Otyrar Alqaby
ЖаңалықтарҚоғамМәдениет

ҚОС БІРДЕЙ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Облыс орталығы Түркі­стан қаласында Отырар ау­данының Құрметті азаматы, әдебиеттанушы, этнолог және өлкетанушы, Отырар аудандық Руханият — Әбу Насыр әл-Фараби музейінің негізін қа­лаушы Абдулла Жұмашов­тың «Фараби елі» және «Әл-Фарабиден бүгінге дейін» ат­ты қос кітабының тұсаукесері өтті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен кеш қа­зақ халқының ұлы тұлғалары­ның бірі, әлемге әйгілі данышпан Әбу Насыр әл-Фарабиге және оның елінің мұрасына арналды.
Аталған жиында облыстық Мәдениет басқармасы басшы­сының орынбасары Ержан Исатаев сөз алып, мәдени шара қазақ руханияты үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев­тың сәлемін жеткізіп, алғыс хат пен арнайы сый-сияпатын табыстады.
Көпшілік назарына Абдулла Жұмашовтың өзі негізін қала­ған музейден арнайы дайын­дал­ған кітап көрмесі ұсыныл­ды. Бұл көрме әл-Фараби мұ­­расын танытудағы құнды ең­­бектер мен сирек кездесетін материалдарды қамтыды. Сонан соң кітаптардың мазмұ­нын тереңірек таныстыру үшін арнайы дайындалған бейнеро­лик көрсетілді.
Іс-шараға белгілі ғалым­­дар, зерттеушілер, тарихшылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында дінтанушы, тарихшы Жандарбек Зікірия Заманханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазі­ретәлі Маханұлы, сондай-ақ облыстық, аудандық және қа­лалық кітапхана мен музей бас­шылары болды.
Шара барысында Қазақ­­стан реставрациясының құрметті ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Тұяқбаев пен тех­ника ғылымдарының док­­­­торы, қоғам қайраткері Әлім­­жан Құртаев кітаптың тұ­­сауын кесті. Философия ғы­лым­дары­ның докторы, профессор Досай Кенжетаев кешті тізгін­­деп, ғылыми баяндама жасады. Түркістан қалалық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Майгүл Тұрыскелдиева «Өсиет» тер­месін орындап, көрерменді тебірентті. Сонымен қатар кеш кейіпкерінің немересі, күйші Ақарыс Абдулла Төлеген Момбековтың «Салтанат» пен «Адай» күйін орындап, ша­раның рухани деңгейін одан әрі биіктетті.

Тұсаукесердің соңында қа­тысушылар жазушы Абдулла Жұмашовпен сұрақ-жауап форматында мазмұнды әңгіме-сұхбат жүргізіп, пікір алмасты. Қорытынды сөзінде автор ша­раны ұйымдастырушыларға шы­найы ризашылығын біл­діріп, алғысын айтты. Қаты­су­шылар бұл кештің рухани байлықты дәріптеген айтулы оқиға екенін айтып тарқасты.
Айта кетейік, бұл рухани жиын Әбу Насыр әл-Фараби елінің баға жетпес мұрасын дәріптеуде және ұлттық мә­дениетімізді дамытуда тағы бір маңызды қадам болды. Абдулла Жұмашовтың музейіндегі ерекше көрме де осы мұраны жас ұрпаққа танытудың жар­қын үлгісі ретінде есте қалады.

«Отырар-ақпарат».

Пікір жазу