Білім – болашаққа бастар сенімді жол
Білім – адам өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі. Ол адамның ой-өрісін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазіргі заманда білімді болу – тек мамандық игеру ғана емес, қоғамдағы орныңды табу, ел дамуына өз үлесіңді қосу деген сөз.
Мен Отырар ауданының тұрғыны, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті ретінде білім алудың маңызын терең түсінемін. Студенттік шақ – ізденіс пен дамудың, арман мен мақсатқа қарай қадам басатын ерекше кезеңі. Осы уақыт ішінде біз тек таңдаған мамандығымыздың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырып, жауапкершілік пен еңбекқорлықты үйренеміз.
Отырар – тарихы терең, рухани құндылықтарға бай қасиетті мекен. Туған жерімізден талай ғалымдар мен ойшылдар шыққан. Осындай киелі өңірдің перзенті болу бізге үлкен міндет жүктейді. Біз ата-бабамыздан қалған асыл мұраны қадірлеп, біліміміз бен еңбегіміз арқылы елге қызмет етуге ұмтылуымыз керек.
Бүгінгі таңда әлем жылдам өзгеруде. Жаңа технологиялар, ғылым мен білім саласындағы жетістіктер әрбір адамнан үнемі ізденісті талап етеді. Сондықтан біз, студенттер, алған білімімізбен шектелмей, өзімізді жан-жақты дамытуға, жаңа нәрселер үйренуге талпынуымыз қажет. Себебі болашақтағы жетістіктеріміз бүгінгі еңбегімізге байланысты.
Университет қабырғасында алған білім мен тәжірибе бізді үлкен өмірге дайындайды. Әрбір дәріс, әрбір ізденіс, әрбір жаңа бастама – біздің болашағымызға жасалған қадам. Білімге ұмтылған адам ғана өз мүмкіндігін толық пайдалана алады.
Менің ойымша, елдің дамуы әр адамның өзінен басталады. Біз өз ісімізге жауапкершілікпен қарап, білімді, еңбекқор және бәсекеге қабілетті болуға ұмтылсақ, еліміздің болашағы да жарқын болады.
Бүгінгі студент – ертеңгі маман, елдің тірегі. Сондықтан бізге берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сапалы білім алып, туған жеріміз бен еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек.
Аяулым НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студенті.
