Otyrar Alqaby
Жаңалықтар

Ардагер ұстаздарға құрмет: Отырар ауданына саяхат

М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Шежіре» бірлестігінің желтоқсан айындағы «Тарихи тұлғалар – өткеннің дауысы» атты айлық жоспары аясында ардагер ұстаздарға арналған ерекше шара ұйымдастырылды. Іс-шара мақсаты – ардагер ұстаздарға құрмет көрсету, олардың ерен еңбек жолын дәріптеу және Отырар ауданының тарихи, мәдени және рухани мұраларын таныстыру болды.
Саяхат барысында ардагер ұстаздар Отырар ауданы әкімінің орынбасары Құлма­хан Айдос Құлмаханұлымен кездесіп, оның жылы лебіздері мен құттықтауын қабыл алды. Әкім орынбасары ардагерлерді арнайы марапаттап, олардың білім беру саласындағы еңбектеріне алғыс біл­дір­­ді.
Ардагерлер ауданның тарихи-мә­дени мұраларымен танысу мақсатында Оты­рар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына барып, ондағы құнды экспонаттарды тамашалады. Мұражайдағы жәдігерлер арқылы Отырардың бай тарихы мен мәдениеті туралы терең мағлұмат алып, тарихи тағылымы мол рухани азық жинады.
Сапар барысында ұстаздар Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, ізгі тілектерін айтып, рухани тыныштыққа бөленді.
Ардагер ұстаздар ұйымдастырылған шараға ризашылықтарын білдіріп, осын­­дай құрмет пен қамқорлық олар­дың жүректеріне ерекше жылулық ұялатқанын жеткізді. Бұл шара өскелең ұрпаққа ардагер ұстаз­дар­­дың еңбегін дәріптеп, олардың өткенге құрметпен қарау, тарихты бағалау және рухани байлықты сақтау сияқты асыл құндылықтарды бойына сіңіруіне үлгі болды.

Гүлмира Оразбайқызы Кәдірберді,
М.Әуезов атындағы жббм
тарих пәнінің мұғалімі.

Пікір жазу