Otyrar Alqaby
ӘлемБілімЖаңалықтарҚоғамМәдениет

Тарихты қайта зерделеу. Отырар кітапханасы

Қазір «Тарихты 300 жылға кейін шегіндірсең американдықты таппай қа­ласың, 700 жылға кейін шегіндірсең ағылшынды, 1500 жылға кейін шегіндірсең орысты, 2000 жылға кейін шегіндірсең неміс пен французды таппай қаласың. Ал тарихты қанша шегіндірсең де алдыңнан түрік шыға береді, шыға береді. Себебі, түрік жер бетіндегі тарихы ең бір тереңге кеткен Ұлы халық» деп жүр.
Қытай тарихының атасы атанған Си-ма Чиян Қытай тарихының басталу мерзімін б.д.д 697 жыл деп көрсетсе, ұлы философ Кун- Фу- Зы б.д.д 357 жылдан бастайды.
Соңғы ғасырларда ғана техникалық прогресті барынша пайдаланып, жанталаса қаруланудың арқасында әлемді отарлаған осы халықтар ғылым мен өнердің бар мүмкіндігін аяусыз пайдаланып, бірлігі кеткен әрі техникалық прогресті адамзатқа қарсы қолдануды қаламаған көне халықтарды қолына қаратты, отарлап алды. 

Отаршылар бір кездегі түріктердің Ұлы Тарихын ұмыттырып, бір кездері әлемді билеген Түріктердің Қасиетті Рухын қайта оятып алмас үшін, тарихты өзгертуге жанын салды. Ол үшін олар жалған тарих жазып шықты.
Бұл үшін қытайлар екі мың жылға жуық хатқа түскен тарихын қайта жазып шықты. Қайта жазылған тарих бойынша бір кездері пирамидалар салып, ең бірінші темірді игерген, бүткіл адамзатқа жазу — сызуды үйретіп, абыройын жабатын шалбарды сыйлаған түріктердің арғы аталары жабайы болып шыға келді. Сонда да болса «қытайдың Шэнси өлкесіндегі жүздеген пирамиданы, Тибет жеріндегі теңдесі жоқ пирамидаларды салған кім?» — деген сұраққа жауап бере алмады. Бар болғаны Шэнси өлкесі мен Тибет шетел азаматтары үшін аяқ басуға болмайтын, жасырын, жабық өлкеге айналды.
Өздерін басқалардан жоғары етіп көр­сету үшін ұлтшылдар не ойлап таппады дейсіз.
XVI ғасырдағы ағылшын епископы, ағылшындарға «сендер неміс, француз не италяндық болмай, дүниеге ағылшын болып келгендерің үшін құдайға күніне он рет құлшылық етіңдер. Себебі, құдайдың өзі ағылшын.» деп жариялапты. Бұл сөзге ағылшындар сенді ме, сенбеді ме білмедім. Белгілісі сол, осы кезге дейін тарих сахнасында бір де бір рет көзге түспеген ағылшындар, рас қазір құдай емес, бірақ құдайдан да былай емес.
Ал XX ғасырдағы Гитлер бастаған неміс ұлтшылдарының «таза қанды арий» идеясымен әлемді қанға бөктіргені бәрімізге белгілі.
Сол сияқты түріктердің арқасында кең байтақ Ұлы Даланы қолына қаратқан орыс мемлекетінің тарихшылары да тарихты қайта жазып шықты. Бұл тарих бойынша XIX ғасырдың соңына дейін өз басында билігі жоқ крепостной болып келген орыс халқы Ұлы Орыс халқы болып шыға келді де, бір кезде адамзатқа өркениетті үйреткен түріктер, ылғи да малдың соңынан көшіп жүрген, жазу-сызу өркениеттен мақұрым қалған, жабайы халық болып суреттелді. Ал басқаша ой айтқанның бәрі түрікшіл, ұлтшыл деген айдармен жазаланды. Олар тіпті орыс халқының шыншыл тұлғаларын да аямады. Гумилев, Потанин сияқты шыншыл тұлғаларды түрмеге жапты, жер аударды.
