Otyrar Alqaby
БілімМәдениет

ТУҒАН ӨЛКЕГЕ САЯХАТ

М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Бір­тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 10-сынып оқушыларына ар­налған тағылымды саяхат ұйым­дастырылды. Сынып же­текшілері Ж.Киізбай, А.Тоқ­сан­баева, К.Текебаева, Г.Раман­құлова, Н.Әбдуахит және өлке­тану үйірмесінің жетек­шісі Е.Үкі­баеваның бастамасы­мен жүзеге асқан бұл сапар оқушы­лардың туған жердің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-бі­луге бағытталды.
Саяхат барысында оқушылар Фараб кітапханасы, «Ұлы Дала тарихы» музейі және Отырартө­бе секілді тарихи-мәдени нысандарды аралады. Оқушылар алдымен Фараб кітапханасына барды. Заманауи сәулетімен ерекшеленетін бұл мәдени ор­талықта оқушылар жаңа үл­гідегі шығармашылық залын, кәдесыйлар дүкенін, жайлы кофехананы, коворкинг студиясын, мультимедиа және робототехника залдарын тамашалап, жаңа технологиялар мен кітап әлемінің тоғысқан орнымен танысты. Қызықты экскурсия барысында балалар 3D модельдеу, кал­лиграфия және қыш өнері сияқ­ты шығармашылық салалар­ға арналған шеберханалардың жұ­мысын көрді.

Оқушылардың келесі аялдамасы – «Ұлы Дала тарихы» музейі болды. Мұражайдың бай экспозициялары оларды халқымыздың ұлы тұлғаларымен және тарихи оқи­ғаларымен жақынырақ та­ныс­­тырды. Ал саяхаттың соңғы нүк­тесі Отырартөбе болды. Бір кездері гүлденген ортағасырлық Отырар қаласы туралы мол мә­лімет ал­ған оқушылар тарихи жә­дігерлер мен археологиялық қаз­­ба жұ­мыстарының нәтиже­лерімен танысты. Қаланың құ­рылыс ерек­шеліктері, мәдени қа­баттары мен үш қақпасы жайлы тың деректер саяхатшыларды ерекше әсерге бөледі.
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, бұл саяхат оқушыларға туған жер­дің тарихи мұраларымен та­нысуға, олардың құндылығын терең сезінуге мүмкіндік берді. Тарихи-мәдени орындарды өз көз­дерімен көріп, олар туралы мол мағлұмат алған оқушылар елін, жерін қастерлеудің маңызын ұғынып, ерекше әсермен оралды. Сондықтан да ұстаздар білім берумен қатар, жас ұрпақтың бойына туған жерге құрметпен қарау, елін, жерін қастерлеу сияқты қа­сиеттерді сіңіруді басты міндет деп санайды. Мұндай танымдық саяхаттар оқушылардың рухани дамуына ықпал етіп, ұлт­тық құндылықтарды бағалауға үйретеді.

Айгүл Тоқсанбаева,
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің
орыс тілі пәнінің мұғалімі.

Пікір жазу