Жуырда ауданда баскетболдан 2009-2010 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында ұлағатты ұстаз, Батыр ана Күлсара Баянбайқызын еске алуға арналған облыстық турнир өтті. Турнирді аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айта келе, спорттың салауатты өмірді қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. Шара барысында Күлсара Баянбайқызының ұлы Нұржан Құрманбеков жарысты ұйымдастырушыларға алғысын айтса, Отырар ауданының Құрметті азаматы Темірбек Мырзахмет естеліктерімен бөлісіп, ақ батасын берді. Жалпы турнирге облысымыздың Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам, Шардара, Созақ, Сарыағаш, Сауран, Төлеби, Қазығұрт аудандарынан баскетболды серік еткен жас спортшылар қатысты. Сайдың тасындай іріктелген командалардың ойыны тартысты өтіп, қол добын шебер меңгерген жасөспірімдер үздіктер қатарынан көрінуге барын салды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға арнайы дипломдар мен медальдар, кубоктар және естелік сувенирлер табысталып, қаржылай сый ақылармен марапатталды.
«Отырар-ақпарат».