Түріктердің тарихи жадын өшіріп, рухын езіп жаншу үшін олар ештеңеден де аянбады. Тарихи ескерткіштерді жойып, алфавитті қайта қайта ауыстырып, діні мен салт дәстүріне де араласты. Ал «халықтар теңдігі» мен «пролетариаттың билігін» ту еткен Кеңестер Одағы патшалық Ресейден де асып түсті. Ұлты грузин жез мұрт «бұл сары бәлелерді» деп тістеніп, қазақ халқының бар сөзін сөйлер, бас көтерер, білімді азаматтарын аяусыз қасапханаға айдатыпты.
Осылайша, мыңдаған жылдар бойы өркениеттің алдында болып, басқаларға ғылым-білімді үйреткен Орталық Азия түріктері, біздің дәуіріміздің орта ғасыр­ларында ғана тарих сахнасында көріне бастаған орыстардан өркениетті үйренуші болып шықты.
Әрине бәрі бірдей осылай жалғандыққа жол берді десек, ол әрине бүткіл адам­затқа топырақ шашқанмен бірдей бо­лар еді. Арасында шындықты айтып шырылдағандар да болды. Ертедегі грек ғалымдарының еңбектерінде, кейбір орыс, Еуропа зиялыларының еңбектерінде, бұлт­тан шыққан күннің сәулесіндей жарқ еткен, шындықты кездестіріп қаласың.
Француз ғалымы Рене Груссе өзінің «Дала империялары» атты еңбегінде: «…Тюр­ки будучи умными, уравновешенными, прак­тичными людьми, были, тем не менее созданы для правления.
…стрелки на седлах из степей правили над Евразией до XVI века.»[12] (8-9;19) деп жазды.
Ал «дәстүршілдік» деп аталатын ғылыми бағыттағы Рене Генон, Юлиюс Эвола, Фритьоф Шюон сияқты ғалымдар: «Біз татар әулетіне, адамзаттың ұстаздары бо­лып саналатын татар данышпандарына, татар нәсіліне сатқындық істедік.» дейді. Бұл жердегі «татар» дегені — ежелгі грек­терше- скифтер; парсыларша-тұрандықтар, сақтар; қытайларша-хуннулар, тукюлер.
Дания ғалымы Томсон жазу сызудан мақұрым халық деген Орталық Азия түріктерінің орыстардан әлдеқайда бұ­рын өз төл жазуы болғанын дәлелдесе, XX ғасырда табылған ғажайып өнер туындылары «скиф­тердің аң стилі» деген атауға ие болып, олармен бірге жазылған жазулар орыстар түгілі Европаның ақсүйекпіз деп жүрген арилерден де бұрын түріктердің төл жазуы болғанын мойындатты.
Бір ғажабы сол, б.д.д.3100 жылдары пайда болған деп саналатын Шумер жазуы да, б.д.д.1800 жылдары Египетті билеген көшпенді халық Гиксостар жасаған Египет жазуы да, б.д.д. 1500 жылдары қазіргі Италия жерінде алғашқы өркениетті жасаған Этруск жазуы да, б.д.д. V ғ. Орта­лық Азияның сақтары да, б.д.д. III ғ. мен б.д. IV ғасыры аралығында Орта Азияда жасаған қаңлылар да, б.д. VII ғасырындағы Түрік қағанатының жазуы да алфавиттері 26 әріптен тұрады. Қарап отырсаңыз бәрі бір-бірімен тығыз байланыста болған сияқты.
Мен бала кезімнен кітапты көп оқыдым. Есейген кездері тарихи еңбектерді көбірек оқыдым. Бірақ, мамандық таңдағанда техникалық мамандықты таңдадым. «Тамақ өнеркәсібінің инженер механигі» деген диплом алдым. Өмір бойы өндіріс саласында жұмыс істедім. «Жазумен айналысымын, тарихшы боламын» деген ойыма да кірген емес.
1993 жылы үлкен қарияның Отырардың мақтанышы Қайырханды қаралаған мақа­ласын оқып алғаш рет қолыма қалам алдым. Мақалам аудандық газетте жарық көрді. Оқығандар жабыла мақтап жатты. Әлгі қария үш күннен кейін іздеп келіп кешірім сұрап кетті. Осыдан кейін ауданда бұл тақырыпқа теріс мақала жазылмайтын болды.
