Otyrar Alqaby
Жаңалықтар

АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Жуырда аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Берік Нышан­баевтың халық алдындағы ес­еп беру жиыны өтті. Жиынға ау­дан әкімінің орынбасары Ай­дос Құлмаханов, аудандық мәсли­хат­тың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық ардагерлер мен қоғамдық кеңестердің төр­ағалары, ауыл әкімдері, аудан тұрғындары, Отырар АПБ бас­тығының орынбасарлары, сала­лық бөлімше басшылары және жеке құрам қызметкерлері қатыс­ты.
Жиынның күн тәртібінде «Түркістан облысы Отырар аудандық полиция бөлімінің 2024 жылдың 12 айы бойынша жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары және келе­шек­тегі басым міндеттер тура­лы», «Аудан көлемінде кең орын алып жатқан мал ұрлығы бойынша қоғамдық ой-пікірді білу, сонымен бірге тұрғылықты халықтың полицияға деген сенімін нығайту» туралы мәселелер сөз болды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы ашып, жүргізіп отырды. Сөз кезегі барысында алдымен мінберге шыққан АПБ-нің бастығы полиция полковнигі Б.Нышанбаев аудандық полиция бөлімінің 2024 жы­лы аудан көлемінде атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытынды­сы бойынша баяндама жасады.
Баяндамашы сөз еткендей Отырар ауданында 2024 жылы жалпы тіркелген қылмыстардың саны 6,0 % тө­мен­деген. Оның ішінде: бөтеннің мүл­кін ұрлау 17-ден 15-ке кеміген және жасөспірімдермен жасалған қылмыс­тардың саны 4-тен 0-ге азайып, мал ұрлығы 10-нан 4-ке төмендеген. Ауданда жалпы қылмыстың алдын алу, болдырмау және болған қылмыстарды дер кезінде ашу мақсатында бөлім бастығының нұсқауымен аудан орта­лығында және елді мекендерде жұма-сенбі-жексенбі күндері «Қауіпсіз аудан» профилактикалық рейдтік іс-шара­­лар ұйымдастырылған.
Кездесу барысында жиынға қатысу­шылар өз сауалдарын жолдап, тиісті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Мәселен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жалғасбай Көлбай, ардагер ұстаз Мәрия Белгібаева, ардагер Майлыбай Сиқым­баевтар мал ұрлығы мен алаяқ­тық, шет елден келген көлік­терге салынған шектеулер, жол қоз­ғалысындағы жол ережелерін сақтау секілді қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді.
Көтерілген мәселелерге бай­ланысты жауап берген аудандық поли­ция бөлімінің бастығы аудан көле­мін­де орын алған қылмыстар мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, рейттік іс-шаралар жүргізілетінін атап өтті.
Жиынға қатысушылар қызу тал­қыға салған күн тәртібіндегі мәсе­лелер бойынша қанағаттанарлық жауап­тар алған көпшілік полиция жұ­мысына ризашылығын білдірді.
Есепті кездесу жиынын қорытын­дылаған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы алдағы уақытта аудан аумағында құқықбұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес барысында жедел-қызмет жұмыстарының күшей­тілетініне сенім білдірді.

«Отырар-ақпарат».

Пікір жазу