Әрбір ғылым жолындағы тұлғаның алар асуы ең әуелі ғылыми диссертациясын, яғни зерттеу тақырыбындағы өзіндік тұжырымдары мен нәтижелерін дәлелдеп шығу. Ол көп жылдық терең ізденіс пен осы жолдағы аянбас еңбекті, мұқалмас жігерді, күнделікті өмірдің күйбең тіршілігін осы жолға бағындыра білуді қажет етеді. Бабаларымыздың «Ғылым — инемен құдық қазғандай» деуінің сыры да осында жатса керек.
Бүгінде Қазақстан әлемдік ғылым мен білім беру кеңістігіндегі белді ұйымдарға мүшелікке өтіп, ғылымды дамытудың жаңа жолына түскені баршамызға белгілі. Соның бірі ғылыми дәреже беру, ғылыми диссертация қорғаудың жаңаша үлгісі. Нақтырақ айтқанда, «ғылым кандидаты», «ғылым докторы» дәрежесін алу тоқтатылып, оның орнына бір ғана «философия докторы» дәрежесін беру енгізілді. Міне, осы бағытта жерлесіміз Көксарай ауылының тумасы Исаев Мұхтар Сейтханұлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Болашақ тарих мұғалімдерін «Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқытуға даярлау әдістемесі» деген тақырыпта философия докторы дәрежесі үшін ғылыми диссертациясын сәтті қорғап, Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 3 сәуір 2017 жылғы №460 бұйрығымен «Философия докторы» дәрежесіне ие болды.
Ғылыми-зерттеу жұмысында бүгінгі тарих мұғалімі кім, ол нені оқытуы керек, қалай оқытуы керек деген сауалдарға тұшымды жауап беріледі. Сонымен қатар, тарих мұғалімдерін даярлаудың тарихы, оны жетілдірудің жолдары мен тарихты оқытуды құндылықтармен сабақтастырудың жолдары ұсынылады. Тарихты оқытуда әлемдік білім беру жүйесіндегі соңғы әдіс-тәсілдерді қолдану жайы нақты дәлелдермен дәйектеледі.
Тарихтың мақсаты адамдарға тек өткенін ғана білгізу емес, рухани дүниесін қалыптастыру. Тарих — үздіксіз даму үстінде болатын ғылым. Өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес, қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаттылығы мен белсенділігі орасан зор маңызға ие. «Тарихсыз — халық жоқ» деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Тарихты зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Туған жер, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрі, тыныс-тіршіліктерін тарихтан оқып білеміз. Өнеге алып, болашағымызды болжаймыз, қателіктерін қайталамауға тырысамыз. Өткен замандардағы дара тұлғалардың ерлік дәстүрін оқып-білген жас ұрпақтан ғана елім-жерім деген ерлер шығады. Тарих пен шежіре – ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп өсіреді. Осынау ойлар ғылыми еңбектің мазмұнына арқау болады.
«Адамның жақсы болмасы – тегінен» деген сөз тегіннен тегін айтылмаса керек. Ұлық тәрбие мен білімнің мәнін түсіндіре білу ұрпақ тәрбиесіндегі ата-анасы мен бабалар шапағатынан келді деуге болады. Мұхтар деген ұлы есімді ұсынған арғы атасы Ыса Әсілұлы, атасы Біләл, әкесі Сейтхан ел аузында далалық даналығымен, зиялылығымен, сөзге шешендігімен белгілі азаматтар. Анасы Сайлаукүл жастайынан «математик» атанып, бүкіл өмірін мейірімге арнаған ақ халатты абзал жан болатын.
Әкесі ұзақ жылдар Отырар ауданындағы Көксарай ауылында басшылық қызметтер атқарған. Қазіргі уақытта еңбек демалысында. Анасы Әбдешова Сайлаукүл Әбдешқызы Көксарай ауылдық дәрігерлік амбулаторияда бас мейірбике қызметін атқарған.
Исаев Мұхтар Сейтханұлы 1983 жылы 12 қарашада Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылында дүниеге келді. 1990 жылы осындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 1 сыныбына барып, 1997 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына ауысып, 2001 жылы үздік бітірді.