Содан бастап мен жаза бастадым. Не­гі­зінен тарихи тақырыпқа жаздым. Мақалаларым тек аудандық емес, облыстық, республикалық басылымдар мен интернет беттерінде тоқтаусыз жарық көріп жатты. Қыза-қыза келіп тарихы ондаған мың жыл тереңге кететін тылсым Атлантидаға келгенде маңдайым тауға тірелгендей болдым. «Өте күрделі тақырып, маман тарихшылардың қолдауынсыз жариялай алмаймыз» дейді барлық редакторлар ке­лісіп алғандай. Аудандағы атақты тарихшыға беріп едім, бір ай күтіп «Әр­кімнің өз жұмысымен айналысқаны дұрыс қой» деген жауап естідім. Ауданнан, Түркістан, Шымкенттен қолдау таппай, Әлімжанның ақылымен Астанаға шықтым. Ол жақта аты бүткіл түркі әлеміне әйгілі Қойшығара Салғарин, Әділ Ахметов, Оразақ Смағұл сияқты тұлғалардың қол­дауымен 1993 жылы алғашқы кітабым «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» Фолинт баспасынан жарық көрді.
Кітап шыққаннан кейін қолдаушылар тіпті көбейді. «Егемен Қазақстан» газетінен бастап түрлі басылымдарда бұл кітап туралы мақтаған мақалалар жарияланып жатты. Тіпті мен білмейтін бір Алматылық ғалым керемет мақтау мақала жазып, үш баспасөз бетінде жариялады. Содан кейін барып, ол кісіні іздеп барып таныстым.
Он жеті түркі елдерінің ғалымдарын біріктіретін Түркі академиясындағы фо­рум­да академик Мырзатай Жолдасбеков мақтап, аяғым жерге тимей ұшып кеткен­дей сезімде болдым. Сол түркі академиясы­ның президенті Дархан Қыдырәлінің қа­былдауында болып, екеуміз төрт сағат тарихты соғып, шыққанымда, қабылдау бөлмесінде күтіп отырған тола адамдардан ұрыс та естідім. Кешірім сұрауға тура келді. Әсіресе, бұрынғы Сенаттың төрағасы бол­ған Өмірбек Байгелдінің үйінде екеуміз­дің тарихты сілтегеніміз есімде. Кемпірі ке­ліп ұрыспаса әлі қанша отырарымыз бел­гісіз еді.
Қарасақ, екеуміздің бөсіп отырғаны­мызға алты сағат болыпты. Қойшығара, Әділ ағалармен арадағы ұзақ сонар әңгімелер… таусылмайтын роман.
Бірде «Қазақтың Герасимовы» атанған академик О.Смағұл аға бетіме қарап тұрып «Кітабыңды оқып шықтым. Бәрі дұрыс. Толық қолдаймын. 100% қосыламын. Бірақ бұл кітабыңды орысша, ағылшыншаға аудармасаң қазақтардан қолдау күтпей-ақ қой» дегені.
Ағаның сөзін көптеген жас ғалымдар қолдап, интернетке қоюды ұсынды. Мы­салы: «Құрметті Бекжан Бейсенбай мырза. Сіздің атланттар туралы жазған кітабы­ңызды оқып шықтым. Дәйекті дәлелдер­мен ұсын­ған гипотезаңыз әлемдік дең­гей­де насихаттауды қажет етеді. Еңбегіңізді орыс, ағылшын тілдеріне аударып, интер­нет желісіне қойсаңыз дұрыс болар еді. Сіз­­дің еңбегіңізді оқып отырып, бұрынғы ССРО кезінде ғылыми-танымдық баспадан шық­қан археологиялық еңбек есіме түсті. Онда адамзаттың 5-6 цивилизациясы болған деген гипотезасы ұсынылған. Кітапханадан іздеп көремін, тапқан жағдайда Сізге жеткізуге тырысамын.
