Қазақ поэзиясының жұлдызына айналған, жүрекке жылы тиер сыршыл өлеңдерімен халықтың сүйіктісіне айналған ақын Тұманбай Молдағалиев – ұлттық әдебиетіміздің мақтанышы. Оның поэзиясы – шынайылық пен сезімнің үйлесімділігі, туған жерге деген махаббаттың, адамгершілік пен шынайы өмір сүрудің айқын көрінісі.
Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген. Өмірден ерте өткен анасының жылы алақанын сезінбей өскен бала жүрегінде елге, өмірге деген ерекше ықылас пен махаббат пайда болды. Осы сезімдер оның болашақтағы поэзиясының негізіне айналды. Тұманбайдың өлеңдері нәзіктікке толы. Ол адамның жүрегіне әсер ететін көркемдік құралдарды шебер пайдаланып, қарапайым сөздермен үлкен ойларды жеткізетін шеберлігімен ерекшеленді. Оның шығармашылығы тек поэзиямен шектелмей, бірнеше ән мәтіндерінің авторы ретінде де танымал. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер халық арасында әлі күнге дейін кең таралып, орындалып жүр.
Осы орайда жақында Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде өткен «Қайран менің жүрегім» атты әдеби-сазды кеш Тұманбай Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығына арналған ерекше танымдық шара болды.
Кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұралары жан-жақты таныстырылды. Орталық кітапхананың кітапханашылары Мадина Шәріпбекова, Разия Мақтабекова, Дариға Шерехан өз баяндамаларында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлұмат берді. Сондай-ақ, Тұманбай ақынның әндері «Отырар» дуэтінің орындауында шырқалып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның шығармашылық мұрасының өміршеңдігін көрсетті. Сонымен қатар ақынның өмірінен сыр шертетін бейнежазба көрсетіліп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Шараның соңында қатысушылар хормен «Қайран менің жүрегім» әнін орындап, кештің шырайын аша түсті.
Осындай әдеби-сазды кештер жастардың бойында эстетикалық талғамды дамытуға, туған әдебиетімізді сүюге, көркем сөзді қадірлеуге баулиды. Бұл кеш Тұманбай Молдағалиевтің рухына деген құрметтің белгісі ғана емес, оның шығармашылығын жаңа буынға насихаттаудың тамаша үлгісі болды.
Гүлнұр Құдайбергенова,
Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.