М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Шежіре» бірлестігінің желтоқсан айындағы «Тарихи тұлғалар – өткеннің дауысы» атты айлық жоспары аясында ардагер ұстаздарға арналған ерекше шара ұйымдастырылды. Іс-шара мақсаты – ардагер ұстаздарға құрмет көрсету, олардың ерен еңбек жолын дәріптеу және Отырар ауданының тарихи, мәдени және рухани мұраларын таныстыру болды.
Саяхат барысында ардагер ұстаздар Отырар ауданы әкімінің орынбасары Құлмахан Айдос Құлмаханұлымен кездесіп, оның жылы лебіздері мен құттықтауын қабыл алды. Әкім орынбасары ардагерлерді арнайы марапаттап, олардың білім беру саласындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
Ардагерлер ауданның тарихи-мәдени мұраларымен танысу мақсатында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына барып, ондағы құнды экспонаттарды тамашалады. Мұражайдағы жәдігерлер арқылы Отырардың бай тарихы мен мәдениеті туралы терең мағлұмат алып, тарихи тағылымы мол рухани азық жинады.
Сапар барысында ұстаздар Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, ізгі тілектерін айтып, рухани тыныштыққа бөленді.
Ардагер ұстаздар ұйымдастырылған шараға ризашылықтарын білдіріп, осындай құрмет пен қамқорлық олардың жүректеріне ерекше жылулық ұялатқанын жеткізді. Бұл шара өскелең ұрпаққа ардагер ұстаздардың еңбегін дәріптеп, олардың өткенге құрметпен қарау, тарихты бағалау және рухани байлықты сақтау сияқты асыл құндылықтарды бойына сіңіруіне үлгі болды.
Гүлмира Оразбайқызы Кәдірберді,
М.Әуезов атындағы жббм
тарих пәнінің мұғалімі.