Биыл отырарлықтар Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесін ерекше салтанатпен атап өтті. Орталық алаңда ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, отырарлық қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы Наурыз мерекесі отырарлықтар үшін ерекше тарихи
мерекелер бастауында тұр. Биыл киелі Отырар ауданының құрылғанына 90 жыл, «Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, «Отырар алқабы» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 90 жыл, Қазақстанның Халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен белгілі сатирик Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл секілді мерейтойлармен қатар келіп отыр. Бір сөзбен айтқанда биылғы жыл тарихи мерекелер мен оқиғалар тоғысқан жыл болып тұр.
Осындай айтулы оқиғалар қарсаңында тойланған Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара театрландырылған қойылыммен басталды. Мерекелік шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов аудан тұрғындары мен арнайы шақырылған қонақтарды ұлық мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз мейрамы биыл киелі «Отырар ауданының 90 жылдығы» мерейтойымен қатар тойланып отыр. Қойнауы қазынаға толы, жері киелі, тарихы шежірелі Отырар ауданы өңіріміздегі іргелі, алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Тамыры терең, тарихы кенен ауданымыз биыл өзінің 90 жылдық айтулы мерейтойын атап өтуде. Аталған мерейтойдың кең көлемде тойлануы екі бірдей Кеңес Одағының Батыры мен 21 Сациолистік Еңбек Ері шыққан ауданымыз үшін зор қуаныш. Бұл Тәуелсіздігіміздің жемісі, мемлекет саясатының нәтижесі деп білемін. Баршаңызды береке мен бірліктің бастауы, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын»,-десе, аудандық мәслихат төрағасы ұзақ жылдар бойы тойланбай тоқтап қалған Наурыз мейрамын қазақ даласында қайта тойлануына мұрындық болған жерлестеріміз Ө.Жәнібек пен М.Шахановтың еңбектеріне тоқталып, көпшілікт жақсылық пен жаңғырудың жаршысы болған мерекемен құттықтады.
Мұнан соң аудан әкімі мен мәслихат төрағасы ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан азаматтар мен ұжымдарға «Сала саңлағы» номинациясын тапсырды.
Марапаттаулардан соң белгілі әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек пен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, депутат Мұхтар Есжанов пен облыстық мәслихат депутаты Мырзахан Манапов, ауданның Құрметті азаматы Бейбіт Сыздықовтар Наурыз мерекесінің мән маңызына тоқталып, жерлестерін тарихи мерейтойлар тоғысында тойланған мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, арнайы тігілген киіз үйлерде наурыз көжеден дәм татып, салт-дәстүрлердің көрінісі (тұсаукесер, бесікке салу, беташар, алас т.б.) көрсетілді.
Наурыз тойда білектілер мен жүректілер сынға түскен ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар басталып, көпшілік тартысты сайыстарды ерекше қызығушылықпен тамашалады. Ұлттық спортымыз «Қазақ күресінен» қоғамдық Пайызхан Мұқағали «Түйе палуан» атанып, бөрене көтеруден маяқұмдық Санжар Бақтыбай алдына жан салмады. Ал, түйе арқан тарту сайысында Б.Стамқұлов, мас-рестлинг сайысында ақтөбелік Асқар Ербақыт жеңімпаз атанды. Осылайша ауданымызда Наурыз тойы ыстық ықыласпен, сән-салтанатпен тойланып, тұрғындар ерекше сезіммен, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«Отырар-ақпарат».