Otyrar Alqaby
ҚоғамСаясатЭкономика

Отырар ауданында тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді

2026 жылғы 14–20 қазан аралығында Отырар ауданына қарасты 13 ауылдық округте тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді.

Аталған жұмыс Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде Түркістан облысының Азаматтық Альянсы ЗТҚ нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Сауалнаманың негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының қоғамдық-саяси ахуалға көзқарасын зерделеу, өңірдегі діни ахуалды бағалау, әлеуметтік мәселелерді анықтау, сондай-ақ жастардың құндылықтық бағдарлары мен ақпараттық қауіпсіздік деңгейін зерттеу.

Сауалнама үш негізгі бағытты қамтыды. Бірінші бағыт бойынша аудан тұрғындарының қоғамдық-саяси ахуалға қатысты пікірлері зерделенді. Бұл бағыт қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтауға және тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйін бағалауға мүмкіндік береді.

Екінші бағыт аудан аумағындағы діни ахуалды бағалауға арналды. Бұл ретте діни сауаттылық, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, өзара құрмет пен толеранттылық құндылықтарын нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Үшінші бағыт аясында жастар арасындағы құндылықтар жүйесі мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, жастардың дүниетанымы, ақпаратты саралау қабілеті, ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікке қатысты көзқарастары зерделеуге бағытталды.

Мұндай сауалнамалардың маңызы зор. Өйткені тұрғындардың пікірін зерделеу қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтауға, халықтың сұраныстарын ескеруге және алдағы жұмыстарды тиімді жоспарлауға негіз болады. Сонымен қатар, жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, діни экстремизмнің алдын алу және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге ықпал етеді.

Отырар ауданында жүргізілген сауалнама нәтижелері тиісті бағыттар бойынша жинақталып, талдау жұмыстарына негіз болады. Алынған мәліметтер аудан тұрғындарының пікірлері мен қажеттіліктерін ескере отырып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, діни ахуалды зерделеу және жастар арасында ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге пайдаланылмақ.

Тұрғындардың пікірін білу – қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтаудың және тиімді шешімдер қабылдаудың маңызды қадамы.

Пікір жазу