Otyrar Alqaby
Жаңалықтар

АУДАНДА ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ТІРЕК ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жуырда Талапты ауылдық округіне қарасты Шытты ауылында фельдшерлік-акушерлік тірек пайдалануға берілді. Шыттылықтардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы барып, нысан құрылысының аяқта­луын асыға күткен ауыл тұрғындарын құттықтады.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Ауданымызда жаңадан ашылып жат­қан медициналық нысан халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт­талған нақты қадамдардың бірі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулы­ғын нығайтып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға септігін ти­гізеді. Мемлекетіміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан әр азаматтың денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту – басты міндетіміз. Осы тіректің ашылуы арқылы сіздер сапалы медициналық көмек ала аласыздар. Мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ кәсіби мамандардың қызметі де ауыл тұрғындарына қолжетімді болмақ»,-деді.
Салтанатты жиында Түркістан об­лыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, жұмысына сәт­тілік тіледі.
Мұнан соң 80 жастан асқан ауылдың қариясы Өтебай Әбдіхалықов игі істің басы-қасында жүріп атсалысқан аза­маттарға ауыл тұрғындары атынан шынайы ризашылығын білдіріп, ақ бата­сын берді.
Шара барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, қонақтар заманауи құ­рал-жабдықтармен жабдықталған жаңа нысанның ішін аралап көрді.
Айта кету керек, Шытты ауылында 1300-ден астам тұрғын бар. Ауыл тұрғындары бұрындары басы ауырып, балтыры сыздаған кезде аудан ор­та­лығына, Шәуілдір ауылына баратын. Енді тұрғындар үшін жаңа медициналық тіректе мамандар қызмет көрсететін болады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу