Otyrar Alqaby
OTYRAR - 90БілімҚұттықтауМәдениетСаясатСпортЭкономика

Отырар ауданында «Ойлан, тап!» зияткерлік ойыны өтті

Отырар ауданында жастардың діни сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілеттерін дамыту және қоғамдағы бейбітшілік пен келісім құндылықтарын насихаттау мақсатында «Ойлан, тап!» атты жастар арасындағы зияткерлік ойын ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Түркістан облысының Азаматтық Альянсы ЗТҚ нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Зияткерлік ойынның негізгі мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, дүниетанымын кеңейту, ақпаратты саралау және сыни ойлау қабілеттерін жетілдіру, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы білімдерін нығайту. Сонымен қатар жастар арасында өзара құрмет, толеранттылық, бірлік пен татулық құндылықтарын дәріптеуге ерекше мән берілді.

Іс-шараның ашылу салтанатында қатысушылар мен қонақтарға ізгі тілектер айтылып, жастардың қоғамдағы рөлі, діни сауаттылықтың маңызы және теріс діни ағымдардың ықпалына қарсы тұруда дұрыс ақпарат пен сыни ойлаудың қажеттілігі атап өтілді.

Сондай-ақ Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсеков Ғалымжан Рысқұлы құттықтау сөз сөйлеп, жастардың білімін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Зияткерлік сайысқа аудан жастарының басын қосқан «Руханият», «Бірлік», «Шәуілдір», «Парасат», «Ұлағат», «Фараб», «Өркениет», «Жәдігер» және «Ақыл альянсы» командалары қатысты. Ал ойынға қатысуға өтінім берген «Отырар» командасы белгілі бір себептерге байланысты сайысқа қатыса алмады.

Ойын барысында қатысушылар өздерінің білім деңгейін, тапқырлығын, шапшаңдығын және логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Командалар берілген тапсырмаларға жауап беріп, өзара білім сайысына түсті. Сайыс жастардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуіне және өз білімдерін шыңдауына мүмкіндік берді.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде І орынды «Өркениет» командасы иеленіп, 80 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. ІІ орын «Жәдігер» командасынабұйырып, 50 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Ал, ІІІ орынды «Ұлағат» командасы иеленіп, 30 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Байқауға қатысқан өзге командалар да назардан тыс қалмай, бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік, өзара құрмет пен толеранттылық қасиеттерін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтуға ықпал етеді.

Пікір жазу