Otyrar Alqaby
БілімЖаңалықтарҚоғамҚұттықтауМәдениетСаясат

Жиын Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналды

Жуырда аудандық орталық­тан­ды­рыл­­­­­­­ған кітап­ханада жер­лесіміз, елімізге белгілі сати­­рик, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Көпен Әмірбектің 75 жыл­дығына орай «Сатираның сайып­қыран сардары» атты еске алу кеші өтті. Аталмыш шараға арнайы қонақ болып сатира сардарының бауыр­лары Ән­диша Әмірбекова, Ләззат Түкібай, Азат Әмірбек, Бақытжан Са­парбай сондай-ақ құрдастары Жұмахан Әбді­қадыров пен оның жұбайы Ботакөз Бабашовалар қатысты.
Еске алу кеші Көпен Әмір­бек­ұлының өмірін бейнелейтін бейнероликтен бастау алды.
Жиында алғаш сөз алған Ж.Әбдіқадыров кеш қонақта­рын құттықтап, Көпен Әмір­бекұлы­ның қазақ са­тирасына қосқан зор үлесін жан — жақты атап өтті. -«Көпен Әмір­бек арамызда жүргенде биыл 75 жасқа толар еді. «Отырарда туып, аты алты Алашқа таныл­­ған дарын иелерінің қата­рында сатирик Көпен құр­дасымның есімі ерек­ше. Оты­­рар жұрты өз перзенттерін әр­дайым құрмет тұтып, еңбегін ешқашан ұмытпайды. Дарын­ды тұлғаның өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттап, қазынасын алтын қорда сақтайды. Қазақ сатирасын өрге жүздірген Көпен Әмірбекұлының жаны жәннатта, ұрпағы аман болсын», – деді.
Мұнан соң Көпен ағамыздың сынып­тасы Ботакөз Бабашова сөз алып, ол өз сөзінде -«Көпен Әмірбек дегенде оның жүрекке жылы әзілдері, шымшыма мысалдары, жеңіл қалжыңдары еске түсіп, еріксіз езу тартқаныңды өзің де байқамай қаласың. Қоғамдағы олқылықтар мен орынсыз істер, Абай айтқандай ыза­ланып күлуге тиіс жағымсыз жайттар Көпен ағаның назар – нысанасынан тыс алған жоқ. Күнделікті тіршілікте және өз шығармаларында юмордың түр-түрін қолданудың майталман маманы. «Қалжың сөздің қас­қыры, Жоқ ешкімге қастығы» дегендей, табан астында тауып айтатын тапқыр тіркестері арқылы аты аңызға айналған жан. Көпеннің өзі де, көзі де, сөзі де күлдіреді. Әр сөзі ғана емес, әр әрпі езу тартқызады», — деді.
Сондай-ақ, шарада туыс­тары Көпен Әмірбекұлының бала­лық шақтағы естеліктерімен бөлісіп, осын­дай мазмұнды іс-шараны ұйымдастырып отырған кітап­хана ұжымына және сол ұжым­н­ың басшысы Роза Пернебайға арнайы алғысын білдіріп, қыз­меттеріне табыс, дендеріне саулық, отбасыларына аман­дық тіледі.
Кітапхана қызметкерлері Пашан Мақ­сат, Шерехан Дари­ғалар Көпен аға­мыздың әзіл — сықақтарын оқып, көпші­лікті күлкіге бөледі. Жиын соңында естелік суретке түсіп, қонақтар мерекелік көңіл-күймен тар­қасты.
Ия, расымен де Көпен Әмірбекұлының әрбір шығар­масы қоғамдағы түйткілдер­ді әзілмен астарлап жеткізіп, халықты ойландыруға бағыт­талған. Белігілі сатирик «Қы­мыз­хана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді ав­торы ретінде, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жа­тыр!…» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылды. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Ми­халков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сати­ригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауыз­бастырық», «Өзіңді та­нисың ба?», «Көпен келе жа­тыр!…», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!…» атты әзіл-сықақ, сын мақалалар кітабы­ның авторы. Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Оның қала­мынан туған небір өткір туындылар қалың оқырманның көңілінен жай тауып, талай әзіл-сықақ театрға арқау болды. Жақсы адамның ісі де, сөзі де, өзі де көп көңілінде өмір сүреді. Көпен сондай адам. Қазақ барда, күлкі мен әзілдің қадір-қасиетін білетін жандар бар кезде көп көңіліндегі Көпен жасай береді.

Нұрмахан Нурилдаұлы.

Пікір жазу