Өткен аптаның жұма күні «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Сапар» орталығында Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының 80 жылдығына орай «Музей археологиясының қазіргі жетістіктері және болашақ даму мүмкіндіктері: консервация, цифрландыру, экспозициялау және қоғаммен өзара байланыс салаларындағы инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-нің ұйымдастыруымен өткен конференцияның негізгі мақсаты – археологиялық мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау саласындағы заманауи ғылыми жетістіктер мен озық тәжірибелерді талқылау. Сондай-ақ археологиялық мұраны консервациялау, цифрландыру, музейлендіру, экспозициялау және қоғаммен байланыс бағыттарындағы инновациялық технологияларды қарастыру көзделді.
Халықаралық ғылыми жиынға Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және еліміздің бірқатар ғалымдары мен зерттеушілері, археологтар, музей саласының мамандары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ ұлттық, республикалық және облыстық деңгейдегі музей қызметкерлері онлайн және офлайн форматта қатысып, өзара пікір алмасты.
Жиынды «Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» бас қор сақтаушысы Нұрсұлтан Бекешов ашып, жүргізіп отырды. Конференция жұмысына Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының қызметкерлері, археологтар, тарих ғылымдары бойынша философия докторлары (PhD) Убайдулла Исмоилов пен Ахроржон Абдуғаниев, Ресей Федерациясынан келген тарих ғылымдарының кандидаты, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми қызметкері Александр Сергеевич Зеленков қатысып, ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Сонымен бірге конференцияға «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері, оның ішінде археолог-ғалым Марат Тұяқбаев, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Археология бөлімінің басшысы Айсұлу Асқарқызы Ержігітова қатысып, өздерінің ғылыми зерттеулері мен кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Алқалы басқосуға «Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің» ұжымы, сондай-ақ «Шым қала», «Сайрам», «Хакім Абай» және «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейлерінің өкілдері де қатысып, ғылыми талқылаулардың мазмұнын тереңдетуге өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында археологиялық зерттеулердің заманауи тәсілдері мен технологиялары, ежелгі және ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен консервациялау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар музей экспозицияларын жетілдіру, археологиялық туризмді дамыту және жас ғалымдардың ғылыми жобаларына қатысты өзекті тақырыптар сөз болды.
Жоғары деңгейде өткен жиын соңында шетелдерден келген қатысушылар ауданымыздағы тарихи орындарды аралап, Отырардың бай тарихына ерекше қызығушылық танытты. Меймандар көне Отырардың тарихи орындарына экскурсия жасап, өңірдің терең шежіресімен жақын танысты. Өркениеттер тоғысқан киелі мекеннің жәдігерлеріне тәнті болған олар елді мекеннің тарихи-мәдени маңызын жоғары бағалап, болашақта бірлескен зерттеулер жүргізуге ниет білдірді.
Конференцияның тағылымды тұстарының бірі – отандық және шетелдік мамандар арасында тәжірибе алмасып, археологиялық мұраны зерттеу мен сақтаудың жаңа бағыттарын айқындау болды. Мұндай ғылыми басқосулар көне мұраларды заманауи әдістермен зерделеуге, тарихи жәдігерлерді келер ұрпаққа аман жеткізуге және Отырардың әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени мұра ретіндегі маңызын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Шолпан ПОЛАТҚЫЗЫ.


