Ауданда көктемнің шырайлы күндерімен бірге келетін 8-наурыз — халықаралық әйелдер күні мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Мерекелік шараға қатысушы қонақтар алдымен мәдениет сарайының фойесінде «Ана — өмір шуағы» атты тақырыптық көрмені тамашалап, нәзік жандылардың өмірі мен еңбектері жөніндегі жаңа кітаптармен танысты. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың анасы Сақыпжамалмен кездесуі, анаға деген сағыныш, бала махаббаты ерекше сезіммен сомдалып, белгілі актер Мейірбек Қауымбаев сазгердің анасына деген ішкі сезімін білдіретін «Ана туралы жыр» атты әнін ерекше тебіреніспен орындады. Мұнан соң атаулы мерекеге орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов ардақты аналар мен аяулы қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде: «Мемлекет Басшысы аналардың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне үнемі назар аударып келеді. Әйел – отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің бастауы, ізгілік пен мейірімнің қайнар көзі. Көктемнің бүгінгі жарқын күнінде біз де аналарымызға, әпкелеріміз бен қарындастарымызға, өзіміздің ең ыстық, ең ізгі жүрекжарды тілегімізді, құттықтауларымызды білдіріп, құрмет көрсеткіміз келеді. Барша отырарлық аналарымыз бен аяулы қыз-келіншектерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын»,-десе, аудандық мәслихат төрағасы «Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы. Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген. Осынау тамаша мереке сәтінде баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы отбасы бақытын тілеймін»,-деген ізгі тілектерін жеткізді. Мұнан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан қыз-келіншектер мен аяулы аналарды аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының арнайы Алғыс хаттарымен марапаттап, сый-сыйапат жасады. Мерекелік жиын одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасып, мәдениет сарайының мың бұрала би билеген бишілері мен әсем үнді әншілері әуелете ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.