Құрметпен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Математикалық модельдеу және ин­форматика» кафедрасының профессоры, техн.ғ.д. Нұрлан Ажиханов» — деп жазады мен тіпті танымайтын ғалым.
Ал кітаптың жаңа деректермен толық­тырылған орыс тіліндегі нұсқасын шығару жылдарға созылды. Бірнеше аудармашы ауысты, «тілі ауыр» дейді. Ақыры жарық көрді.
Мен енді осы еңбегімді ғалымдардың талқылауына салып, талдап, баға беруін сұрап Ғылым және Білім министрлігіне хат жаздым. Жауап берген министрліктің Ғылым комитетінің төрағасы А.Төлешов «Елімізде ұлттық тарихты зерделеу мәсе­лесі көтеріліп жатқанда, әлемді қызықтыратын, жұмбақты мәселелерді көтергені­ңіз үшін алғыс білдіреміз.» дей келіп, «Өз еңбек­теріңізді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдарымен талқылағаныңыз дұрыс» депті.
Бірақ, осы институттың басшысы қан­ша үлкендерден де, министрліктен де ұрыс естісе де талқыламай, менен қашу­мен болды. Ақыры академик Оразақ Смағұл ағамыз «Бекжан оны қуа беріп не қыласың. Оның институтында сенің мына еңбегіңде түсінетін бір адам жоқ. Одан да министрліктен Евразия университетіне жібер деп сұра» деген соң Евразия университетіне жіберткіздім. Олар, рахмет, бір айға жетпей талдап, жауап берді.
Менің осы еңбектерімді талдаған Л.Н.Гумилев университетінің ғалымдары өз жауабында:
«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті Б.Бейсенбайдың ҚР Пре­зидентінің Әкімшілігіне жазған хаты бо­йынша төмендегі тұжырымдаманы жол­дайды:
2.Өйткені антропологиялық ізде­ніс­­термен айналысушылар тобы небір бол­жамды пікірлерін ұсынуда. Әрине, бұл ізденістер нәтижесі түптің түбінде ортақ ғылыми түйінді тұжырымға әкелетіні сөзсіз. Бұл тек уақыт еншісіндегі дүние. …
3. «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» кітабының авторы Бекжан Бейсенбайдың аталған мәселеге қатысты батыл ізденісі құптарлық жайт. Кітапта авторлық по­зициядағы тұжырымдардың дәйектелуі жинақтамалық сипатта бар. Ізденісті еңбектің мазмұны тарихи-танымдық сипат­та және баяндау тілі жатық, әрі нақтылы. Авторлық дербес санаттағы пікірлерін жүйелі мағынада жеткізген. Кітаптың жалпы мазмұны көпшілікке арналған тарихи-танымдық еңбек деп санаймыз.
6. Автор осы бағыттағы ізденісін ендігі уақытта шетелдік және отандық ғылыми басылымдарға беруге және ғылыми жиындарға жария ету бағытында жұмыс жасауы керек деген пікірдеміз.
Шетелдік, әсіресе ресейлік және евро­палық ізденушілердің осы бағыттағы аса көп еңбектері бар. Солармен ғылыми полемикаға түсу және пікір алысу арқылы авторлық көзқарасты тарату кеңістігін ұлғайту мүмкіндігіне ие болу.
7. Келесі, автор зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми гранттарға ие болу жағын ойластырса. Мемлекет тарапынан дербес грантқа ие болуына мүмкіндік туындатуға қол жеткізуді ойластырса.
Автордың түпкілікті ғылыми нәтиже шығару талпынысы құптарлық.
Проректор С.Қанаев» -деп қолдау көрсетті.
Мен «шетелдіктермен байланыс ор­нату» және «грантқа ие болу» біз үшін орын­далмас арман ғой» деп осымен бұл тақырыпты тоқтаттым.
Қазір менің еңбектеріме сілтеме жасап, өз еңбектерінде пайдаланып жатқан ғалым­дар да бар.
