Otyrar Alqaby
Жаңалықтар

Тәуелсіздік – басты құндылығымыз

1991 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқының тарихындағы ең маңызды күн. Осы күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, ғасырлар бойы аңсаған арманын ақиқатқа айналдырды. Бұл жеңіс – ата-бабамыздың ерен еңбегі мен қайсар рухының жемісі. Азаттық жолындағы күрестерден бастап, Алаш зиялыларының қажырлы қызметіне дейінгі сан ғасырлық тарихымыз осы күннің негізін қалады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанды үлкен сын-қатерлер күтіп тұр­ды. Кеңес Одағынан қалған экономикалық дағдарыс, әлеуметтік мәселелер мен саяси тұрақсыздық – барлығы жас мемлекет үшін ауыр сынақ болды. Алайда елдің басшылығының сауатты саясаты мен халықтың еңбекқорлығы­ның арқасында біз бұл қиындықтарды еңсердік. Қазақстан бүгінде тұрақты дамушы, әлемге бейбітшілік сүйгіш ел ретінде танылған мемлекетке айналды.
Тәуелсіздік жылдары еліміз үшін мәдени-рухани жаңғыру кезеңі де болды. Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ұмыт бола бастаған дәстүрлеріміз бен тарихымызды дәріптеу арқылы ұрпақ санасында отансүйгіштік сезімі қалыптасты. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдары білім беру, ғылым және мәдениет салаларында ірі реформалар жүзеге асырылды. Бұл өзгерістер ұлт болашағының кепілі екені анық.
Осы жылдар ішінде еліміз толағай табыстарға жетті. Елорданы Астанаға көшіру арқылы біз жаңа тарихтың парағын аштық. Экономиканы реформалау, халықаралық аренада бедел жинау, ядролық қарудан бас тарту сынды батыл қадамдар еліміздің болашағын айқындап берді. Қазақстан халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіне айналып, бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп келеді.
Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз, ұлттық бірлігіміздің негізі. Оны сақтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Біз бұл құндылықты қастерлеп, келер ұрпаққа аманат етуге міндеттіміз. Бірлігіміз бекем болып, мақсатымыз айқын болса, болашағымыз жарқын, ұлтымыздың еңсесі биік болары сөзсіз. Ендеше, тәуелсіздігімізді ұлықтап, оны нығайту жолында аянбай еңбек етейік!

Нұрланат Мықтыбайұлы Донбаев,
“Ғ.Мұратбаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп” КММ-сі тарих пәнінің мұғалімі.

Пікір жазу