендігін, алайда, әкенің рөлі бір саты жоғары болуы қажеттігін, өйткені ер бала үшін әке еліктеудің нағыз үлгісі және басты кеңес берушісі екенін сөз алған әкелер ерекше атап өтті.
Ағаның алды қашан да ақ жайлау. Әлемге әйгілі түрік ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Талап-тәртіп көрсе бала күнінде, нәтижемен қуантады түбінде» деген қанатты сөзін тілге тиек етіп ел сыйлаған, кішілерге сыйлы адам болған аға буын өкілдері жиында арттарынан ерген өскелең ұрпаққа өз ақыл-кеңестері мен ақжарма тілектерін білдірді.
Ата-анадан кейінгі баланың ең жақын жанашыры бұл әрине мұғалім. Бала көп уақытын ұстаздардың жанында, достарының қасында өткізеді. Ия, ұстаздар 45 минут қана сабақ беретін шығар, алайда олардың іс-әрекеті, ұлағатты сөздері баланың санасына сіңіп, ойында жатталып қалады. Бір сөзбен айтқанда, мектеп – тәрбие мен білім ордасы екендігін тілге тиек еткен ұстаздар қауымы өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытындағы келелі ойларын ортаға салды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Ұл туып, ұлы жолда қызмет етсе, ұлтқа зор, одан бар ма асқан ырыс» дегендей ұлы жолда қызмет етіп жүрген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы, мектеп инспекторы Қапалбайұлы Бақытжандар жиында сөз алып, іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін атап өтсе, жиынды қорытындылаған Жамбыл мектеп-лицейінің директоры Хадиша Әуесқызы іс-шараға атсалысқан барша азаматтарға өз алғысын білдіріп, мұндай мәнді, маңызды шаралар білім ошағында алдағы уақыттарда да ұйымдастырыла беретіндігін ерекше атап өтті.
Кәдірхан МАХАНБЕТ.