Otyrar Alqaby
Жаңалықтар

Құрылтай – халықтың сенім алаңы

Қазіргі қоғам бұрынғыдай тек мемлекеттік органдардың есептерін тыңдаумен шектелмейді. Азаматтар шешім қабылдау үдерісінің толыққанды қатысушысы болуды қалайды. Сондықтан жаңа Құрылтай халықтың үнін билікке жеткізетін тиімді қоғамдық институтқа айналуы тиіс. Құрылтайдың табысты жұмыс істеуі депутаттардың халықпен тұрақты байланыс орнатуына байланысты. Цифрлық платформалар, қоғамдық кеңестер, өңірлік кездесулер және тұрақты кері байланыс азаматтардың пікірін ескерудің маңызды құралдарына айналады. Құрылтай құрамындағы әйелдердің үлесінің артуы әлеуметтік саясаттың сапасын жақсартып, отбасы, ана мен бала мәселелерінің тиімді шешілуіне ықпал етеді. Жастардың белсенді қатысуы инновациялар мен цифрлық экономиканы дамытуға жаңа серпін береді. Ал кәсіби журналистер қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп, мемлекеттік саясаттың түсінікті әрі жария болуына өз үлесін қосады. Ұлттық Құрылтай мүшелерінің партиялық тізімге енуі олардың кәсіби тәжірибесіне берілген жоғары баға деуге болады. Дегенмен кез келген демократиялық қоғамда басты өлшем – кәсібилік, адалдық және халықтың сенімі болып қала береді.

Бекжан Бейсенбай,

Ауданның Құрметті азаматы.

Пікір жазу