Otyrar Alqaby
ЖаңалықтарҚұттықтау

АУДАНДА АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРҒА ТӨСБЕЛГІЛЕР ТАБЫСТАЛДЫ

  Жақында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы алтын құрсақты аналарды қабылдап, құрмет көрсетті. Ардақты жандарға ҚР Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.
Аудан басшысы еліміздің демографиялық дамуына үлес қосып жүрген батыр аналарға айрықша алғыс білдіріп, қоғамдағы ана мен баланың рөлі өте маңызды екенін атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Әр шаңырақтың ұйтқысы, берекесін еселеп жүрген аяулы аналардың қоғамдағы орны бөлек. Олар Тәуелсіз елдің жарқын, айбынды ұрпағын тәрбиелеуде. Баласын елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан — барлық мақтауға лайық. Отбасыларыңызға амандық тілеймін», — деді.
Мейірімге толы шарада құрметке бөленген аналар ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Жыл сайын Мемлекет Басшысының Жарлығымен жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарға «Күміс алқа» беріледі. ҚР Президентінің 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №739 Жарлығы бойынша отырарлық 4 анаға «Алтын алқа» және 17 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталып отыр.
Айта кету керек, бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 693 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1336 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.
Отырар ақпарат.

Пікір жазу