Жуырда аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сала мамандарымен бірге бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жоспарлы жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Аралау барысында аудандық мәслихат депутаттары Нұржан Орынбасар, Асан Аралбай, Бекзат Төкеев құрылыс нысандарында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Аудан басшысы жөндеу жұмыстарына қатысты жауапты басшылар мен мердігер мекеме өкілдеріне пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасы бойынша бірқатар ескертпелерді атап өтіп, атқарылған жұмыстардың нәтижесі қанағаттандырарлықсыз жағдайда екенін ескертті.
Алдымен Қоғам ауыл округі, Мыңшұңқыр елді мекеніндегі балалар ойын алаңшасы мен Талапты ауыл округі, Ынталы елді мекеніндегі спорт алаңшасын аралаған аудан әкімі белгіленген мерзімге дейін тиісті жұмыстарды атқару керектігін айтып, жауапты сала басшыларына бақылауда ұстап, орындалуын қадағалауды жүктеді.
Сондай-ақ, Шәуілдір ауылындағы ойын алаңшаларын көрген аудан басшысы мердігер мекемелердің өкілдеріне жөндеу жұмыстарын сапалы атқаруды және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
— Әрбір жүктелген жұмыстарға жауапкершілікпен және жанашырлықпен қарау керек. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан шаралар бақылауда болатынын ескертемін. Бастысы – құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс, — деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.