1) Танымал ғалым Қ. САЛҒАРАҰЛЫ өзінің «АҢЫЗ ЕЛ АТЛАНТИДА” атты еңбегінде былай деп жазады:
«Осыдан кейін майялардың Америкаға қайдан, қалай келгені жөнінде бір-біріне кереғар үш тұжырым қатарластырыла айтыла бастаған жайы бар. Нақтылық үшін атап айтсақ, оның бірі — «Азиядан Беринг бұғазы арқылы өтті» делінетін, жоғарыда айтылған, қазіргі ғылымда қалыптасқан тұжырым. Оны Атлантида тақырыбын зертеушілер арасында өзі тапқан деректер арқылы дәлелдеген Уильям Нивен болатын. Бұл зерттеушінің тағы бір ерекшелігі – «Атлантида мен Муды бір континент» деп есептейді. Екін­шісі – «ежелгі тұрғындар Америкаға Му континентінен, яғни «Батыс Жерден келді» деген тұжырым. Бұл тұжырымның авторы – Джеймс Черчвард. Ол Уильям Нивеннің «Атлантида мен Муды бір континент» деген пікіріне түбегейлі қарсы, екеуін бір-біріне қатысы жоқ, бірі – Атлант мұхитының, екіншісі – Тынық мұхиттың суының астында жатқан екі бөлек континент дейді. Осыған орай ол майялардың арғы аталары­ның Оңтүстік және Орталық Америкаға Му континентінен кел­геніне бек сенімді. Үшіншісі — Үлкен Жер мен Америка арасындағы байланыс Атлантида және сонымен іргелес жатқан аралдар арқылы жүзеге асқан, Американың ежелгі тұрғындары мұнда Атлантида арқылы келген делінетін тұжырым. Мұны жақ­таушылардың ең соңғысы, жо­ғарыда айтылған, қазақстандық жас зерттеуші Бекжан Бейсенбай.» Ахмет Яссауи атын­дағы ХҚТУ «Түркология» журналы № 6 (74), 2015 ж 112-113 беттер.
2) Атлантида тақырыбына 2015 жылы екінші рет қайта оралдым. Сол жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығы» тойланды. Осы кезде интернетте жария­ланған халықаралық конкурсқа жіберген «Атлантида құпиясы қашан ашылады?» атты мақалама Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарынан құрылған жюри шешімен әлемнің көптеген елдерінен түскен 200-ден астам еңбектердің ішінен академик, ғылым докторлары қатарында маған үшінші орын берді. Сый тапсыру кезінде жас жігіттер «Сізге бас жүлде берілуі керек еді. Бес жүз жылдық тарихты көшіріп жазғандар жоғары орын алып жатыр» — дегенде, «Ауылдың қазағына академиктермен қатар тұрған да жетеді» — деп өзім басу айттым.
3) 2018 жылдың 21 қараша күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шықты.
26 қараша күні маған Астанадан, «Астана ақшамы» газетінің бір маманы қоңырау шалып, «Сізді ғалымдар халқымыздың көне тарихын терең білетін маман деп атағанын айта келіп, президенттің жаңа мақаласына байланысты мақала жазып беруімді» сұрады. Мен бірден келістім. Тек, «көлемі қанша болсын?» деп сұрадым. «Көлеміне шектеу жоқ» деді ол.
Мен өзіме жақсы таныс тақырыпқа ма­қаланы тез жазып біттім де, 28 қараша күні газеттің электронды почтасына жібердім.
Екі күн өтпей, 1 желтоқсан күнгі «Ас­тана ақшамы» газетіне менің «Ұлы дала – адамзат өркениетінің қайнары» атты мақалам жарық көрді. Мақала түрлі түсті сурет­термен әдемі көркемделіпті.
Сонда жазған «Ұлы дала – адамзат өркениетінің қайнары» атты мақалам 2020 жылы түрік тіліне аударылып, Түркияның ғылыми журналында жарық көрді.
2022 жылы осы мақалам тағы бір Түр­кияның журналында екінші рет жарық көрді.
Қазір қарап отырсам менің еңбектерім қолдау тапқан кездер елімізде белгілі бір тарихи кезеңдерге, оқиғаларға тура келеді екен.
1) «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты кітабым қазақша жарық көрген және қатты қолдау тапқан кезең Мемлекеттік Хатшы Марат Тажин «Тарихты қайта зерделеу» деген бастама көтеріп, тарих­шылардың жолы ашылған кезең екен.
2) Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау кезеңі.
3) Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласы шық­қан кезең.
«Дұрыс және батыл айтасыз. Тарих­шылардың бәрі қорқады, болшевизмнің құрсауынан шығуға қорқады» — деп жазады маған Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-пре­зиденті, академик Еренғайып Омаров. (8 март 2025 жыл)
Мен осыдан кейін ойланып қалдым. Қазір Алтайдан шыққан түркілердің тарихы терең екені, ертеде өте жоғары өркениетке қол жеткізгені жаңалық емес, бәрі біледі. Қазақ халқы сол Алтайлық түркілердің қара шаңырағын ұстап отырған халық екені де даусыз. Түркі ғалымдары қазақ тілі байырғы түрік тіліне ең жақын тіл екенін дәлелдеп, қазақ тілін барлық түркі халықтарының ортақ тілі деп қабылдады.
Бірақ, осы керемет жаңа­лық­тарды оқу­лықтарға, энцикло­педиға енгізу мәселесі … өкінішке қарай кейіндеп тұр.
4) Енді мен туған жерім – Ұлылардың Отаны — Отырардың тарихын жазуға шешім қабыл­дадым.
Менің «Отырардың іргесі қашан қалан­ды?» атты мақалам 2015 жылы жарық көрген болатын. Осы мақала туралы про­фессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Бек­­­болат Тасболатұлы «Қаңлы мемлекеті – қазақ мем­лекеттілігінің негізі» атты ма­қаласында «Отырарлың жасын белгілі оты­рартанушы ғалым Бейсенбай Бекжан 2500 жылдан асқан деп ғылыми негізге сүйеніп дәлелдеп отыр. Оны сол жерден табылған археологиялық қазба жүмыстары кезінде табылған заттар да дәлелдей түседі.» деп жазады.
Отырар өлкесінің батырлары туралы мен «Шу-римдіктер құдай санаған түріктердің түп қазығы» атты мақаламда да, «Ұлы Дала тарихы. Ұлы қоныс аударулар» атты мақаламда да жазған болатынмын.
Ұлы даланың батыс шекарасы – Сыр­дария өзені басқыншылар үшін мызғымас шекара болғаны, Европалықтар сонша дә­ріптейтін Ескендір Зұлқарнайынды сақ­тардың жастардын құрылған азғана жасағының өзі масқарасын шығарып қуып тас­­­тайтыны осы мақалаларда жеткілікті баян­далды.
Ескендірді масқара қылып қуып тастаған Ескендірдің әскері мен Шу батыр бастаған сақтардың соғысы Отырар жерінде өткен.
Отырар өлкесінің тарихы 2500 жылдан асатыны, керемет тарихи оқиғаларға толы екені де даусыз. Әбу Насыр әл-Фараби бастаған жүздеген ғалымдар мен 32 діннің негіздерін білген Бабтардың Бабы Арыстанбаб білім алған, Отырардың керемет өркениетінің негізі Ұлы Отырар кітапханасы болғаны да даусыз.
Әбу Насыр әл-Фараби туралы «Оты­рардың зерттелмеген та­рихы немесе Әбу Насыр әл-Фара­бидің өмірбаянына қатысты күмәнді деректер» және «Әл-Фарабидің өмірбаянын жазудағы олқылықтар» атты мақалалардың баспасөз беттерінде жарық көр­геніне және жақсы қолдау тап­қанына 15 жылға кетті. Ал 2020 жылы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығында жаңа дерек­термен толықтырылған «Ұлы Ғұламаның шынайы өмірбаяны» атты мақала халықаралық онлайн конференцияда оқылып, ғалымдардың қолдауына ие болды.
