Otyrar Alqaby
ҚоғамСаясатЭкономика

ОТЫРАРДА САЙЛАУ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Бұл күні Отырар ауданының тұрғындары да азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне белсене барды.

 

Аудан көлеміндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру үдерісі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, тұрғындарға өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға барлық қажетті жағдай жасалды. Сайлау учаскелерінде тиісті комиссия мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, дауыс берудің ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз етті.

 

Сайлау күні аудан тұрғындарының белсенділігі ерекше байқалды. Таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келген азаматтар елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысты өз ұстанымын білдіріп, таңдауларын жасады. Бұл – отырарлықтардың ел болашағына бейжай қарамайтынын, азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетеді.

 

Сайлау – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, елдің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысуының маңызды тетігі. Осы тұрғыдан алғанда, Отырар тұрғындарының белсенділігі аудан халқының қоғамдық өмірге деген қызығушылығы мен жауапкершілігін айқын аңғартты.

 

Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сақталып, дауыс беру барысы қалыпты жағдайда өтті. Комиссия мүшелері, бақылаушылар және жауапты қызметкерлер сайлау үдерісінің талапқа сай өтуіне өз үлестерін қосты.

 

Ел тағдыры таразыға түскен маңызды саяси науқанда Отырар жұртшылығы ұйымшылдық пен белсенділіктің үлгісін көрсетті. Халықтың жоғары белсенділігі – ел болашағына деген сенімнің және азаматтық ұстанымның көрінісі.

 

Бірлік бар жерде – береке бар. Ал ел болашағына ортақ жауапкершілік танытқан халықтың таңдауы – мемлекеттің кемел келешегіне бастар маңызды қадам.

Азат ӘМІРБЕК.

Пікір жазу