23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи маңызы зор оқиға. Бұл – азаматтардың мемлекет басқару ісіне белсенді араласуына жол ашатын, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтатын жаңа кезеңнің бастауы. Құрылтай енді тек пікір алмасатын алаң ғана емес, қоғамның үнін мемлекеттік шешімдерге жеткізетін тиімді институтқа айналмақ.
Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің табысты дамуы азаматтардың пікірін ескерумен тығыз байланысты. Сондықтан партиялардың бағдарламалары, депутаттық сауалдар мен заң жобалары халықтың нақты ұсыныстары негізінде қалыптасуы қажет. Жаңартылған Құрылтай дәл осы мақсатқа қызмет етіп, қоғамдық бастамаларды нақты заңнамалық өзгерістерге ұластыратын маңызды көпір болмақ.
Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси реформалардың түпкі мақсаты – әділетті, ашық және халыққа есеп беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Осы жолда Құрылтай сайлауы жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына серпін береді деп сенеміз.
Ең бастысы – заңдардың саны емес, сапасы. Ал сапалы заң халықтың сұранысын, ғылыми сараптаманы және кәсіби депутаттардың тәжірибесін біріктіргенде ғана дүниеге келеді. Сондықтан Құрылтайдың басты миссиясы – қоғам сеніміне ие болатын тиімді заңнамалық орта қалыптастыру.
Рысбек Әбубәкірұлы,
Ардагер журналист.