Осы мақала 2020 жылдың 5 мамыр және 6 мамыр күндері «Еге­мен Қазақстан» газетінде «Ұлы­ Ғұламаның шынайы өмір­­­баяны» деген атпен және га­зет­тің басты мақаласы ай­дарымен: «Астана ақшамы» газетінің 4 сәуір және 7 сәуір 2020 ж. күнгі номерлерін­де «Отырардан басталған жол» деген атпен және газеттің басты мақаласы айдарымен «Жалын» жур­налының 2020 ж. №2 санында «Әл-Фараби тағылымы» деген атпен әл-фараби-тағлымы, ғ.д., про­­фессор Шерәлі БІЛӘЛдің қол­­дауымен жарық көрді. Бұл ма­қалаларды оқыған көптеген ға­лымдар, академиктер өздері хабар­ласып, қолдау білдіріп жатыр.
«Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланған осы мақала бірнеше интернет пор­талдарда көшіріліп басылды.
Осы мақала Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық уни­верситетінің «Педагогика және психология» атты ғылыми-әдіс­­­темелік журналының №2(43) 2020 номерінде «Ұлы Ғұлама, да­нышпан бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби тағылымы хәм рухани жаң­ғыру» (203-210 беттер) деген атпен, ғ.д., профессор Шерәлі БІЛӘЛдің қолдауымен жарық көрді.
2020 жылдың соңында ҚР Мәдениет және спорт минис­трлігінің Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақ­стандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағ­дарламасы бойынша «Ұлы дала­ның ұлағатты тұлғалары» атты жинақ кітап шығарды.
Осы жинаққа 2020 жылы баспасөз бетінде жарық көрген әл-Фараби туралы мақалалардан сегіз мақала таңдап алы­ныпты. Солардың бірі болып Біздің «Ұлы Ғұламаның шынайы өмірбаяны» атты мақаламыз алыныпты. Кітаптың кіріс­песінде «Дала данышпандары қалдырған асыл мұраларды XXI ғасыр көзқарасымен зерделеп, аталған қазынаны адамзаттың рухани құндылықтары қатарына көтеру – уақыт талабы. Таңдаулы әр автордың барлығы да биік талғам үдесінен табылып, тарих тереңінен бүгінге жол тауып, оқыр­манын орамды ой, тағылымды тілмен еріксіз баурап отырады.» деп қоры­тындылапты.
Қазірге дейін осы мақаланы басуға рұқсат сұраған өтініштер әлемнің көптеген ғылыми журналдарынан түсті.
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылым­дарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі «Отырарлық отыз ғалым» — атты еңбегінде өзі Таяу Шығыс елдерінен тапқан отыздан аса Отырарлық ғалымдардың тізімін келтіреді.
Менің «Отырар музыкасы» атты еңбегімде Отырарлық қаң­лы музыканттары Қытай елін 8 ғасырда қалай естен тан­дырса, 10 ғасырда Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама арабтарды табындырып, араб бас­шыларының өтініштері бойынша музыка туралы кітап жазғаны баяндалады. Сол кітап әлі күнге дейін бүткіл адамзат үшін музыка жайында жазылған ең кемел кітап болып, пайдаланылып келеді.
Осы жерде әл-Фараби баба­мыздың мына сөзі түсінген адамға нақты бағдар десе болады: «Бір кісі Әбу Наср әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп, сауал қойыпты: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?» Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!» – деп жауап берген екен.»
Осы тамаша сипаттаудағы «Ұрық – Түрік нәсілі» десек, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Білім алған бақ» — Ұлы Отырар кітапханасы. Осы бақтан өсіп шыққан ғұламалардың қазіргі біз білетіндерінің саны 33 болды, кейбір деректер 410 болған дейді, тіпті мыңнан асады деп жүргендер де бар. Бағдат халифінің сарайында негізгі уәзірлер қызметін атқарған бізге аты белгісіз Отырарлық кеңесшілерді, 32 діннің негіздерін білген Арыстанбаб сияқты өз жерімізде қызмет атқарып, бірақ моңғол шапқыншылығынан кейін ұмытылған ғұ­ла­маларды ес­керсек Отырардан шыққан ғұла­ма­лардың өте көп болғанын, Орта ғасырларда Отырар ғылымының өте жо­ғары деңгейде болғанын байқаймыз.
