Жуырда М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында еліміздің Тәуелсіздігіне 33 жыл толуына орай жалпы саны 33 мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараға тәуелсіздік жылдарында қызмет еткен мектеп басшылары Шарапат Қожахметқызы, Мейрамкүл Полатқызы, Медет Башар, Нұрлан Әубәкірұлы және де мектептің ардагер ұстаздары құрметті қонақ болып қатысты.
«Тәуелсіздік -тұғырым!» тақырыбында сынып сағаттарынан бастау алған жиын ардагер ұстаздардың есімдері берілген кабинеттердің лентасын қиюмен ұласты. Нұртаза Сүнәтіллаев, Рысты Абжалқызы, Балжан Медеуқызы, Шарипа Мәуленова мен Рахия Алпысбайқызы атындағы кабинеттердің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы мен аудандық білім бөлімінің әдіскер маманы Әділ Кенебаев және мектеп директоры Нұрдәулет Баубековтер арнайы қатысты. Сондай-ақ, кітап оқуға жағдай жасау мақсатында «COWORKING» орталығы мен ашық аспан астындағы «Математикалық алаң» ашылды.
«Жас ұлан», «Жас қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанатында құрметті ардагер қонақтар шәкірттерге мойынтақ тағып, ізгі тілектерін айтты. Бала танымын, тағылымын арттыру мақсатында зейнет жасына жеткен құрметті ұстаз Жиенбай Сәрсенбайұлының зейнетке шығу мерейтойына орай «Шахмат турнирі» өткізіліп, жеңімпаздар мен қатысушылар Алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды.
7-сынып оқушылары мен сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен өткен «Толағай» спорттық сайысына жанкүйерлік еткен қонақтар шәкірттердің болашағына зор табыстар тілейтіндігін жеткізді.
Жоғарғы сынып оқушылары Физика сабағында жасанды интеллектті пайдалану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру және практикалық-эксперименттік дағдыларын жетілдіру мақсатында дебат сайысын өткізді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханұлы құттықтау сөз сөйлеп, мектебіміздің үздік ұстаздарын Алғыс хаттармен марапаттады.
440 оқушы мен мектеп ұжымының және де құрметті қонақтардың қатысқан «Жетістігімді еліме арнаймын» атты челленджі Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындаумен қорытындыланды.
«Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай Отанымыздың ертеңі, бүгінгі жас қырандарымыз Тәуелсіздік тұғырының шежіресіне қанып, өз тарихын терең танығаны көпшіліктің көңілін қуантқаны сөзсіз.
Сәуле Бақтиярова,
М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі.