Өткен 2025 жыл Отырар ауданы үшін табысты әрі маңызды жыл болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы алға басып, көптеген игі істер атқарылды. Сонымен бірге рухани тұрғыдан да айтулы даталарға толы кезең болғаны сөзсіз. Қасиетті Отырар ауданының құрылғанына 90 жыл толып, дүбірлі тойды барша аудан азаматтарымен бірге жоғары деңгейде атап өттік. Солардың қатарында, Отырар топырағында дүниеге келіп, елімізге белгілі болған Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, қоғам қайраткері, сатирик Көпен Әмірбектің және халық ақыны Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл секілді атаулы мерейтойлар, арнайы республикалық ақындар айтысы, облыстық театрлар байқауы мен ән кеші ұйымдастырылды.
Кейінгі жылдары ауданымызға инвестиция тарту жұмыстары да қарқын алып келеді. Әсіресе, ауданымыздың негізгі күн көрісі саналатын ауыл шаруашылығы саласына құны 12,7 млрд. теңгені құрайтын 3 мақта өңдеу зауыты мен тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын кәсіпорын салынды.

Жалпы инвесторлар тарапынан былтырғы жылы 25 мың гектар жерге мақта егіліп, 40 мың тоннаға жуық таза мақта өнімі алынды. Қазіргі уақытта аталған жобалар аясында 380 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Осы кезеңде аудандық мәслихат жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Атқарылған жұмыстардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды.
Сегізінші шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихаты 13 депутаттан, мәслихат аппаратынан және екі тұрақты комиссиядан құрылған. Олар: «Бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы» және «Әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы».
2025 жылы аудандық мәслихаттың 9 сессиясы өтті. Оның ішінде төртеуі кезекті, бесеуі кезектен тыс сессиялар. Тұрақты комиссиялардың отырыстары 11 мәрте өткізілді. Осы сессияларда: аудан әкімінің есебі, мәслихат төрағасы мен тұрақты комиссиялары төрағаларының есебі, ауданның даму жоспары мен аудан бюджетін бекіту, оларға өзгерістер енгізу секілді жалпы саны 51 мәселе қаралды.
Мәслихат төрағасы ретінде кестеге сәйкес әр аптаның сәрсенбі күні жеке қабылдау күні болып бекітілген. Алайда тұрғындардың өтінішіне қарай бекітілген күннен бөлек жеке қабылдаулар өткізіп отырдым. 2025 жылы аудандық мәслихатта 98 азаматты қабылдап, көтерген мәселелеріне байланысты депутаттық сауал жолдау, демеушілер арқылы көмек қолын созу секілді тиісті шешімдер қабылданды.
Өткен жылдың қорытындысымен мәслихат депутаттары тарапынан жалпы саны 256 депутаттық сауал жолданса, оның ішінде 122-сі өз атымнан жолданды. Бүгінгі таңда осы сауалдардың 64%-ы орындалып, 20%-ы орындалу барысында, ал 16%-ы биылғы жылдың жоспарына енгізілді.
Аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымдар салу мен ауылдарды дамытуға бағытталған депутаттық сауалдар арқылы көптеген мәселелер өз шешімін тапты. Сонымен қатар, жыл көлемінде республикадан, облыстан тиісті қаржылардың толық бөлінуіне жұмыс жасалды. Нәтижесінде республикалық бюджет есебінен Балтакөл, Ақкөл, Сырдария елді-мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылды. Бүгінде Аққұм елді-мекенінің ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, Маяқұм, Жаңа Шілік елді-мекендерінің ауыз су жүйелерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, 13 елді-мекеннің ауыз су жүйелерін жөндеу жұмыстары атқарылды.

2025 жылдың қорытындысымен аудан көлемінде 46 көше орта жөндеуден өтсе, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 7 көше жарықтандырылды. Бұқаралық спортты дамыту бағытында да ауқымды жұмыстары қолға алынып, Ш.Қалдаяқов ауылынан жабық шағын футбол алаңы, аудан бойынша 3 спорт алаңы мен 9 балалар ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне берілді.
Отырар елді-мекеніндегі саябақ, Арыстанбаб кесенесі маңындағы айналма жол мен ауданға кіре беріс қақпасы абаттандырылып, аяқжолдар салынды. Ауданымыздың басты туристік даңғыл жолы саналатын Темір, Шәуілдір, Қоғам ауылдарына евро қоршаулар мен аялдамалар орнатылды.
Соңғы жылдары ауданымыздың басты проблемасы ағын су тапшылығы екендігі белгілі. Осы мәселені шешу үшін «Қазсушар» РМК-нің аудандық бөлімшесіне, облыстық мекемесі мен тиісті министрлікке өткен жылы отызға жуық депутаттық сауал жолданған болатын. 2025 жылы «Қазсушар» РМК тарапынан ұзындығы 48,7 шақырымды құрайтын 29 канал, демеушілер тарапынан коммуналдық меншіктегі 3 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Қазсушар» РМК тарапынан 58 каналға жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бүгінгі таңда 8,4 шақырымды құрайтын каналды бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ жақында «Д.Алтынбеков» каналының 10,7 шақырым бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары басталады деп күтілуде.
Қазақта «Бірлігі мықты ел озады» деген сөз бар. Жоғарыда аталған жұмыстардың өз мерзімінде аяқталып, сапалы орындалуы аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп білемін.
Қорытындылай келе, өткен жыл Отырар аудандық мәслихаты үшін жүйелі жұмыс пен нақты нәтижелерге қол жеткізілген кезең болды. Мәслихат депутаттары жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатып, аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге басымдық берді.
Биылғы жылы Отырар аудандық мәслихаты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын басшылыққа ала отырып, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуді, қоғамдық бақылауды жетілдіруді және тұрғындармен кері байланысты нығайтуды көздейді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастыру халықтың сенімі мен жауапкершілікті басты ұстаным еткен мәслихаттың негізгі бағыты болып табылады.
Уалихан ҰЗАҚОВ,
«AMANAT» партиясы Отырар аудандық
филиалының және аудандық мәслихат төрағасы