Енді мен Отырар кітапханасы туралы бар деректерді жинас­тырып, кітап жаздым. Кітабымды «Жер бетіне таралған Алтайлық түркі халықтары. Түркі жазулары. Отырар кітапханасы.» деп атадым. Отырарда осын­дай Ұлы кітапхана болғанын дәлелдеу үшін жалпы түркілердің көне өркениетінен негіз-дәлел жинадым. Себебі, жер бетіне тарыдай шашылған түркілердің өркениеті басында осы Ата қоныс-Ұлы даладан бастау алғаны даусыз еді. Ал ол Ата қонысты ұстап отырған Қара Шаңырақ иесі біз-қазақ халқы екенін бәрі біледі.
Осы Қазақстан аймағында Ұлы өр­кениеттің ордасы болған Отырар кітап­ханасы туралы де­рек­терді жинадым. Нәти­же­сінде ойдағыдай зерттеу еңбек пайда болды.
Енді осы еңбегімді сынатайын деп Отырар кітапханасы туралы көп еңбектеніп жүрген Астанадағы Тұрсын Жұртбаев ағамыз бен Алматыдағы Еренғайып Омаров ағаларыма жіберіп, пікірлерін сұра­дым. Тұрсын ағадан жауап болмады. Есесіне, Алматыдан Еренғайып ағадан ғылыми кон­ференцияға шақырту алдым. «Конференцияға қатысып, баян­дама жаса­ңыз» дейді Аға. Баян­дамашылардың тізі­міне қарасам өңкей республикаға танымал нарқасқалар мен шетелдіктер екен.
Мен «Нартәуекел» деп «Оты­рар кітапханасы. Аңыз бен ақи­қат» атты баян­дама дайындадым. Алматыға Ағаға сыйлық есебінде Әділхан Мәліктің тура осы та­қырыпқа салынған «Отырар кітапханасы» деген керемет суретін ала бардым.
Конференция баяндамаларын тіркеп жатқан қыздар менің атағымды сұрайды. Мен «Оты­­­рартанушы» десем, бір-бірі­не қа­райды. Конференция Ака­­­­­­­­де­миялық кітап­ханада өт­ті. Қатыс­қан және онлайн ба­й­­­­­­­­­­ланыспен құттықтаған ше­тел­­­­­­­­діктердің есебі жоқ.Өзі­міз­­­дің академиктер мен уни­вер­­ситеттердің ректорлары, түр­лі ұйымдар мен мемлекеттік қыз­меткерлер үлкен залға сыймай қалды. Конференция жос­пар­дағыдан екі сағаттай асып барып әзер бітті. Мен қысқаша ғана сөйлеп, Әділханның суретін сыйладым.
Арада біраз уақыт өткенде Алматыдан сыйлық келді. Ерен­ғайып Аға бірнеше кітабы мен конференция материалдары жина­ғы шыққан журналын жіберіпті.
Жинаққа 16 баяндама алы­ныпты. Менің баяндамам тізі­мнің бел ортасында тұр екен. Баяндамамның соңында Әділ­ханның «Отырар кітапханасы» деген суреті де беріліпті. Ал­ғашқы жоспарланған титул­ды баян­дамашылардың жартысының баяндамасы жинаққа енбеген. Менің төбем көкке жеткендей қуандым. Себебі, бұл журналды қаншама шет ел ғалымдары да оқиды ғой. Бұл Еренғайып Аға­ның менің еңбегіме берген бағасы деп түсіндім.
Қазақстан Ұлттық жаратылыс­тану ғы­лымдары академиясы­ның вице-прези­денті, академик Ерен­ғайып Омаровтың бұл қол­дауы­­нан кейін Отырар кітап­ханасы тура­­­лы бұл кітапты жарыққа ойлан­­бай шығаруға болатын шығар деп ойлаймын.
Биыл Отырар ауданының 90 жылдық тойы. Осы тойға бұл кітап отырарлықтарға керемет сыйлық болар еді. Енді аудан басшылары осындай аудан халқын қуантып тастайтын, Отырардың мәртебесін өсіретін кітапты шығаруға қаржы табатын шығар деген ойдамыз.

Бекжан Кәленұлы
БЕЙСЕНБАЙ,
Отырартанушы,
тарихшы, жазушы.

Пікір жазу