2001 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, 2005 жылы философия мамандығын үздік дипломмен аяқтады. 2006 жылы осы университеттің философия мамандығы бойынша магистратурасына оқуға қабылданып, 2008 жылы үздік дипломмен бітіріп шықты. 2009 жылдың 1 желтоқсанынан бастап аталған университеттің Философия кафедрасына оқытушы болып жұмысқа қабылданды. 2013-2016 жылдары аталған университеттің тарих мамандығы бойынша докторантурасында оқыды. 2016 жылдан 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Осы музейде қызмет атқару барысында «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» атты ғылыми еңбегін жариялауға қатысып, қазақтың қоғамдық-саяси тарихында өшпес із қалдырған осынау тұлғаларды мәңгілікке тыныс тапқан жеріне қайта таныстырды. 2017 жылы Астана қаласында осы музейдің қызметтік тағылымдамасы негізінде біршама уақыт Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет басқармасында жұмыс жасады. Музей ғалымдарымен бірге Мәдениет және спорт министрлігі қаржыландыратын «Қазақстандағы рухани жерасты мешіттерінің тарихы және «Қылует» жерасты мешітін музейлендіру гранттық жобасы аясында көптеген зерттеулер жүргізіп, «Қазақстандағы рухани жерасты мешіттерінің тарихы» атты монографияны жарыққа шығарды.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері болды.
2022 жылы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтті. Тағылымдама барысында Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы архивтерде зерттеулер жүргізіп, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Мәскеу қаласында оқыған қазақ зиялылылары мен Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі және қоғамдық-саяси қызметімен байланысты бірнеше құжаттар тауып, ғылыми айналымға енгізді. Мәскеу архивтерінде ізденістерінің нәтижесінде табылған құжаттардың арасындағы аса құнды деп бағаланатын, тарихшы ретіндегі еңбек жолының жетістіктерінің бірегейі, өте маңызды ең құндысы қазақтың зиялы азаматы Жаһанша Досмұхамедовтың 1910 жылы жазған «Қазақтың әдет заңының негізгі ұйғарымдары және оларды жүзеге асырушы орган ретіндегі халық соты» тақырыбында жазған дипломдық жұмысы еді. Сонымен қатар, Телі Жаманмұрынов, Мұса Сейдалин, Сатылған Сабатаев, Нәзір Төреқұлов, Хасен Бекентаев, Нұх-ғалым Рамазанов, Дәулетше Күсепқалиев, Халел Ғаббасов, Мұқыш Боштаев, қазақтың тұңғыш дәрігер қыздарының бірі Аққағаз Досжанова сынды азаматтардың қазақ халқының тәуелсіздігі, мәдениеті, тарихы, әдебиеті, ғылымы үшін жасаған ерен еңбектерін халқына қайта таныстырды.
Көптеген зерттеулер мен ғылыми қызметтерді нәтижелі атқаруына орыс, түрік, ағылшын тілдерін жоғары деңгейде меңгеруі септігін тигізді.
Бүгінде елуге жуық ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалардың, 1 монографияның, 2 оқулықтың, 3 оқу құралының, сондай-ақ, бірнеше ақпараттық басылым беттерінде жарық көрген мақалалардың авторы. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша «Болашақ тарих мұғалімдеріне «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту әдістемесін ақпараттық және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы дамыту» тақырыбындағы ғылыми жоба жетекшісі. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Осы орайда, Мұхтар Сеитханұлы басқарып отырған кафедра елімізде тұңғыш рет ашылған Теология факультеті құрамында «Психология-Дінтану», «Социология-Дінтану», «Философия-Дінтану» мамандықтары бойынша білікті мамандар даярлап жатқандығын да айта кетуіміз керек.
Биылғы жылы қырықтан асып отырған ғалым, ұлағатты ұстаз жолдасы Рысбекова Ақбота Мэлсқызымен бірге 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп келеді. Кейіпкерімізге зор денсаулық, мол бақыт, толағай табыс, ел алдында атқарар істеріңізге тәңір жарылқасын тілейміз!
Нұрғайша Ералықызы Алшынбаева,
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.