Тарихы терең, қазақы салт-дәстүрімен және тау тұлғаларымен танымал Әулие ата жерінде Жамбыл облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен «Архив ісі және құжаттама саласындағы заңнама мен нормативтік құқықтық актілердің нормаларын түсіндіру» тақырыбында V өңірлік семинар өтті.
Архив ісі мен заңнама нормалары түсіндіріліп, саладағы көкейкесті мәселелер талқыланған семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Салтанат Ташанова, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларындағы архив саласының қызметкерлері арнайы қатысты. Саладағы өзгерістер мен тың технологияларды пайдалану, архив қорын толықтыру, жаңарту мәселесіндегі заңнама мен құқықтық құжаттар толығымен сараланып, жиынға қатысушылар өзара тәжірибе алмасты.
Тараз төрінде өткен семинарда Ұлттық архив қорына өткізілетін құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдау тәртібі мен мемлекеттік есебі кеңінен таныстырылды. Келелі жиында сала өкілдері тәжірибесімен бөлісіп, архив ісі және құжаттама саласындағы білімдерін шыңдады.
«Отырар аудандық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атынан өңірлік семинарға қатыстым. Семинарда құжаттамаға сараптама жүргізу және оларды өңдеу тәртібі бойынша баяндама жасалды.
Мұқағали ақын айтқандай, шаң басқан архивтердің сөресінде талай жылдардың құнды құжаттары мен қоғамдық өмірдің тарихы сақталып жатыр. Құжаттар мен жәдігерлерді тек жинақтау мен қабылдап, сақтау ғана емес, сонымен қатар, тарихи мол мұраны дәріптеп, халыққа жеткізу, әсіресе, зерттеуші мен ғалымдардың назарын аудару, елді рухани байлықпен сусындату бойынша еңбек етіп жүрген барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен Алғыс хаттар табысталды.
Гүлшарипа Қысмұрат,
«Отырар аудандық мемлекеттік архиві» КММ-нің
І санатты архивисі.